ӨМІР ПАРАҚТАРЫ

        Өмірге өлең үшін келіп, Өлеңнің тұлпарын баптаған тұста-45 жасында ғұмыры таусылған Мұқағали ақынның соңында қалған мол мұрасын қазір халқы төбесіне көтеріп, ерекше құрметпен аса жоғары бағалауда. Соның айқын дәлелі — оның 70 жылдық мерейтойы болатын жылға орай, тірлігінде еленбеген еңбегінің бағаланып, Мемлекеттік сыйлыққа ие болуы еді. Көзі қарақты барша оқырмандарының да, бүгінгі жас ұрпақтың да Мұқағали жырына, жырға оралған сырына, сыр көмкерген мұңына әбден қанық болғаны  шындық.

        Енді  тарлан ақынның пышақтың қырындай ғана «Күнделік» кітабына сәл назар аударайықшы. Бұл кітап «Жалын» баспасынан ақынның алпыс жылдығына орай, 1991 жылы шыққан  болатын.

        Осы кішкентай ғана күнделіктің әр бетін аударған сайын мен ақын өмірінің парақтарын көргендей болдым. Өмірдегі жалғандық… қулардың зымиян әрекеті… жаралы жүректің араша іздеген сәттегі қиналысы… адамның өзіне-өзі баға бере отырып, өз кемшілігін мойындауы… арқадан қағып жүріп, аңдаусызда орға итере салатын опасыздар қылығы!?…

        Бар-жоғы қырық жеті беттен тұратын бұл күнделіктің жазылу тәсілі де, айтары да біз бұған дейін оқыған қалың-қалың күнделіктерден мүлде өзгеше.Берер тәлімі, қоғам мен уақыт, адам мен заманға қатысты ойлары, өзінің  өкініші, толғаныстары қысқа да нұсқа баяндалып, жүегіңе жетеді. Оқисың да ойланасың!?..

        Әрине, мен бұл жерде бұдан басқаның бәрі күнделікке тән қасиетті атқара алмаған дейін деп тұрған жоқпын. Айтпағым; шынайы талант нені жазса да, қай жанрда қалам тартса да өз ерекшелігін танытатынына тәнтімін. Нанбасаңыз бар-жоғы үш-төрт сөйлемнен тұратын күнделіктегі мына жолдарға назар аударыңыз:

        «…Қаласа да, қаламаса да жұрт мені ақын ретінде түсінеді; ал адам ретінде кім түсіне қояр дейсің. Тіпті ең жақындарым да. Түсінсеңдерші, мен туғаннан адаммын, адам қалпымда қалам; ал мен кейін ақын болдым, ұқсаңдаршы…» Мұқағали бұл естелікті 1974 жылдың 10 маусымында жазыпты. Байқамайсыз ба, ел алдындағы ақындық парызды мойындау, адами мінезбен тіл қату бар.

        Басында айтқанымыздай, заман мен қоғамның ызғарлы желі Мұқағалиды да орамай өткен жоқ. Сүрінген кездері де, түңілген тұстары да болды. Бәлкім, өзінің асау өзендей өршіл мінезінен де болған шығар…Тіршілігінде кімнің қадірін кім білген!?…Осыны аңғарған сезімтал ақын сол 1974 жылдың 1-маусымында былай деп жазыпты:

        «…Адамдарды енді түсіне бастағандаймын. Менің ішімде әлдене өлді. Адамдарға деген сенімімді жоғалта бастадым. Сондықтан қолында билігі барларға титтей де ықыласым жоқ! Араларында бір-біріне деген сатусыз, екі жаққа бірдей таза сенімі, саналы, кісілікті сыйласымы болғандықтан да адамдардың малдан айырмасы бар. Біз онсыз бір-бірімізден айырыламыз, өзімізді де, өзгені де біржола құртамыз».  Мұны неге айтты екен?… Заман айтқызды ма? Сол тұстағы қоғамға назаланды ма? Әлде мәнсап үшінжанын берген жандайшапқа күйінді ме? Ақын сол күні өз жүрегіне қадалған жебедей сүйкімсіз әсерді қағазға түсірген ғой.

