МЕНІҢ ҚОС БӘЙТЕРЕГІМ!

        Біздің әулет үшін Ұлы Жеңіс күні айрықша қымбат, әрі қасиетті мереке. Бұл қан құйлы соғыста, фашистік Германиямен адамзаттың жеңіске жеткенін атап өтетін күн ғана емес, жан алысып жан беріскен сол соғыста Жеңісті жақындатуда асқан ерлік көрсетіп, қан майданнан оралмай жат жердің топырағын жастанған боздақтарымызды сағынышпен еске алатын күн.

       Әкеміз Иемберді Сүлейменұлы ел шетіне жау тигенде өз замандастарымен бірге қан майданда болды. Жау барлық күшін шоғырландырған Сталинград үшін кескілескен қан майданның қиян-кескі ұрыстарына қатысып, ауыр жараланады. Тоғыз ай Саратов қаласындағы әскери госпитальда емделгеннен кейін, жарақатына байланысты 1 топтағы мүгедек ретінде елге қайтарылады. Анамыз Зейнемхан Байғазықызын тұтқиылдан басталған соғыс ерте есейтті. Үлкендермен бірге ерте тұрып, кеш жатып қаршадайынан тыл еңбегіне араласты. Ер азаматтар майдан даласында жеңісті жақындатуға өмір мен өлімнің ортасында жүрсе, тылдағы майдангерлер соларды азық түлікпен, жылы киіммен, қамтамасыз етуге бар жандарын салды.

       Отанға, жерге деген махаббат, жауға деген ыза кек, бәрін жеңіс күніне жетеледі. Жер жаһанға өлім қаһарын шашқан, жау өз ордасында енді қайтып бас көтере алмастай, күл талқан болып жеңіліс табуына, әкеміз майдан даласында толарсақтан саз кешіп, кеудесін оққа төсесе, анамыз тылда барлық қажыр-қайратын жұмсап, еңбек еткенін әр кез мақтан тұтамыз. Әкеміз елге жаралы боп оралғаннан кейін 25 жыл қазіргі Райымбек ауданындағы өзі туып өскен ауылы Көміршіде байланыс саласында еңбек етті. Оның 13 жылын аудандық байланыс бөлімшесіне басшылық қызметіне арнады. Анамыз Зейнемхан да байланыс қызметінде ұзақ жылдар жұмыс істеп, ел алғысын арқалаған жандардың бірі болды. Әке шешеміз тоғыз бала асырап, бақытты да, баянды өмір сүрді. Ұл қызының кіндігінен өрбіген 21 немере 51 шөбере 8 шөпшек, әкеміз бен анамыздың тамырын тереңге жіберген, алып бәйтерек екендігін, әулеттің ынтымық бірлігімен дәлелдеп отыр. Ол кісіден тәлім тәрбие алған немерелері бүгінде еліміздің әр саласында Қазахстан ұлт қауіпсіздік органы, ҚазГудың оқытушысы, Қазақстан темір жолы, Самұрық Қазына сияқты белгілі мекемелерде беделді де, абыройлы қызметтерін атқарып жүр.

         Аяулы әкеміз бір атадан жалғыз еді. Сондықтан Алла тағаладан әрдайым «Ұрапағымды көп ете гөр»- деп тілек тілеген көрінеді. Жаратқан ием тілегін қабыл етіп, енді бізде бір қауым елге айналдық. Әкеміздің туған жеріне,ел-жұртына, тау- тасына деген үлкен сағыныштан жазған естелік төрт шумақтарыда бар және де Заманбек Нұрқаділұлына деп жазып, көзінің тірісінде апарып берген өлеңі де бар.

 СҮЛЕЙМЕНОВА Ғайнижан Иембердіқызы,

Қапшағай қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password