МЕНІҢ ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТКЕН АДАМ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

      Бұл 1963 жылдың күз айы еді. Отан алдындағы үш жылдық әскери борышымды Совет Армиясы қатарында қазіргі Петроград бұрынғы Ленинград қаласында өтеп келген кезім еді. Келсем анам Үміт жаман аурумен ауырып төсек тартып жатыр екен. Балам мен жаман ауруға шалдықтым. Қанша уақыт жатарымды бір Алла біледі, сен үйлен. Соғыста өлген әкеңнің шаңырағына мен тірі тұрғанда келін түсір, көріп кетейін,-деді. Менің сүйген қызым бар еді. Ол қазіргі жан-жарым Шариза Мәдәлімқызы Есжанова еді (үйленгенімізге 56 жыл болды).

     Шешемнің арманын орындау үшін 1964 жылы қаңтар айында Шаризамен отау құрдым. Шешем болса ауру, шешемнен басқа жұмыс істеп семьяны асырайтын адам жоқ. Сол кездегі Ленин атындағы колхоздың бастығы Нүсіпбек Әшімбаев еді. Сол кісінің басқаруымен колхоздың экономикасы артып Нарынқол ауданындағы ең жақсы іргелі шаруашылық болып қалыптасып келе жатқан кезі. Жұмыс іздеп сол кісінің кабинетіне имене басып кірдім. Ол кісі адамның жанын түсінетін психолог, қағылез адам екенін түсіндім. «Кел, Қанат кел»-деп түрегеліп саламымды алды. Неге келдің, жайыңды айт?-деді. Ол кісі бүкіл Сарыбастау адамдарының жайын жатқа білетін адам ғой. Мен жұмыс істейін деп жұмыс сұрап келгенімді айттым. — Қанат, сен ауылда шоферлер дайындайтын курс ашылды, мұғалімін Алматыдан әкелді. Төрт ай оқытып мамандық береді, соны оқып бітіріп ал. Шофер болып жұмыс істейсің. Колхоз атынан оқисың. Айына 100 сом степендия төлейміз деді. Ол кездегі 100 сом бір семьяны еркін асырауға жетеді. Кабинетінен риза көңілмен шықтым. Үйге келіп шешеме, Шаризаға айтып едім олар да қуанып кетті. — Ол да бір жақсы мамандық оқып ал,- деді. Сөйтіп, төрт ай шоферлік курсты жақсы оқып бітіріп права алдым. Нүсікеңе тағы да жұмыс сұрап келіп едім, сол кездегі автомеханик Елеусізді шақырып алып: мына Қанатқа бір машина бер, шофер болып семьясын асырасын, шешесі болса осы колхозда аянбай еңбек етіп, бүкіл ғұмырын еңбекпен өткізді. Озат колхозшы еді, қазір ауру екен деді. Мені Елеусізге табыстады. Елеусіз гаражға ертіп келіп Текестен қою (автол) май тасыйтын 93-20 АТП деген газ51 автомашинасын берді. Шофер болып шыға келдім. Қуанышымда шек жоқ. Ішімнен Нүсікеңе бар алғысымды айтып ризалығымды білдіріп қоямын. Шофер болып жұмыс істеп 4 ай Текестен қою май тасыймын. Бір күні механик Елеусіз сені бастық конторға шақырып жатыр деді. Неге шақырды екен, нені бүлдіріп қойдым екем-деп қалың ойдың жетегінде контордағы кабинетіне тағы бардым. Бұрынғы әдетінше кел, Қанат деп маған байланысты жұмысын айтты. Қанат бір мамандық алып шофер болып жұмыс істеп жүрсің. Енді сені бухгалтерлік мамандыққа баулыйық. Бухгалтерияда счет-расчетқа (колхозшылардың еңбек ақысын түсіретін) бухгалтер жетіспей жатыр, сен сол жерге бухгалтер боласың. Бас бухгалтер Сыдық Омаров тапсырма береді. Білмегеніңді сол үйретеді, барып жолығып айтқан тапсырмасын орындайсың-деп шығарып жібереді. Бухгалтерлік білімім жоқ екенін айтайын деп едім, оны да айтқызбады. Сыдық оқытады, үйретеді деді. Сыдыққа барып айтып едім, ол кісі екеуміз келісіп сені лайық көрдік. Сен жассың, тез үйреніп жұмыс істеп кетесің деп счет-расчетта істейтін Ермекбай, Жұмақадыр, Әкімбектердің қасына қосып берді. Содан солардан үйрене істей жүріп қазақша айтқанда дыңдай бухгалтер болып шыға келдім. Өзімнің қағылездігімнен жатпай -тұрмай шот қағуды үйрендім. Бухгалтер болып жұмыс істеп жүргенде 1965 жылы кабинетіне мені тағы да шақырып алып — Қанат сен Жамбыл қаласындағы Гидромелоративный институтқа оқуға бір адамға шақырту қағаз келді, сен соған барып оқып кел. Стипендияңды колхоз төлейді,- деді. Мен шешемнің ауырып өлім халінде жатқандығын айттым. Қап әттеген-ай, сен жоғары білімді маман болсын деп едім деп қынжылыс білдірді. Қандай қамқоршы адам едіңіз Нүсіке?!.. әкесі Ұлы Отан соғысында өлген, жалғыз шешесі колхоздың қара жұмысын істеп жүріп жетімдерді қайтсем де асыраймын, адам етемін, ел қатарына қалай қосамын деп жүріп ауру тауып өлім халінде жатыр. Баласы оқып адам болсын, дегені ғой Нүсікеңнің!

