МАЙДАНГЕРДІҢ  ҰЛЫ

     Кәдірахман Бестібаев атты майдангер жүрегіме берік ұялап қалған қымбатты қариялардың бірі. Сүмбенің қасиетті топырағынан шыққан сүйегі асыл, жүрегі жұмсақ, жаны жайдары ақсақалдың шаңырағында бірнеше мәрте болдым. Сондайлық қарапайым, көпшіл мінезді еді. Өткен ғасырдың 1922 жылы дүниеге келген қайсар жанның биыл 100 жылдығы. Адамзаттың басына түскен жоқшылықты, ауыр кезеңдерді, от пен оқты, ерен еңбекті басынан өткерген қарттың тірлік жолы бүгінгі жас ұрпаққа тағылым. Ел басына күн туған жылдары жауға қарсы күрескені өз алдына бір әңгіме. Үйленіп, отау көтеріп, ғұмырын жалғар, отын өшірмейтін біілімді, ақылды, өзіне тартқан еңбекқор ұрпақ өсіріп, өрбіткені, мәуелі биік бәйтерекке айналғаны тағы да бір кітап боларлық.

    Райымбек ауданындағы қастерлі де қасиетті мемлекеттік шекарамыздың шетіне қоныс тепкен Сүмбе ауылының етек жағындағы еңселі үйді ұмыту мүмкін емес. Кәдірахман атамыздың қара шаңырағы. Келген сайын көзімізге біртүрлі ыстық көрініп кетеді. Сол киелі шаңырақтан әрдайым майдангердің ұлы, біртуар азамат, жақсы досымыз Елжан қарсы алып жатады. Үнемі осылай. Атамыздың бар кезінде Елжан Бестібаевтай ұлы мен Шолпан Лешовадай алтын келіні үлкен кісінің алдынан қиып өтпей, жақсы қарады. Сол Елжандай ұлы қара шаңырағының отын жағып келеді. Майдангердің ұлы, ер жүрек, құрыштан құйған құдірет іспетті жауынгерге айнымай тартқан баласы да біраз жасқа, өмірінің белесіне келіп қалды. Елжан да былтыр алпысына толды. Ел ағасы жасына абыройлы ақ жүзімен есік аттады. Шолпан да Күмісбек Лешовтай майдангердің қызы. Күмісбек ата бейбіт өмірдегі ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған. Қазір Сүмбе ауылындағы бір көше Күмісбектей майдангердің есімімен аталады.

    Кәдірахман атамыз 1942 жылы соғысқа аттанды. Алматы қаласында жасақталған № 509 полк, 191-ші атшықтар двизиясының құрамында әскери дайындықтардан өтті. Неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғысқа әйгілі Жамбыл Жабаевтың ақ батасын алып, аттанған көп жауынгердің бірі болды. Одан жаман болған жоқ. Майдан даласында минометчик болып жауға қарсы күресті. Волхов, Калинин, Саталинград майдандарында болды. Ленинград қаласын қорғауға қатысты. Ресейдің сол кездегі Большое Воробичье, Мелод Воробичье деп аталатын қалаларын, көптеген деревняларын, поезд тоқтайтын станцияларын жау қолынан азат етуге қатысты. 1943 жылы екінші дүниежүзілік соғыс тарихында ерекше жазылып қалған Синьябин шоқысын алуда болған алапат соғыста ауыр жараланып, Воробичье қаласының № 25-47 әскери госпиталында 8 ай жатып емделіп, 3-топтағы мүгедек ретінде әскер қатарынан босатылды. 1943 жылдың аяғына қарай аман-есен туған жеріне оралды. Ұлы Жеңіс жылы ауыл-аймақ Сәнтай атап кеткен Сәнжан Жаппарханқызы Нұрқожаевамен отау көтерді. Одан кейін Қырғызстандағы мал дәрігерлік техникумын мал дәрігері мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1948 жылдан туған ауылындағы шаруашылықта мал дәрігері болып еңбек етті. Ауылының өсіп-өркендеуіне айтулы үлесін қосты. 1970 жылы Жеңістің 25 жылдығында және 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығында арнайы шақырумен Мәскеу қаласында өткен мерекелік әскери парадқа қатысып қайтты. 2013 жылы Волгоград облысының губернаторы С. А. Боженовтен Сталинград қаласының жаудан азат етілгенінің 70 жылдығына орай құттықтау хатын алды. «Сталинград майданында болдым. Бір Алла дем беріп, қолдап-қоршап аман қалған кезім болды. Ауыр жараланып бір госпитальға апарып еді, симай қалдым. Содан Большое Воробичье деп аталатын қаладағы 25-47 госпитальға жатқызды. Кейін естідік, біз жатуға симай қалған госпитальды жау бомбалап түгін қалдырмапты. Майданда екі-үш күн, кейде апталап ұйқы көрмей, бел жазбай жорық жолдарын бастан өткердік. Сондай кезде жүріп келе жатып, көзіің ілініп кетіп, құлап түсесің. Сосын қайта тұрғаан соң ұйқың ашылып кетеді. Қайтадан тапсырманы орындауға аттанасың. Көрмегеніміз жоқ. Қазақтың Сырбай Мәуленов атты жазушысымен бірге майдандас болдым. Кейін Сырбай біздің жорық жолдарымыз туралы кітап жазып шығарды»,-деп атамыздың айтқан әңгімелері жадымда тұр. Майдангер қарт көптеген медалдармен марапатталды. Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды.

