МЕРЕКЕ МЕРЕЙЛІ  БОЛСЫН!

       Міне, кәрі құда қысты да аттандырып салдық. Қаһарынан қаймықпай, қатал сынына жақсы ниет, ыстық ықылас, ерен еңбегімізбен жауап бердік. Бас аман, бауыр бүтін. Асқақ армандар да орындалып, өз жүйесін тауып отыр. Бастан өткен қиындықтан кейін қалайда бір жақсылықтың, көзайым қуаныштың келетіні ақиқат. Қазір де мен өз басым сондай жан жадыраған қуанышты сәтке куә болып, ақ түйенің қарны жарылғандай күй кешіп отырғанымды жасырмаймын. Лайым, Жаратқан Ие, жақсылығынан айырмасын.

       Көгілдір көктеммен жарыса келген асыл аналардың мерекесі 8-наурыз ықылым кезеңдерден өзінің ерекше қасиетін сездірумен келе жатқаны ақиқат. Осы бір жылына айналып келетін қуанышты халқымыз зор қуанышпен қарсы алып, лайықты атап өтеді. Өйткені, аналар мерекесі – көктем мерекесі. Бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербеткен асыл жандар осы бір қастерлі күнге қай жағынан алып қа- расаңыз да лайық. Отбасының берекесі де, жарық күннің шат-шадыман мерекесі де аяу- лы аналар арқылы өзінің қадір-қасиетін ай- қындай алмақ. Тыныштық та, бейбітшілік те, татулық пен бірлік те аналардың ақ жүрек, ізгі ниеттері, аялы алақандары, ақ дидар- лары арқылы орнын табады. Сәбидің уыз күлкісі, балдырғанның балдай тәтті қылығы, қасиетті ана тіліміз, бойымыздағы адам и құндылықтар ананың ақ сүтімен дарығанын әрдайым мақтаныш етеміз. Аналар болмаса жарық дүниенің қадірі де болмайтынын барша жар иесі сезінеді. Тіпті, Жәннаттың өзі де ананың табанының астында деген сөздің де өтірігі жоқ екені анық.

        Бүгін – осынау жарық дүниенің сәні мен салтанаты саналатын аяулы да асыл аналарымыздың төл мерекесі. Осынау мереке күні өзімнің еңбектес әріптестерім – ұстаз аналарды да құттықтаймын. Көгілдір көктеммен көмкерілген қуаныш құтты болсын! Мерейлеріңіз тасып, көңілдеріңіз көк төрінен орын алсын. Қазіргі таңда өзіндік қиындығын тудырып, алаңдатып отырған аты жаман аурудың беті тез қайтып, бүкіл ел-жұрт мамыражай тірлік кеше берсін! Мереке құтты болсын, асыл жандар!

Айша ӘДІЛБЕКОВА,

зейнеткер ұстаз,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password