ҰМЫТЫЛМАС ЕСІМДЕР

     Нарынқол өңірі – ерекше табиғатымен, таланты тұлғаларымен және малшаруашылығы  өнімдерін дамытумен сондай-ақ картоп өнімдерін өсірумен  танымал өлке. Хантәңірі асқақтап, саясында Көккемер мен Шәлкөдедей жайлауы бар, Райымбектей батыры мен ой биігінде Мұқағали Мақатаев пен Бердібек Соқпақбаевтай көрнекті азаматтарымен аты шыққан еңсесі биік өңір.  Шекара шебінде жатқан ауданымызды дүние жүзіне танытқан Ардақ пен Бейбіт, Социалистік Еңбек ерлері Диханбаев Қажымұқан, Нүсіпбек Әшімбаев, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің  екі мәрте депутаттары Оқан  Тастандиева  мен  Күлән Әбдібаевалар   және  Қазақстан Республикасының халық әртісі  Нүкетай Мышбаева және басқа өнерпаздар шыққан аудан. Сондай өнер адамдарының бірі Мәкен Әлиасқарұлы. Тағдырдың жазуымен зағип болып туған Мәкен   тоғыз жасынан  бастап домбыраны –жан серігі еткен. 1939 жылы Тегістік ауылында дүниеге келген. Бала кезінен радиодан берілген ән-күйлерді тыңдап, естіп-сезген  ырғақтарды көкейіне тоқып өскен. Сол жылдардағы ән айту шеберлері Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов пен Кенен Әзірбаев сынды өнер саңлақтарының жолын қуып, кейін  әнші-сазгер болды.  1959 жылы Алматыға келіп, республикалық соқырлар қоғамының 1-ші өндірістік кәсіпорында жұмыс істей жүріп, «Брайль» (Зағиптарға арналған шрифт. 1824 жылы француз тифлопедогогы Луй Брайль ойлап тапқан)  оқу әдісін үйренген. Сол жылы домбыра үйірмесінің жетекшілерін оқытатын қысқа мерзімді оқуға қабалданып, «Домбыра үйірмесінің жетекшісі» мамандығын алып шығады. Оқу бітірген соң  Сарыбасатау ауылына барып  мәдениет үйіне меңгеруші болып қызметке орналасады. Ауылдың  ескі клубындағы бұрыннан қалған ескі «Искра» баяны мен шаң-тозаң басқан тиектері жоқ сегіз домбыраның пернелерін қайта тағып ауыл жастарынан көркемөнерпаздар үйірмесін  құрған.   1961 жылы Қожан Матаев, Шарлиз Айтақынов, Қадр Талипов, Зоя Боранбаева тағы басқа қыз-жігіттердің күшімен жаңа жылға арнап концерт ұйымдастырған. Ауыл халқы концертке риза болып, рахметтерін айтып баталарын берген.  Музыкадан сауаты бар, домбырамен ән айтатын Мәкенді аудандағы жаңадан құрыла бастаған   театрдың  режиссеры Нұрқасов Мақай   музыкалық жетекшісі  қызметіне  қабылдаған. Мәкен театр әншілерінің дауыстарын қайта қойып, театрдың музыкалық көркемдік жағын қалпына келтірген. Өзінің музыкалық білімін жетілдіру мақсатында 1963- 1967 жылдары Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің халық аспаптар бөлімінде оркестр жеткешісі мамандығы бойынша оқыған. Оқу бітірген соң Жаңа Текесте ашылған кәсіптік-құрылыс училищесіне тәрбие жұмысы және музыка жетекшісі болып қызмет істеген. 1970 жылы  училищедегі атқарған жұмыстары үшін республика жастар одағының 30 жылдығына байланысты  «Еңбектегі ерлігі үшін медалімен марапатталған. 1971 жылы Алматыдағы соқырлар қоғамының 2-ші кәсіпорнында домбыра үйірмесін ашқызып, сонда жетекші болған. 1971-1975 жылдары Қазақ педогогикалық иниститутының тарих факультетін бітіріп, жоғарғы білім алып шыққан.

