ӨМІРІН ӨНЕРІМЕН ӨРНЕКТЕГЕН

           Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі Ұстаз. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашан да қасиетті, қадірлі ұғым болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Осындай жанның бірі Текес ауылындағы балалар өнер мектебінің директоры, жоғары санатты, дәстүрлі ән класының мұғалімі ИМАНҒАЗИЕВА Клара Әубәкірқызы. Осы орайда, аталған ұстаздың шәкірт тәрбиелеу жолында 30 жылдан астам уақыт жинақтаған іс- тәжірибесін тіліме тиек еткім келеді.

       К.Әубәкірқызы 1992 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін табан аудармай Текес ауылындағы балалар өнер мектебінде қызмет атқарып келеді. 1992 жылы Текес балалар өнер мектебінен дәстүрлі ән класын ашқан болатын. Дәстүрлі әннің өсу бағытымен мақсатын міндеттерін айқындай білді. Ән классының шығармашылық даму жолында өзінің бар білімі мен бейімділігін ұштастырды. Қажырлы қайратының арқасында бүгінгі күнге дейін ауданның өнер саласының өркендеуіне зор үлесін қосып келеді. Жігерлі еңбегінің арқасында 2013 жылдан бастап Текес ауылындағы балалар өнер мектебінің директоры болып тағайындалды. Басшылық жасаған жылдар ішінде өзінің ақыл парасатымен, ұйымдастыру шеберлігінің арқасында ұжымды өз қанатының астына алып, кәсіби түрде жоғары деңгейде басқарып келеді десек артық айтқандық емес. Еңбек ете жүріп, аудан және ауыл өміріндегі барлық мәдени іс-шаралардың басы, қасынан табылады. Мәселен Б.Нүсіпбектің «Қарттарға арнау», «Майлықожаның термесі» атты әндер К. Әубәкірқызының орындауында Қазақ радиосының Алтын қорында сақталып, осы күнге дейін қазақ радиосынан орындалып келеді. Бұның өзі жігерлі еңбектің жемісі. Өз басым бұл кісімен 32 жылға жуық әріптес болып келе жатырмын. Осы жылдар ішінде Клара апайдан алған үлгі өнегелер мен іс-тәжірибелерді мақтанышпен айта аламын.

       Шәкірт тәрбиелеу жолында істеген ерен еңбегінің жемісі ретінде Халықаралық Қазақ Творчествалық Бірлестігі «Мәдениет Майталманы» төсбелгісімен, Халықаралық «Атадан Мұра» байқауының дипломы Атадан-мұра қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы білім беру саласында ерекше еңбегі мен шығармашылығы үшін «Үздік ұстаз» төсбелгісімен және құрмет грамотасымен, Алматы облысының білім басқармасының құрмет грамотасымен, Республикалық «Жас дарын» орталығының «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапатталды. Клара апай оқыту мен тәрбиелеу үрдісін озық педагогикалық технологияларды пайдалана отырып, шәкірттерге бәсекеге қабілетті білім мен тәрбие беріп, әлемдік өркениетте өз орнын таба білетін жанжақты дамыған, өнерлі жеке тұлғаны тәрбиелеуді басты мақсат ретінде ұстанады.