    Кәдірахман ата көзінің тірісінде 2012 жылы 16 ақпанда қайтыс болған жан жары, өмірлік серігі Сәнжан Жаппарханқызын ұмытпай, есіне алып тура сол айда сол күні ақ дастарханын жайып, бір малын сойғызып, көрші-қолаңын шақырып, құдайы тамақ бергізіп отырды. Сәнтайдай асыл ана елі мақтаған, жұрты жақтаған, көрші-қолаңына, ауылдастарына сондайлық сыйлы да құрметті болған жан еді. 15 құрсақ көтеріп, 12 ұл-қызын дүниеге әкелген алтын құрсақты батыр ананы қалай мақтасаң да, дәріптесең де жарасып тұратын. Кеңес Одағы тұсында Батыр ана атанса, Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін «Алтын алқалы» ана болды. Асыл анамыз сұрапыл соғыс жыылдары тылда еңбек етті. «Еңбек ардагері» медалымен марапатталды. Шын мәнінде, Кәдірахман ата мен Сәнтай ана ұрпағымен, Ержан, Сайын, Рақымділда, Разхан, Еркін, Гүлжаһан, Ерлан, Қанымгүл, Елжан, Ерболжан, Әлірахман, Ерлік секілді ұл-қыздарымен өрбіген мәуелі, алып бәйтерек болып мәңгіге қалып қалды. Ұрпағының бәрі бір-бір шаңырақ. Дені Алматы қаласының маңында тұрады. Ырыс-құт, береке-бірлік дарыған шағын ауыл. Сүйегі асыл жандар көздерінің тірісінде қырық немерелі, қырықтан аса шөберелі болып, бақытты ғұмыр кешті. Жетпістің мол ішіндегі Ержандай тұңғыш ұлы өз тұсында Нарынқол аудандық партия комитетінде, атқару комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Қызылшекара қой кеңшарын, Сарыбастау ауылындағы ұжымшарды басқарды. Қазір Талғар қаласында тұрып жатыр.

    Енді майдангердің ұлы Елжан туралы әңгімеге кезек келіп қалған сияқты. Әкесінің жолын қуған перзент. Әкесінен өмірдің тағылымын, адамдық қасиеттердің өнегесін, еңбектің жақсылығын жанына, жүрегіне түйіп өскен ұл. Сүмбе ауылындағы қазіргі Абай атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін шаруашылықта жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын мал дәрігерлік мамандығы бойынша бітіріп шыққаннан кейін туған жерінде үлкен өмірінің соқпақтары қалана түсті. «Ешкімнің ала жібін аттама. Адал еңбек ет. Тура жүр»,-деп әкесі марқұм үнемі әңгімелеп отырады екен. Содан да болар, жүрегі қалаған мамандығы бойынша жемісті еңбек етті. Адал болды. Қиыс басқан жері болған жоқ. Тура жолы, адал еңбегімен өмірлік несібесін құрады. Өз тұсындағы Нарынқол ауданына қарасты Қызылшекара қой кеңшарында, одан кейін Көксай қой кеңшарында мал дәрігері болып жұмысын істеді. Білім мен білігі, ақылы мен парасаты жарасым тапқан азамат көп ұзамай өзі туып-өскен ауылындағы Абай атындағы картоп кеңшарында бас мал дәрігері, тауарлы сүт фермасының меңгерушісі болып іскерлік, еңбекқорлық әрі ұйымдастырушылық іс-қабілетін көрсетті. Шаруашылықтар тарағаннан кейін өз алдына «Ақбұлақ» атты шаруа қожалығының іргетасын қалады. 2010 жылдан бастап мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Сүмбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, 2014 жылдан Райымбек аудандық ветеринариялық пункттері бар ветеринариялық станциясына қарасты Сүмбе ауылдық ветеринариялық пунктінің мал дәрігері болып жемісті еңбек етті. Туған елі-жерінің бар жағдайын, тыныс-тіршілігін, түйінді жайларының бәрін бес саусағындай білетін азамат 2020 жылдың қыркүйек айынан бері қарай Сүмбе ауылдық округінің әкімі болып сайланып, өңір көшін бастап жүрген жақсы жайы бар. Бұған ауыл тұрғындарының, жөн білетін ақсақалдарының да ұсынысы әсер етті.

