МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ

        Апта басында аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті IX отырысы болды. Қоғамдық кеңестің отырысына кеңес мүшелерімен қатар аудан әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев, аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов, аудан прокуроры Шәміл Құтелов, аудандық полиция бөлімінің бастығы М. Нұрдәулетов, ауылдық округ әкімдері, учаскелік полиция инспекторлары, аудандық кірістер басқармасы, экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшылары мен басқа да құзырлы орын өкілдері қатысты. Жиналысты қоғамдық кеңес төрағасы Әділжан Нөкеев ашып, жүргізіп отырды.

        Қоғамдық кеңестің кезекті отырысының күн тәртібіне:

  1. Райымбек аудандық полиция бөлімінің криминалды полиция бөлімшесінің қылмыстың алдын алуда атқарып отырған жұмыстарының барысы;
  2. «Райымбек ауданы бойынша пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық және бірыңғай жер салығының мөлшерлемелерін арттыру туралы» аудандық мәслихат шешімінің жобасы туралы мәселелер қойылды.

        Қаралып отырған бірінші мәселе бойынша криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Санат Демеуов есепті баяндама жасады.

        Аудандық полиция бөлімінде 2021 жылдың 8 айында тіркелген қылмыс саны өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 44-тен 42-ге төмендеген. Ал, аса ауыр қылмыс 9-дан 18-ге өскен. Оның себебіне тоқталсақ, ҚРҚК-нің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы 188-бабында өзгертулер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты мал ұрлығына қатысты қылмыстар, сонымен қатар тонау, қарақшылық, тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік мекемеге, көлікке заңсыз кіру жағдайындағы қылмыстар қылмыстың ауыр санатына кіріп, жоғарыда көрсетілген ауыр қылмыстар саны өсіп отырғаны анық. Жеке-жеке тоқталғанда: адам өлтіру ҚРҚК-нің 99-бабы 3-тен 1-ге төмендеп, ашылу көрсеткіші 100 пайызды құрады. Ауданымызда орын алып отырған қылмыстардың бір бөлігі – бөтеннің мүлкін ұрлау. Осы аталған қылмыстың тіркелуі 20-дан 11 пайызға төмендеген. Ашылу деңгейі 86,7 пайыз болып өткен жылмен салыстырғанда 0,3 пайыз жақсарған.

        Баяндама бойынша алғаш сөз тізгінін ұстаған аудан прокуроры Ш. Құтелов қылмысты істерді ашуда атқарылған жұмыстар барысында орын алып отырған кейбір кемшіліктерге тоқталды. Оның ішінде пәтер ұрлығы 3-тен 1-ге, мал ұрлығы 8-ден 5-ке төмендесе, бұрыннан ашылмаған 16 қылмыс ашылды. Аудан көлемінде дүкен ұрлығы бойынша 4 қылмыс дәлелденді. Ауданда ашылмай жатқан мал ұрлықтары бойынша АПБ бастығының бұйрығымен топтар құрылып, жұмыстар атқарылуда. Осы қылмыстардың алдын алу мақсатында ауыл әкімдеріне қараусыз жүрген малдардың болмауы жөнінде және ұрлыққа тосқауыл ретінде мал иелерімен, бақташылармен, ауыл тұрғындарымен 3 жақты келісім шартқа отыруы жөнінде жұмыстар атқарылды. Қылмыстардың дер кезінде ашылуына қиындық келтіріп отырған тағы бір мәселе – әр ауылдың кіре берісі мен шығатын жолдарда бейне бақылау қондырғыларының жоқтығы. Баяндамашы бұл мәселеге аудан басшылары мен ауыл әкімдері, құзырлы орындар мүдделілік танытса екен деген ойын ортаға салды.

        Баяндамадан кейін сөз тізгінін ұстаған аудан прокуроры Шәміл Құтелов алкогольді өнімді саудалау мен экологиялық қылмыстардың ашылмау себептері, алдын алу шараларының өз мәнінде жүргізілмей отырғанына тоқталды. Сонымен қатар, ауылдың кіре берісі мен шығатын бағыттағы жолдарға бейне бақылау қондырғыларын орнату әлі күнге өзекті күйінде қалып отырғанын, бұл мәселе сауда нүктелеріне де тән екенін, осыдан келіп жасалынған қылмыстардың ашылуы қиындық туғызып жатқанын айтып өтті. Сол сияқты кейбір ауылдардағы учаскелік полиция инспекторларының тұрғын жайларының сәйкессіздігін, инспекторға жасалатын жағдайдың да көңіл толтырмайтынын, бұл кемшілікті шұғыл түрде жоюдың жолдарын қарастыруды ұсынды. Өз кезегінде аудандық полиция бастығы, полиция полковнигі Мұрат Нұрдәулетов ауылда учаскелік инспектор жалғыз болғандықтан қылмыстың ашылуында қиындықтар туындап жататыны жасырын емес, сондықтан ауыл әкімдері сол ауылға беделі бар жастар арасынан учаскелік инспекторға көмекші тағайындау жағын қарастыруды ұсынды. Ауыл әкімі мен инспектор арасында тығыз байланыстың жоқтығын да тілге тиек жасады. Қылмыстың ашылуына байланысты бұдан басқа да мәселелер әңгімеге өзек болды.

        Мінбеге көтерілген қоғамдық кеңес мүшесі Ұлықпан Әбек қаралып отырған мәселеге өз тарапынан ой-пікірін білдіре келе, учаскелік полиция инспекторларын өз ауылына тағайындамау, ондай болған жағдайда сол полицей ауылдағы өз ағайындарының, дос-жарандарының сөзінен шыға алмайтынын, содан барып көп жағдайда қылмыстар жабық күйінде қалатынын айтты. Қоғамдық кеңестің тағы бір мүшесі Бекболат Бірбаев ауыл ішіндегі көзге қораш көрініп, көңілге көлеңке түсіретін жайларды ашына отырып жеткізді. Жалпы ауылдың тыныштығы, елдің алаңсыз, уайымсыз тіршілік кешуі полицияның міндеті деп түсінбеу қажет. Онымен көп болып күрескенде ғана келеңсіз құбылыстың аяғына тұсау салынатыны анық. Бұл әркімді де ойландыруы тиіс.

        Жиында қаралған бірінші мәселе бойынша: 1. Райымбек аудандық полиция бөлімінің криминалды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры  С. Демеуовтың қылмыстың алдын алуда атқарып жатқан жұмыстары туралы есепті баяндамасын есепке алу; 2. Аудан көлемінде қылмыстың алдын алу, оны болдырмау жолында тиісті шаралар ұйымдастыруды криминалдық полиция бөлімшесінің бастығына тапсыру жөнінде қарар қабылданды.

   Қоғамдық кеңестің күн тәртібіндегі «Райымбек ауданы бойынша пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық және бірыңғай жер салығының мөлшерлерін арттыру туралы» екінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының заң және мемлекеттік – құқық бөлімінің бас инспекторы Ернат Керімбаев хабарлама жасады.

        Хабарлама негізінде «Райымбек ауданы бойынша пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық және бірыңғай жер салығының мөлшерлемесін арттыру туралы» мәселені мәслихат қарауына ұсыну жөнінде қарар қабылданды. Осымен қоғамдық кеңес өз жұмысын аяқтады.

Айдана ІРГЕБАЕВА,

қоғамдық кеңес хатшысы.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password