МЕРЕКЕДЕ ӨМІРГЕ КЕЛГЕН…

        Әйел адамның қоғамда атқарар бірнеше міндеті болса, оның ішіндегі ең бастысы-дүниеге перзент әкелу. Өмірге сәби әкелудің, оны тәрбиелеудің өзіндік қиындықтары мен маңызын ескерер болсақ, анаға деген құрметіміз тіптен арта түспек. Осындай үлкен құрметке ие аналарымыздың бірі — Айтқұлова Тұрахан Жанасілқызы. Тұрахан Жанасілқызы 1954 жылы ҚХР-да дүниеге келген. 1962 жылы 8 жасында ата-анасымен туған ел топырағына қайта оралып, Нарынқол ауылына қоныс аударған. Осылайша, туған өлке аясында 1976 жылы Қостөбе ауылында совхозда түрлі сипаттағы жұмыстар жасаған. Жұмыс пен отбасын қатар алып жүрген ардақты ана ұрпақ тәрбиесін басты қажеттілік тұрғысынан алшақтата қараған емес. Маңдай терін шүмектеп төгіп жүріп істеген еңбегі ақталып, қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр. 5 қыз, 2 ұл дүниеге әкеліп, қыздарын қылықты етіп, ұлдарын нағыз ер азамат етіп тәрбиелеген отанасына құрмет шексіз. Бүгінгі таңда жел тигізбей баққан жеті баласынан жиырмадан аса немере, төрт шөбере сүйіп отыр. Алтын құрсақты анаға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген жеті және одан да көп бала туған және тәрбиелеп өсірген аналарға берілетін «Алтын алқа» табысталған болатын. Тұрахан Жанасілқызы ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершіліктің мәнін терең ұғынады. Көпбалалы анаға аудан көлемінен сый-сияпаттар көрсетіліп тұрады.

        Қазіргі таңда Қостөбе ауылының тұрғыны болып отырған анамыз мереке қарсаңында, яғни дәл 8 наурыз күні асқаралы 68 жасқа толып отыр. Жер беті ақ көрпесінен арылып, бар тіршілік оянып, күннің көзі жарқыраған керемет кезбен бірге келіп жеткен туған күніңізбен құттықтаймыз! Болашақ аналар мен қыз-келіншектер Сізді үлгі тұтары анық. Осы абырой беделіңіз аласармай, аман-есен мерекеден мерекеге жете беріңіз! Өсірген ұл-қыздарыңыз еңбектеріңізді ақтап, асыл жарыңыз екеуіңіз қызықтарын тең көріңіздер!

А. БИЖАН,

Қостөбе ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password