       Алтын анам 1965 жылы 59 жасында 8 март күні келмес сапарға кетті…1966 жылы балалық кезде армандаған арманым журналист болғым келіп КазГУ-ге оқуға кеткім келді де Нүсікеңе тағы да кіріп оқуға баратын ойымды айттым. Жұмыстан босатуды сұрадым. Ол кісі сенің оқимын дегеніңе қарсылығым жоқ, бара ғой деп жылы жүзімен ұлықсат берді. Алматыға келіп КазГУ-дің журналистика бөліміне оқуға емтихан тапсырдым. Менімен бірге емтихан тапсыруға жазушы , драмматург Баққожа Мұқай да бар еді. Конкурс жоғары. Бір орынға 5 адамнан келеді. Бәрін тапсырып конкурстан өтпей қалдым. Баққожа түсіп кетті. Атамекен ауылға қайта келдім. Енді жұмыс істеуім керек!… жұмыс сұрауға Нүсікеңе кіруім керек. Салым суға кетіп сүмірейіп кабинетіне кірдім. Бұрынғы әдетімен кел, Қанат не болды, оқуға түстің бе?- деді Аға (ол кісіні аға деуші едім) оқуға түсе алмай қалдым деп мұңайып едім, ешнәрсе етпейді, енді саған бухгалтерияда орын жоқ. Орныңа адам алып қойдық. Шөп шабуға барып ат машина айдап қара жұмыс істе, сонда өмір сүрудің не екенін үйренесің деп шөп шабыс науқанына жіберді. Ат машинаға парлап үш ат жегіледі. Соны меңгеріп жұмыс істеуің керек. Ат машина айдайтын жігіттер денелі еңгезердей жігіттер. Мен болсам қаршығадай ғана жігітпін. Намыстанып тез үйреніп айдап кеттім. Бір ай өткеннен кейін тағы да сені Әшімбаев шақырып жатыр деп атқарушы Болат Құрықбаев келді. Кабинетіне кіріп едім. Қанат мектептің бухгалтері жұмыстан босапты, мен мектеп директоры Төленбайға Қанат істесін деп айттым, мектепке барып бухгалтер бол деді. Мен директорға барып колхозда бухгалтер болып жұмыс істегенімді, істей алатынымды айттым. Сөйтіп, мектепке бухгалтер болып жұмысқа орналастым. 1967 жылы мектепке Қаскелең қаласында жаңадан физкультура пәнінің мұғалімдерін даярлайтын училище ашылыпты. Соған оқитын оқушылар керек деген шақыру қағаз келіпті. Соған баруға лайық адам таппай тұр екен. Директор Төленбайға мен барайын дедім. Себебі, мен армияда жүргенде спорт ротасына түсіп спортпен жақсы айналысып жүгіруден, еркін күрестен, штанга көтеруден, шаңғымен жүгіруден разряд алдым. Әскери бөлімде, округте жарыстарға қатынасып жүлделі орындарға да ие болғам. Мектеп директоры менің оқуыма қарсы болмай жолдамамен оқуға жіберді. Емтихан тапсырып оқуға түсіп кеттім. 1969 жылы бітіріп келіп өзіміздің Ленин атындағы орта мектепке дене тәрбиесінің мұғалімі болып орналастым. Оқушыларды жеңіл атлетика, шаңғымен жүгіру, қазақша күреспен спорт кружоктарын ашып баулып терімді төктім. Қазақша күрестен жаттығатын арнайы күрес кілемі жоқ болғандықтан интернат меңгерушісі Мақайдан 10 матрац сұрап алып соған жаттықтырдым. Оқушылармен бірге ауыл азаматтарын да жаттықтырдым. Матрацта жаттығу қиын болды, тарлық етті. Күрес кілемін алу үшін ақша сұрап Нүсікеңе кірдім. Барлық жағдайды түсіндіріп едім сұңғыла адам ғой, өтінішімді тыңдап бас бухгалтер Сыдықты шақырып алып ақша беруге тапсырма берді. Мен Алматыға спорт товарын сататын магазинге барып күрес кілемін алуға счет-фактура жаздырып алдым. Күрес кілемінің біреуі 2х2 метр биіктігі 10 см салмағы ауыр төрт оқушы төрт жағынан әрең көтеріп төсейді. Барлығы 30 штук 18х9 метр спорт залға түгел жетеді. Ақшасын счет-фактура арқылы магазинге аудартып Сәрсенбай деген ЗИЛ айдайтын машинасын берді. Сонымен барып басын әкелдім. Бұл 1972 жылдың шілде айы болатын. Сол кілемде жаттығып күрескен қаншама Сарыбастаулық палуандар шықты. 70-80 жылдары мен жаттықтырған оқушыларым жарыстарда үлкен жетістікке жетті.

