Маңызды шешімдер қабылданды

  Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Маңызды жолдауда осыған дейін жүзеге асқан жұмыстар қорытындыланып, алдағы жаңа мақсат-міндеттер нақтыланды.

Халықтың көкейінде жүрген мәселенің бірі, ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге дейін өседі. «Мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізеді. Ол жалақы мөлшерін кезең-кезеңмен ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. «Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан, мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын.

Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатының  ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады» — деді Президент.

Президент қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдады.

«Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын»,- деді Президент.

Амнистия ауыр қылмыс жасағандарға қолданылмайды деп атап өтті.

Келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек.

«Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деді.

Отандық жоғары оқу орындары сапасының артуына қарай оларда оқу құны да өсетін болады.

Сондықтан мемлекет білім беру гранттарын бөлуді жоспарлап отыр, олар ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты мөлшері бойынша 30–дан 100%-ға дейін сараланады.

Оқу үшін 2-3% жеңілдікпен кредиттер де берілетін болады деп айтты.

Әділ Қазақстан құруда мектеп мұғалімдері шешуші рөл атқаратынына сенімдімін.

«Алда педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандартын қабылдау және педагог құзыреттілігінің шеңберін әзірлеу міндеті тұр.

Жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық цикл және ағылшын тілі пәндерін оқытуды күшейту маңызды» деді.

Мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек.

«2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз».

Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман  емес деді Президент. «Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет.

Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек екенін баса айтты.

Медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен.

«Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр».

Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды.

«Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын.

Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз. Ендеше, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!»,- деді мемлекет басшысы.

Президент Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты айқын көрініс тапты. Тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір тұрғыны Президент Жолдауының маңызын ұғына отырып, қолдау көрсетіп ондағы тапсырмалардың реттілікпен іске асуына жұмыла еңбек етуі тиіс деп ойлаймын.

Талғат АҚЫЛОВ,

«AMANAT» партиясы Райымбек аудандық

филиалының атқарушы хатшысы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password