Маңызды  мәселеге  айрықша  назар  аударылды

   Жұмабек   ТӘЛІПҰЛЫ, «Хантәңірі»  

     Ағымдағы  аптаның  беташары,яғни  дүйсенбісі  аудан  әкімінің  кезекті  алқа  мәжілісімен  басталды. Аудандық  мәдениет  үйінде  бас  түйістірген аудан,ауыл  әкімдері, білім  саласының  жетекшілері,құқық  қорғау  орындары, мекеме,ұйым басшылары, бұқаралық  ақпарат  құралдарының  өкілдері  маңызды  деп  саналған  екі  мәселеге  айрықша  назар  аударды. Алқа  мәжілісінің  тізгінін  аудан  әкімі  Жолан  ОМАРОВ ұстап,бастан-аяқ  жүргізіп  отырды.

     Алқа  мәжілісінің  күн  тәртібіне  қойылған  бірінші  мәселе  бойынша  «2018-2019  жылдардағы  жылыту  маусымының  қорытындысы  және  алдағы 2019-2020  жылдарға  арналған  жылыту  маусымына  дайындық  барысы  туралы» аудан  әкімінің  бірінші  орынбасары  Ғалым  Жусанбаев  баяндама  жасады.

    -Өткен  2018-2019  жылыту  маусымы  бекітілген  жоспарға  сай  өткізілді.Жылыту  маусымының  барысында  техникалық  ақаулардың  салдарынан  тұтынушылардың  жылусыз  қалуы  тіркелген  жоқ. Баяндамасын  осылай  өрбіткен  Ғалым  Сәлімұлы  бұдан  кейін  жылыту  маусымы  барысында  атқарылған  жұмыстар  мен  кейбір  шешімін  күткен  өзекті  мәселелерді  де  тілге  тиек  етті. Аудан  көлеміндегі  бюджеттік  мекемелер  сұйық  отынмен  100  пайыз  қамтылған.Бұл  мақсатқа  бөлінген  қаражат  толығымен  игерілген. Қаралған  ақшаға  1млн.203  мың  литр  сұйық  отын, 362  тонна  қатты  отын (көмір) сатып  алынған. Білім  саласындағы  28  мекеме  911  мың  274  литр  сұйық, 99 тонна  көмір, денсаулық  сақтау  саласындағы  12  мекеме  164  мың литр  сұйық,263 тонна  қатты, мәдениет  саласындағы  5  мекеме  84  мың  729  литр  сұйық,спорт  саласындағы  1  мекеме  43  мың  300  литр  сұйық  отынмен  қамтамасыз  етілген. Баяндамашы  одан  әрі  сұйық  отын,қатты  отынмен  жанатын  қазандықтарды  да  жіліктеп, жікке  бөле  хабардар  етті. Әрине, қай  салада  болсын  жүргізіліп  жатқан  жұмыстардың  тап-тұйнақтай  еместігі  белгілі  жайт. Бұл  тұрғыдан  алғанда  жылыту  жұмыстарында  да  көзге  ұрған  кемшіліктің  бар  екендігі  шешен  сөзінің  өн  бойынан  көрініс  берді. Мәселен, білім  саласы  бойынша  сұйық  отын  жеткізуші  компания «Радорис» ЖШС  тауарды  келісім  шартта  көрсетілген  мерзімнен  кешіктіріп  жеткізген  жайттар  орын  алған. Сол  сияқты  аудандағы  мәдениет  үйлеріне  тасымалдануы  тиіс  сұйық  отындар  да  жауапкершілігіне  алған  «Қазмұнайгаз» Ұлттық  компаниясы» АҚ-ның  салғырттығынан  тиісті  орынға  уақытында  келмейген. Мұның  өзі  жылу  маусымына  белгіленген  жоспарға  кері  әсерін  тигізетіні  айтпаса  да  түсінікті. Сонымен  қатар,Т Мұсақұлов атындағы  орта  мектебіне  орнатылған  Шымкент  қаласында  құрастырылған  Z300 маркалы  жылу  қазандығы  су  айналдырғыш  насосының  істен  шығуы  себепті  жарылып  кетіп, абырой  болғанда  резервте  қондырғы  болғандықтан  жылу  жұмысы  10  сағаттың  ішінде  қайта  жұмысын  жалғастырған.  Төтенше  жағдайдың  алдын  алу  мақсатында  дәл  осы  маркадағы  жылу  қазандығы  орналасқан  Қ.Шорманов  атындағы  орта  мектебіне  басқа  маркадағы  жылу  қазандығы  ауыстырылып  орнатылды. Алдағы  уақытта  мұндай  жағдайлар  орын  алмас  үшін  жылыту  маусымының  алдында  бюджеттік  мекеменің  басшылары жылу  қазандығының  жағдайын  қатаң  бақылауда  ұстауы  тиіс.