        Өз басым Мұқағали тірлігінде үнемі қуғын-сүргін көрді дегенге толық келісе алмаймын. Ал оның қысқа ғұмырында барлығымен бал жаламағаны және шындық. Өз талантына, өршіл өлеңіне сенген ақынның өр мінезі талайлардың жүйкесін тоздырғанын көрген сәттерім де бар. Сондықтан да оған бетпе-бет келе алмайтын дұшпандары арқасынан қағып жүріп, талай мәрте алдынан ор қазғаны жайлы жанашыр жақындары енді-енді айтып жүр. 1974 жылдың 2 мамыры күні жазылғын мына күнделік осының айқын дәлеліндей:

        «…Білгендерін істеп бағуда. Не жаза бар, бәрін қолдануда. Милицияға да бірнеше рет тапсырды. Енді қаматпақ ойлары. Көлеңкемнен қорқатын халге жеткізді. Милиция қашан келіп, қашан алып кетер екен деген қауіптемін, әнеу күні милицияда асылып өлмек те болдым, балаларымды қимадым. Мойныма тұзақ салып сәл тұрдым да, ойландым… бұл халге де жеткізді. Соншама не істеп қойдым бұларға?! Себепсіз адам өлмейді… О, не деген қиын уақытта өмірге келгенбіз, бауырым…»

        Иә, күштінің езетіні, қудың алдайтыны ықылым заманнан бері келе жатыр. Бұл-жалған емес, шындық. Осыдан жиырма жеті жыл бұрын Мұқағалидың қолынан қағазға түскен осындай қиянатты мен Елбасымыз:- құқық қорғау ісін дұрыстап жолға қою керек, иығында шені барлар қарапайым халықты жылатпасын,-деп мәселе қозғап жатқан тұста көрдім. Жиырма жеті жастағы баламды өлтірген екі қанішердің біреуінің туған ағасы полиция майоры болып шықты. Қылмысты тексерген әріптестерінің бәрі соның сөзін сөйлеп, баламды өлтірген жігіттің жанында болған інісін жазадан құтқарып, сот процесіне «куә» ретінде ғана кіргізді. Облыс прокурорына да, облыстық ішкі істер басқармасына да, аудан прокурорына да, істі тергеген тергеушіге  де майордың інісінің кісі өліміне тікелей қатысы барын дәлелдейтін деректерді көрсетіп, әлгінің інісін қамау туралы бірнеше талап-арыздар жаздым. Түк те шыққан жоқ. Бір айтса әділдігін сот айтар деп ойлағам. Ол да болмады. Көрдіңіз бе, Мұқағалидың басынан өткен әділетсіздік менің басыма  да келген.!?… Ертең басқа  біреудің басына келмесіне кім кепіл?!… Әлгі майордың төңірегіндегі шен таққандар кезінде мені де қорқытқан.Ондайлар  қазір де бар. Мәнсап дәрежесін пайдаланып, қылмысты ашу орнына оны жауып жүргендерді тәубесіне келтіретін күш біздің қоғамда бар ма, жоқ па?!… Кезінде Мұқағалидың да өзегін өртеген осындай әділетсіздік шығар…

        Тағы да күнделік беттеріне назар салайық. 25 мамыр 1974 жыл:

«… Келесі жылдың осы күні қандай күйде болатыным маған мүлдем белгісіз. Жалпы, менің бүкіл саналы өмірім осы күдікті шыр айналумен келеді. Мен тіпті дәл ертең не болатынын да білмеймін. Әрдайым белгісіз бір күйде қалам…»

        Көрдіңіз бе көлеңке мен шуақты, шындық пен жалғандықты өзгелерден гөрі анық біліп, жете танитын ақынның шын жүрек сыры бұл. Өмірінің жаңа парақтары ашылып, ескі парақтары жабылған сайын өмірге іңкәр бейбақ жүрек бебеу қаққандай ма, қалай?… Ақын күнделігіндегі санаулы ғана жолдардан нені аңғардыңыз, қадірменді оқырман!?.

        Біздің пайымдауымызша, жетпісінші жылдардың  басынан басталған ақын тағдырындағы қиын түйіндер ол өмірден озған 1976 жылдың 27 наурызына дейін шешілмей-ақ қойған секілді. Сондай қиналыс, күйзеліс сәттерде Мұқағали санаулы сөйлемдермен ғана күнделік жолдарын түсіріп жүргенін ол кезде ешкім аңғара қоймағандай.  1973 жылдың 22 ақпанында былай депті:

        «…Ей, қалам ұстаған, қаламдастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер.»

        Міне, ақын күнделігінде тек мұңайту, күйзелу ғана емес өз замандастарына қайрат беріп, рухтандыратын жолдар да бар. Әйтеуір күнделік екен деп, барғанын, көргенін, алғанын, бергенін ғана тәпіштемей, азаматтық үн қату бар мұнда.

        Мұқағали күнделігінде ақын жауапкершілігі жайлы, поэзия туралы қысқа да нұсқа тұжырымды ойлар аз емес. Назар аударыңыз:

  «… Ақын жүрегінің жауы да, жанашыры да – өзі.