      Мәкеннің  ән айту қабілеті  де ерекше болатын. Ол орындаған «Қанатталды», «Жеңеше-ай», «Көк көбелек», «Жайқоңыр» тағы басқа жиырмадай әндері «Мелодия» грампластинка студиясында күйтабаққа жазылған. Қазақ радиосының  «Алтын қорына» жүзге жуық әндер жазған. Олардың ішінде халық әндері, халық композиторларының және кейінгі авторлардың әндері де бар. Мәкен ән айтумен қатар «Нарынқол жастарының жыры», «Аңыз ата»,  «Менің өлкем Жетісу»  және  «Кегендіктер әуені»  секілді көптеген әндердің музыкасын жазған композитор. Ол әндері ауыл сахналарда орындалып жүр.

         Мәкен Әлиасқарұлы көзі көрмесе де көңіл түйсігімен талпынып, газет журнал беттеріне өлең шумақтары, көптеген мақалалары мен ұсыныстары жарияланып тұрған.  Қазақстан Коммунистік Жастар одағының құрылғанына 50 жыл толуына байланысты жарияланған конкурсқа қатысып «Ауыл ағасы» атты очеркі үшін жүлделі орынға іліккен журналист.  Мәкеннің газетке жазған  «Ауыл балаларына музыкалық білім беруді қолға алайық»  атты мақаласы жарық көріп, нәтижесінде 1978 жылы аудан орталығынан музыкалық студия ашылған.Бұл бастамасы қолдау тауып кейін  Кеген мен Жалаңаш ауылдарында да музыка мектептері ашылған. Алматы қаласындағы №86 және 62 қазақ мектептерінің дүниеге келуіне, олардың жеке қазақ мектептері болып қалыптасуына да ат салысқан. Баспасөз беттеінде мақалалары шығып тұрған Мәкен Әлиасқарұлын  1990 жылы Республикалық журналистер одағының мүшелігіне қабылданған. Сондай-ақ бірнеше кітаптың да авторы.

       Өзімен тағдырлас сазгер Садық Кәрімбаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы «Әнші жүрек» атты кітабы 1989 жылы «Өнер» баспасынан, «Замана зардабы», «Сезім-тіршілік тынысым» атты кітаптары 1997 және 2004 жылдары Алматыда жарық көрген. Сонымен бірге Мәкен көптеген өлеңдер жазған ақындығы да бар. Солардың бірі анасына арнап жазған мына өлеңі:

Абзал ана-бейбіт өмір тірегі,

Бала десе шат шадымен жүрегі.

Өркендетіп ұлы Отан байлығын,

Күнге күйген аналардың білегі.

 Ана-әнші, ана-ұстаз, дәрігер,

 Мадақтаған қасиетін барлық ел.

 Анасының ақылына табынған,

 Айтатындай нелер ұлы кемеңгер.

 Ана-қуат, ана-медеу адамға,

 Өшпестей боп ұялаған санамда.

Аяулы ана, ұзақ жылдар жасай бер,

 Бақытты да, салтанатты заманда.

        Мәкен Әлиасқарұлы ауылдағы көптеген жастардың музыкалық сауатын ашып, көптеген шәкірттерге домбыра үйреткен ұстаз. Домбырашы Нұрқалиев Жазушы мен Қасымқұлов Беделдекке домбыра тартуды және әнші Нұрлыбек Арғыновқа ән айту шеберлігін үйреткен.  Халқына сіңірген еңбектері бағаланып   Мәкен Әлиасқарұлына  «Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген мәдени қызметкері»  атағы берілген. Сонымен қатар  Қазақстан зағиптар қоғамының Құрметті мүшесі  болған ауданымыздың азаматы. Мәкен Әлиасқаров сияқты артына із қалдырған, ауданымыздың мәдени саласына елеулі үлес қосқан азаматтарымызды құрметтеу қазіргі «Рухани бағдарлама» жобасының  аясына жатады.

                                  БЕРКІН ӘКЕБАЕВ,

Алматы қаласы. 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password