Мемлекеттік Ту
Еліміз еңсесін көтеріп, бодандықтан босап, азаттықтың арайлы ақ таңы атқанына да 30 жыл уақыт өтіпті. Бұл дегеніміз елі мен жері үшін қамын жеп, қасық қаны қалғанша қанын төккен ата-бабаларымыздың аңсаған арманы деген сөз. Осы бір уақытта Тәуелсіз еліміз әлем таныған алпауыт мемлекетке айналды. Өткенге көз жүгіртсек, 1992 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы заң қабылданып, тиісті құжатқа қол қойды.
Мемлекеттік ту ортасында 32 сәуле тараған күн бейнеленген, күннің астында қалықтаған дала қыраны бар көгілдір түсті тікбұрышты кездеме. Ағаш сабына бекiтiлген тұста ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек — алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең: 1:2.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков. Бiрыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолында адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған.
Ежелгi түркi тiлiнде “көк” сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркі халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Шұғылалы күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi. Ал, қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi іспеттес. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран Қазақстан Республикасының еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.
Мемлекеттік тудың мәні мен маңызы қашанда жоғары.Оған деген сүйіспеншілік пен зор құрмет әр азаматтың бойынан табылу міндет. Мектеп табалдырығын аттаған әр бүлдіршіннің бойындағы патротизмді ерте кезден қалыптастырған абзал. Мемлекеттік нышанның айшықтылығын жіті түсінген жеткіншек, болашақта өз Отанының патриоты болатыны анық. Әсіресе, байрақты бәсекеде топ жарып, мерейі үстем болған спортшы ұландарымыз көк байрағымызды көкке желбіретіп, ел мерейін асқақтатып жүр. Аспан түстес, шұғылалы күн мен қалықтаған қыран бейнесіндегі ұлттық оюмен нақышталған байрағымыз біз үшін қасиетті де қастерлі нышан.
Елдос Серікұлы.
0 Пікір