       Қазақстан Республикасының басшысы, ақылшысы, қамқоршысы былайша айтқанда данагөйі Дінмұханбет Ахметұлы Қонаев Нүсікеңнің еңбегін ерекше бағалап Социалистік Еңбек Ері атағын берді. Одан үлкен сый, одан үлкен құрметті атақ жоқ. Туған елі өзі өмірден өткеннен кейін мәңгі есте сақтау үшін Сарыбастаудың төріне үлкен ескерткіш мүсінін орнатты. Туған елінің үлкені де кішісі де мүсініне барып тағзым етіп гүл шоқтарын қойып тұрады. Елге барсам мен де сол кісінің мүсініне тағзым етпей кетпеймін. Сөзімнің соңында қайта еңсе көтеріп келе жатқан Нарынқол ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталып жатыр екен. Құтты болсын! Мен осы спорт кешеніне Нүсіпбек Әшімбаевтың атын беру жөнінде ойымды ортаға салғым келеді. Өйткені, ол кісіге сол кешеннің атын беру, еңбегіне берілген әділ баға болары сөзсіз.

Сізсіз менің өмірімді өзгерткен,

Сізсіз менің қиялымды тербеткен.

Ақылшым боп, қамқоршым боп жаныма,

Сізсіз менің жан-жүйемді тербеткен.

Өткізбедім содан бері бекер күн,

Өз әлімше өмір жүгін көтердім.

Адалдықтан, адамдықтан таймайтын,

Баласы едім сіз сияқты осы елдің.

Сіздің маған бергеніңді үлгі етіп,

Арттағыға аманат қып кетермін.

Жетем бе деп биігіне арманның,

Шабыт келсе өлең жаздым, толғандым.

Бұл дүние алдамшы ғана екен ғой,

Көзім жетті екеніне жалғанның.

Қанат ТӘЛІПҰЛЫ, ақын,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы,

Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password