        Кез келген ұстаздың мақтанышы шәкірттерінің жетістігі екені белгілі. К. Иманғазиеваның оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқауларының жеңімпаздары. Бүгінгі күні есімдерін зор мақтанышпен айта алатын шәкірттері жетерлік. Алғашқы шәкірті Көшімбаева Арай Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің дәстүрлі ән классын әнші Қайрат Байбосыновтан бітірген. Оқуын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында жалғастырып, қазір Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы театрдың белді актері. Жұмабай Гүлден Жұмабайқызы 2002 жылы Текес өнер мектебінің дәстүрлі ән классын бітірген. Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің дәстүрлі ән класын оқып бітірген соң Аламатыдағы Құрманғазы атындағы консерваториясында жалғастырып, осы сала бойынша қытай халық республикасында магистратурасын бітіріп, бүгінде Астанадағы Президент оркестрінің әншісі болып еңбек етуде. Көптеген республикалық, халықаралық фестивальдарға қатысып жүлделі орындардан көрініп жүр. Алшынова Гүлім Сәкенқызы да осылай дәстүрлі ән класын бітіріп, Құрманғазы атындағы консерваториясының дайындық курсына түсіп, кейін оқу орында жүріп ақ алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапарларға шығып, Қазақстан өнер шеберлерімен бір сахнада ән салды. Қазір өнер академиясында, П.И.Чайковский атындағы өнер колледжінде ұстаздық қызметте. Дәстүрлі ән классының тағы бір талантты шәкірті Сәуле Жұмабайқызы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында Рамазан Стамғазиевтың класын тәмәмдаған. Бүгінде халықаралық, республикалық байқауларда жүлделі орындардан көрінуде. Жастығына қарамай мүйізі қарағайдай өнер саңлақтарымен қатар үлкен сахналарда жиі өнер көрсетіп жүр. Бүгінгі шәкірттерінің бірі Әшірбек Айгерім, Дәулетбек Думан, Алтай Ақнұр, Разхан Мағжан, Амантұр Салтанат, Азамат Иманәлілер халықаралық ән-би байқауында жүлделі орындардан көрініп жүр. Сондай-ақ, Сейтақын Шыңғыс, Базархан Еламан, Асан Елдос атты шәкірттері өнер бағытында студент атанып, дәстүрлі ән мамандығын жалғастыруда. Ұстаздық ете жүріп шәкірттерді халықаралық деңгейге көтеріп, дарынды балаларды ән өнеріне баулумен қатар оларды өнер жолына бағыттап, өнер қууға жол салуда. Тәрбиелеген шәкірттерінің биік деңгейге жеткені ұстаздың ерен еңбегінің нақты көрінісі емес пе?! Алғаш домбырамен ән салудың, қыр сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Тәңіріміз ұстазы мен шәкіртінің ғұмырын егіз етіп жаратады деген осы болар.

       Әр халықта өзіне тән ұлттық ерекшелігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпынан көрініс табады. Ендеше, қазақ ұлтының мол мұрасы мен заманауи музыкасын астастыра әлемдік деңгейге көтеруде шалғайда жатқан өнер ордасы да үлес қосуды басты мақсат тұтады. Білім кеңістігінің кеңейіп, шетелге шығып, әлемдік музыка құндылықтарын танып-түсіну бүгінгі өзгермелі өмірде қол жетімді бола түсуде. Бұл дегеніміз бала танымының кеңге құлаш жаюына жол ашады. Қазақ өнерін әлем төріне шығаруға ден қойып осы бағытта жұмыс істеуді әр ұстаз өзіне міндет етіп қоюы уақыт талабы.

       Бүгінгі әңгімемнің тақырыбына айналған ұстаздың жақсы қасиеттерін тізе берсем таусылмайды. Дегенмен, бір мәрте өткен күнге оралсам деймін. Әңгімемнің өзегі болған К. Иманғазиева осыдан 18 жыл бұрын өмірлік серігі, жан-жарынан айырылғаны есімде. Сонда да қарсы келген қиындықтарға қажырлы-қайратының арқасында еш мойымады. Қазір Махамбет ағаның орнын жоқтатпай ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған аяулы ана. Ең бастысы барға шүкір, жоққа сабыр етіп осы күнге жетті. Міне, осындай жетістіктерге жетіп, өзінің мықтылығын сан мәрте дәлелдей білген ұстазбен бірге қызмет істеу үлкен мақтаныш. Сөз соңында әңгіменің арқауы болған ұлағатты ұстазға әлемдік музыка додасына көтерілуде дайындықтар мен ізденістер, күш-жігер мен пайым-парасат, асқан білім өшпес өнер тілеймін!

Гүлшат Бабашева,

Текес балалар өнер мектебінің ұстазы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password