        «… Ақынның өмірді зерттегені – алдымен өзін зерттегені. Ақын құдіреті – өмірден өзін, өзінен өмір жасай білуінде». Бұл жолдары 1972 жылдың 17 сәуірінде жазған екен.

        Өзінің туған жері – қасиетті Қарасазды, әйгілі Шалкөдені, қасиетті Хантәңірін жауһар жырының жалауы еткен ақын күнделігінде туған жерге деген сағынышты сәттері жарқ ете қалатын тұстары да аз емес. 1972 жылдың 2 сәуіріндегі күнделік беттерінде былай депті:

        «… Бүгін (дәл қазір, 2 сәуір, түнгі он екілерде тырналар ұшып өтті. Столға отырғаным да сол еді, тырнаның даусын естідім. Біздің жаққа қарай ұшып кетті. «Ақ тырналар аспанға сына қағып…» ұшып кетті…

… Пушкин мен Абайға айналып соға берем, соға берем. Апырмай, Пушкин-ай соншаның бәрін қашан жазып үлгерді екен».

        Ақынның сезімтал  жүрегі жарым түнде де бәрін көреді, бәрін сезеді. Соны ақ қағазға түсіргені ғой. Өмірдің әр сәті, әрине, әйтеуір бір әсері бөлек тұстағы сезім отының жүректен сүзіліп шыққан тамшылары  ғой  бұл. Бәлкім келісерсіз, не келіспессіз, менімше Мұқағали ұзақ дастан жазса да, қара сөзбен жырласа да, біз әңгімеге арқау етіп отырған өмір парағы – күнделік түзсе де  оқиғаны анық айтады. Ашық бояумен көрсетеді. Сырлы сөзбен жеткізеді. Жалғандығы жоқ, боямасыз қалпында жүрегіңе жеткізеді. Бұл күнделік те сондай. Басында айтқанымыздай, өмірдің әр қыры, заман мен қоғамның, оның шылауындағы кейде адал, кейде арам пенде – адамның басында болатын жәйттер ақынның басында да болатыны жалған емес. Күнделігінің әр тұсында Мұқағали соны айтады. Тағы да сәл назар  аударыңыз:

        1973 жылдың 20 наурызы:

«… Құрбы-құрдас, замандастар мен туралы көп-көп қауесет таратады. Біріне-бірі айтады, «өзімсініп» өзіме де айтып қалады. Көбісін бояп, бірінен-бірін жаңартып айтады. Ал мен олардың қай қырымнан қасығысы келіп тұрғанын түсінбейді ғой дейсің бе?.. Түсінемін. Бекер обалдары не керек, бәрінің сыйлайтынын да білем. Білем де қоям, қарсы болмаймын, айта берсін. Арамдық ойласа, өздерінің басынан артылмасын. Тек менің жұртқа зиянсыз екендігімді түсіне ме, жоқ па?!

        Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екінші – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар»…

        Шап-шағын күнделікте адам мен заман, уақыт пен қоғам туралы, сол замандағы кейбір құйтырқы иірімдердің қыры мен сыры әрі қысқа әрі нұсқа қамтылғандай. Адалдық жайлы, өлең туралы, туған жер мен ұрпақ үрдісі хақында да аз сөзбен кесек ойлар айтылған:

«… Сүйікті балаларым менің! Ақылсыз болмаңдар!

        Өмір тола қауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар. Өмір барда жауыздық та бар. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды… Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашан да адам қалыптарыңда қалыңдар! Әрдайым сақ болып, әрдайым өздеріңді қорғай біліңдер!

        Балаларым менің! Балаларым менің! Егер сендер түсінсеңдер ғой мені…

        Жағымпаз жанның жалған қылығынан, тіреуі күшті келесау мансапқордың мазағынан, сатқынның опасыздығынан жерінген ақын жүрегі айналып келіп аманат ұрпағына қалдырып тұрған жоқ па. Шағын күнделіктің қадір-қасиетін бұдан әрі тәпіштеп айта беру артық болар. Ескертетін ерекше бір жай: мұнда да Мұқағалидың ерекше қолтаңбасы, тағзым етерлік дара таланты, ақынға тән дархан дауысы анық көрініп тұр. Бұл күнделік ақын Мұқағали Мақатаевтың өмір парағының кейбір тұстарындағы төгілген маржан сырлары десек, артық бола қоймас.

Айтақын  ӘБДІҚАЛ,

   Қазақстан  Жазушылар одағының  мүшесі, ақын,

Мұқағали Мақатаев атындағы  сыйлықтың лауреаты,

Мұқағалитанушы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password