    — Ауданның әкімі Н. Құдайбергеновтың өзі үлкен сенім артты. Мәслихат депутаттары қолдауын көрсетті. Содан бері жауапты жұмысты арқалаған жайым бар. Жұмыс жеңіл емес. Қиындығы мол. Жерлестерімнің сенімі мен үмітін ақтау – ең басты үлкен міндетім, перзенттік парызым,-дейді Елжан ойлана тіл қатып.

    Майдангер әкесінен өмірдің, еңбектің, жақсы дүниелердің өнегесін алып өскен қайсар мінезді, еңбекқор азамат емес пе, маңдайын терлете шапқылап жұмысын жасап жүр. Округке қарасты Сүмбе, Қызылшекара ауылдарында 766 жанұя, 5200 адам тұрады. Өңірде мал қыстату науқаны ұйымшылдықпен жүргізіліп келеді. 67 мал қыстауында өмір оттары жарқырайды. Жалпы, округ бойынша 4500 бас ірі қара, 3700 бас жылқы, 37 мың бас қой-ешкі қыстатылуда. Төрт түлік мал үшін 21500 тонна мал азығы дайындалды. Малшы қауым көктемгі төл алу науқанынан да үлкен дайындықпен барғалы отыр.

   Енді майдангер атамыздың шаңырағына қайта оралайық. Заманға лайық жөндеуден өткізілген қара шаңырақтан жанға жайлы жылылық еседі. Жатсынбай қолдарын ұсынып амандасып, қасыңа келіп үйіріле беретін кішкентай Елжанның немерелерінің, бәйтеректей майдангер атамыздың шөберелерінің базарлы қылықтары үй ішінің сәні мен мәнін кіргізіп-ақ тұр. Бала-бақыт, бала-болашақ! Қылықтары балдан да тәтті балапандарды құшағыңа тартып, маңдайларынан бір иіскеп жібіргің келіп кетеді. Алтындай немерелерінің әжесі, майдангердің сүйікті келіні Шолпанның да көңіл-күйі жақсы. Айналасына шуағын шашып, мейірлене тіл қатып жүреді. Зейнеткерлікке шықса да маманның жоқтығынан ұстаздық игілікті ісін одан әрі жалғастырып жүрген көрінеді. Химия пәнінің мақтаулы маманы, ұлағатты ұстаз. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі. Елжан мен Шолпан мынау жарық дүниеге әкеліп, қанаттандырған Дарын, Данияр, Дәрмен атты үш ұлынан 9 немерелерін сүйіп отыр. Екі ұлы Алматыда тұрады. Өз шаруалары, жүрек қалаған мамандықтары бойынша жұмыстары бар. Дәрмендей кенже ұлы қолында. Өзі іргетасын қалаған «Ақбұлақ» шаруа қожалығының жетекшісі. Соның жұмысын жүргізеді. Иіліп сәлемін беріп, ізетін жасап, дәмділеп тамағын әзірлеп жүретін Ақботадай ақ келіндеріне деген пейілдері бөлек. Шаңырақтың базары Ақжан 2 сыныпта оқиды. Ибрахим бестен асса, Абуқайыр 3 жаста. Оларды еркелетіп, жүздерінен бір өбіп қоймаса, жандары жай таппайды. Жұмыстан шаршап келген кезде де солар жұбаныш. Солардың жаз қылықтарын көріп, жүзінен бір иіскеп, шаршағаның басылып сала береді. Бал балапандар шын мәнінде шаршағаныңды басып тастайтын дәрумен сияқты. Жүрегіңе таусылмас қуаныш сыйлайтын, жаныңды албыратып, жадыратып нәр беретін баланың бақыты, баланың шарапаты деген осы. Бір Алланың бергеніне шүкір. Иә, Кәдірахман Бестібаевтай майдангер атамыздың қара шаңырағы сол баяғы қалпынша. Шаңырағы биік, босағасы бекем, құшағы балапандардың базарымен шырайлана, шұғыласын шаша түседі. Көз алдымызға майдангер атамыздың жарқын жүзі келіп, шаңырақтан көңіліміз көтеріле шықтық. Ғұмырын ұзартып жатқан ұрпағы  барда  атамыздың жүрегі соғып тұр.  Соған қуандық.

                                                            Қанат БІРЖАНСАЛ, 

Сүмбе ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password