ҰМЫТЫЛМАС ЕСІМДЕР

        Ауданымызда аудан экономикасын көтеруде елеулі еңбек еткен қарапайым еңбек адамдары көп болды. Малшылар сүмбелік Өміржанов Әлдибек, сарыбастаулық Ахтықалов Жетен, қайнарлық Социалистік Еңбек Ері комбайнер Диханбаев Қажымұқан, қызылшекаралық механизаторлар Бәшебаева Күлбара мен Алтынбекова Күлдария, сарыжаздық Бертаев Серік пен Толыбаев Жайлау тағы басқа озаттар аз болған жоқ. Солардың ішіне ауданда беделді, жақсы ісімен көзге түскен, бірнеше орден, медальдардың иегері, үлгілі әке текестік Ботанбеков Аманкелдіні қосуға болады. Әкесінен іштен шықпай жатып айырылып, әкенің жылы алақанын көрмей өскен Аманкелді еңбекке жастай араласқан. Анасы Мұқашқызы Толыш «әкең аман келсін»- деп ырымдап атын Аманкелді деп қойған. Алайда ананың үміті ақталмады. Әкесі Сембеков Ботанбек 1944 жылы Ұлы Отан соғысында жүріп, Латвияда қаза болды. Әкесінен қалған тұяқты қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. 1950 жылы 7 жасында Текес орта мектебіне оқуға барып, 1957 жылы техникалық училищеге түсіп, тракторис-машинист мамандығын алып шыққан. Небәрі 14 жасында анасына салмақ салмау ниетімен өзі туып-өскен Текес ауылындағы Карл Маркс атындағы колхозда механизатордың көмекшісі болып жұмысқа кірген. Бұл жылдарда ауданда механизаторлар тапшы кезі болатын. Аманкелді өзінің жастығына қарамай үлкен тәжірибелі механизаторлармен бірдей жұмыс істеп, ерен еңбегімен көзге түсті. Техниканың тілін жетік меңгерген Аманкелді сол жылдары автомашина мен комбайын жүргізу мамандығын да алған еді. 1966-67 жылдары совхозда комбайн жүргізіп, бір маусымда 397 гектар жердің егінін орып жоспарын 265 пайызға орындаған. Жыл сайын аудан комбайнерлерінің алдыңғы қатарында болды. Ауданда совхоздар құрылған кезде өзі істеген Карл Маркс колхозы картоп совхозы болып құрылған. Сол жылдары картоп өсірушілердің звено жетекшісі болып, еңбек еткен. 1981-85 жылдары картоп өсіретін звено жетекшісі болған Аманкелді 2300 центнердің орнына 4300 центнер, ал келер жылы 49250 центнер картоп өнімін алып облыс бойынша алдыңғы қатарда болды. Елдің алғысын алған Аманкелдіні жерлестері 1969, 1977, 1982 және 1985 жылдары Алматы облыстық советінің депутаттығына ұсынып, төрт мәрте облыстық советтің депутаты болып сайланған. Өзіне тапсырылған жұмысты адамгершілік арымен атқарып, ауыл арасында зор беделге ие болған Аманкелдінің еңбегі бағаланып, 1971 жылы Еңбек Қызыл Ту, 1973 жылы Ленин және 1976 жылы Октябрь революциясы ордендерімен және көптеген медальдармен сонымен қатар аудан мен облыстың Мақтау грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталған. Кеңес Одағы кезінде елде бір ғана коммунистік партия болатын. Оған озат колхозшылар мен жұ- мысшылар және өзі атқарған қызметімен көзге түскен комсомолдар жастар қабылданатын. Аманкелді 1970 жылы сол коммунистік партия қатарына қабылданған. Еңбек озаты Аманкелді аудандық партия комитетінің бірнеше мәрте пленум мүшесі болып, кезінде аудан жастарына үлгі болған. Ауданның жолдамасымен Мәскеу тағы басқа қалаларға барып қайтқан. Жолдасы Нұрғайша екеуі бірдей жұмыс істей жүріп жеті бала өсіріп тәрбиелеген. Бала тәрбиесіне жете мән беріп, балаларының жан-жақты болуына жете мән берген. Екі қыз бен бес баласы ата-анасының атына кір келтірмей оқуларын жақсы оқыған. Бәрі жоғарғы білім алып, ата-ананың сенімдерін ақтаған. Клара Алматы қаласындағы бір фирманың атқарушы директоры, Шымкенттегі ұлы Ануар Халық банкісінің филиалын басқарса, Дәурен ішкі істер бөлімінде майор шеніндегі полиция болып қызмет жасауда. Басқа балалары да елімізде түрлі салада қызмет жасауда. Кенжесі Тұран университетінің озат студенті. Ұлағатты ата-ананың тәрбиелеген ұл-қыздары осылай болатынын өмір көрсетіп отыр. Еңбекпен шыңдалып өскен Аманкелді денсаулығы сыр беріп 68 жасында, жолдасы Нұрғайша 49 жасында дүниеден өткен. Имандары жолдас, топырақтары торқа болсын! -дейміз. Өзі өлсе де артында істеген еңбектері жас ұрпаққа үлгі болып, жақсы істерімен ел аузында аты қалды. Замандастары Аманкелдінің жақсы жақтарын үнемі айтып жүреді. Аманкелді сияқты еңбек озаттарын кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, олардың еңбек тәжірибесін насихаттап отыру қазіргі рухани жаңғыру бағдарлмасына сай келеді. Өмірден өткен еңбек ардагерлері мен ауданға еңбектері сіңген адамдарға көше аттарын, балабақша мен мәдениет үйлерінің аттарын берсе және мектептерде сондай азаматтардың аттарынан сыныптар ашса халық разы болып, алғысын айтары сөзсіз.

Беркін ӘКЕБАЕВ,

Алматы қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password