    Өткен  жылдың  жылыту  маусымында  атқарылған  жұмыстарға  осылайша  талдау  жасаған  баяндамашы  бұдан  кейін  алдағы  жылдың  жылыту  маусымына  белгіленген  іс-шара  мен  қазірге  дейін  жүзеге  асырылып  үлгерген  жұмыс  барысынан  да  хабардар  етті. Сұйық,қатты  отындармен  қамтамасыз  етілетін  бюджеттік  мекемелерге  аталған  отындардың  жеткізілу  мерзімін  қайта  бір  пысықтап, олардың  басшыларына  осынау  маңызды  мәселеге  мұқият  болуды,қатаң  қадағалауды  тапсырды.

     Алқа  мәжілісін  жүргізіп  отырған  аудан  әкімі  Жолан  Ыбырайақынұлы  баяндамада  айтылған  мәселелердің  кейбіреуімен  келіспейтінін  білдірді. Қаралып  отырған  мәселелерді  ұйымдастыруда  жүйесіздік  пен  салғырттыққа  жол  берілетіндігін  нақты  дәлелдермен  айтып  берді. Ал,соңы орны  толмас өкініштерге  соқтыратынын,  мұндай  жайттардың  өңірімізде  бой  көрсетіп  келе  жатқанын, оған  қатысты  тиісті  шаралардың  дер  кезінде  көрілмей, жүрдім-бардымға  салыну  әрекеттерімен  шектелетінін  жасырмады. Әкім  сонымен  қатар  ауылдық  жерлердегі  мәдениет  үйлерінің  жылыту  маусымындағы  жағдайын, өнер  ошақтарының  қыс  айларындағы  мүшкіл  халдерін  де  тілге  тиек  жасады. Мәдениет  үйлеріне  жылыту  маусымының  басынан-аяғына  дейін  жететін  отын  бөлінгенімен,оны  пайдалану  жағы  көңілге  қонымсыздық  танытуда. Нақтылыққа  жүгінер  болсақ,аталған  шаңырақты  тұрақты  жылы  ұсталынып  отырған  жоқ. Айтулы  шара,болмаса  аудан  әкімінің  есеп  беру  кезінде  ғана  уақытша  жылытылады. Ал,сөз  жүзінде  бәрі  қарақаттай.Іс  жүзінде  басқаша  сипат  алып  келе  жатқаны  және  оның  үйреншікті  әдетке  айналғанын  жасыруға  болмайды. Аудан  әкімі  жылыту  маусымына  қатысты  өз  ойын  осылайша  түйіндеді.

     Алқа  мәжілісіндегі  «Райымбек  аудандық  полиция  бөлімінің  2019  жылдың  5  айында  атқарған  жедел  қызметінің  қорытындысы  туралы»  қаралған  екінші  мәселе  бойынша  аудандыық  полиция  бөлімі  бастығының  орныбасары  полиция  подполковнигі  Ж. Бағашаров  баяндама  жасап,аталған  мерзім  ішінде  қоғамдық  тәртіпті  сақтау  барысында  атқарылған  жұмыстарды  жіпке  тізді. Орын  алған  олқылық, кері  кеткен  кемшілік, толғауы  тоқсан  толғақты  мәселелер  сықасқан  цифрлар  арқылы  баяндамашы  сөзінің  өзегіне  айналды. Алдағы  мерзімге  белгіленген  жоспарлы  шаралар  да  баяндама  арасында  төбе  көрсетті. Дей  тұрғанмен  жұмыс  атқарудағы  маңызды  дүниелер  әлі  кемшін  тартып  жатқан  тұстарды  баяндама  бойынша  алқа  тізгінін  ұстап  отырған  аудан  әкімі  нақты  дәлелдермен  айта  отырып, кемшілікті  шұғыл  түрде  жою  туралы  жауапты  адамдарға  тапсырма  берді.

    Қаралған  екі  мәселе  бойынша  сөз  алған  Сарыжаз  ауылдық  округінің  әкімі  Медет  Азанбаев  ауыл  көлеміндегі  тәртіп  мәселесі,қылмыстық  атқару  жүйесіндегі  жұмыстардың  ауыл  аумағындағы  ықпалы  туралы  хабардар  етсе, Қайнар  ауылдық  округінің  әкімі  Серік  Шалов  ауылдық  округ  аумағында  орын  алып  отырған,көңілді  күпті  етер  көкейтесті  мәселелерді  сөзіне  тұздық  жасады. Әсіресе  «қызыл  мия» аталатын  тамыр  терушілердің  шаруа  қожалығының  егістік,шабындық  алқаптарын, жайылымдық  жерлерді  орынсыз  бүлдіріп, табиғатқа  да, қожалықтың  жерлеріне  де  айтарлықтай  зиянын  тигізіп  отырғанын  нақты  дәлелдермен  айтып  берді. Және  осынау  алаңдаушылық  тудырып  отырған  жайтқа  полиция  бөлімі  тарапынан  тоқтау-тыйым  болса  деген  ойын  жеткізді. Алқа  мәжілісін  аудан  әкімі  Жолан  Омаров  қорытындылады.

                                                                                           

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password