Мемлекеттік қызметкер — қоғамның айнасы болуға тиіс   Ғалым ЖУСАНБАЕВ, аудан әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл.

       Мемлекетке қызмет ету – жалпы алғанда отанға, ұлтқа қызмет ету. Ал бұл игіліктің қадір-қасиетін тереңнен түйсіну осынау жауапты саланың шетінде жүрген кез келген маман үшін азаматтық міндет деп есептеймін. Сондықтан, парасаттылық пен әдеп мемлекеттік қызметшінің басты құзіреті болуға тиіс. Себебі, бұлар бір-бірімен өзара тұтасып, қабысып жататын құндылықтар.

       Мемлекеттік қызметкердің парасаттылығы деген не? Алдымен осының жігін тарқатып алғанымыз жөн. Парасат – ең әуелі адалдық пен әділдік. Бұл қасиетті бойына қондырған азамат қандай сын сағаттарда да өз жеке басының мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қоймайды. Яғни, әділеттің ақ туын желбіретіп, өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарады. Мемлекет мүлкіне, өзгенің құқығына қол сұқпайды. Бұл парасаттылық пен адамдықтың бастау бұлағы.

       Ізгілік, парасат, адалдық – азаматты алға жетелейтін қуатты күш. Осы берік тұтқадан ажырамаған мемлекеттік қызметкердің қай салада болсын жүзі жарық, ісі берекелі болмақ. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жетілдіріп, оларды дайындайтын мемлекеттік басқару академиялары, институттарындағы ұстаздар, шәкірттер жадына бұл мақсаттарды тереңірек сіңіріп, мемлекеттік қызметшілерге қандай жаңа білім беру керектігін ғана емес, олардың жоғары мәдени әлеуетін өрістетуге де күш салса игі. Мұның бәрі Әдеп кодексінде белгіленген нормалар.

        Бес тармақтан тұратын Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары қандай болуы керектігін тайға таңба басқандай айқындап берген. Онда әділдік пен ашықтық, қызметтік міндеттерді тиімді орындау, кәсіби біліктілікті үнемі жетілдіріп отыру, жеке мәселелерді реттеу үшін қызметтік лауазымын пайдалануға тыйым салу, іскерлік әдеп пен ресми іс-қимыл ережелерін сақтау секілді жайттар толық қамтылған. Жалпы мемлекеттік қызметкердің «Әдеп қағидасы» деген не? Қоғамға қызмет ету ең әуелі ардың ісі. Мұны бізден бұрын өткен ұлт зиялылары әлдеқашан айтып кеткен. Мемлекеттің қызметшісі осы міндетінен жаңылмаса ауытқымайтын, таймайтын тура жолдың берік тұтқасынан ұстаған болады. Қолына ел тағдырына әсер ететін игілік тапсырылғаннан кейін мемлекеттік қызметкерге артылатын жауапкершіліктің салмағы да еселене түсетіні сондықтан. Оның қоғамдағы бейнесіне қарап басқа азаматтар бой түзеп, үлгі алуы шарт. Ал олай болмаған жағдайда азаматтың жеке басына ғана емес, тұтас қоғам алдында жүрген тұлғаларға сөз тиеді.

       Мемлекеттік қызметкердің киім кию үлгісі, көпшілік алдында өзін ұстау мәнері, сөз саптауы, қоғаммен араласудағы парасат-пайымы, тіпті жұмыстан тыс уақыттардағы жүріс-тұрысы әдеп нормаларымен қабысып жатуы тиіс. Айталық, мемлекеттік қызметкер көпшілік алдында сөз сөйлегенде құрғақ деректерді тізбелей бермей, байыпты сараптамалар жасап, пайымды ой айтқаны абзал.

       Талап пен еңбек қоғамға пайдамды тигізем, сол арқылы өз өмірімді де ізгілендірем деген адамның басты қаруы. Ал білім мен жоғары мәдениет азаматтың бойында бұл қасиеттерден де ілгері тұрғаны жөн. Өйткені, ел алдында жүрген тұлға қанша жерден іскер болғанымен, жұртпен тіл табыса алмаса, мәдениеті төмен болса еткен еңбегі зая. Себебі, сөйлеген сөзің тұшымды, ойлы, мәнді болса құлақ асқан адамға ой салады. Әрі маманның интелектуалдық деңгейінен хабар береді. Өресін биіктетіп, ісін алға бастырады. Кез-келген қарапайым азамат оның алдына барғанда басына түскен қиындықты жеңілдетсем, құқықтық кеңес алсам, дұрыс бағыт сілтесе деген ниетпен келеді. Ал сол барған мекеменің жауапты маманы өз міндетін жетік білмейтін, бәсекеге қабілетсіз жан болса басқалардан не сұрауға болады, оның қоғамдағы бейнесі қалыптасты деп қалай айта аламыз?! Міне, сол себепті мемлекеттік қызметтің айналасында жүрген әрбір азамат осыны тереңнен зерделеп, өзіне артылатын жауапкершіліктің үдесіне сай болса ғана қоғамға пайдасы тиеді.

       Қорыта айтқанда, Әдеп кодексі түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер үшін бағыт сілтейтін айқын бағдаршам. Сондықтан оның орындалуы мен сақталуы қашанда назарда ұсталғаны жөн. Бұл өркениет көшіне бет түзеудің даңғыл жолы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password