МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ СӨЗ БОЛДЫ

          Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме мен бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Әділжан Нөкеев ашып, жүргізіп отырды.

       Күн тәртібіне: Райымбек ауданы аумағында тұрмыстық қатты қалдықтары полигондарының жағдайы туралы; Балалардың жазғы демаалысы кезінде бос уақыттарын пайдалы өткізудің жайы туралы; «Райымбек ауданы бойынша пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық және бірыңғай жер салығының мөлшерлемелерін арттыру туралы» шешімнің жобасы; Райымбек аудандық қоғамдық кеңестің құрамын жаңа мүшелермен толықтыру туралы мәселелер қойылды.

       Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің басшысы Қ.Омархалық хабарлама жасады. Құрамында 11 ауылдық округ мен 20 елді-мекені бар аудан аумағында 48,7 га жерге күл-қоқыс тастайтын орындар белгіленіп мемлекеттік актілері алынғандығын тілге тиек етті. Сондай–ақ, сала басшысы қазіргі таңда күл-қоқыс тастайтын орындардың жағдайы мәз емес, арнайы белгіленген орындар қоқысқа толып кеткендігімен, шашылған тұрмыстық қалдықтар арнайы техникамен жиналмайтындығын сонымен қатар, оларды өңдеп, залалсыздандыратын құрылғылардың жоқтығын жасырмады. Баяндама барысында Қ.Байқайыпұлы тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін полигонның аса қажет еткендігін, алдағы уақытта Текес ауылына қарасты Өрнек жеріндегі ескі карьердің орнына қатты қалдықтарды өңдейтін полигон салу жоспарлануда. Бұл мәселе бойынша округ әкімдерімен бірлесіп, жерін анықтап, тиісті құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізіп жатыр.

        Аталған баяндамаға қатысты «Қамқор-2» кәсіподағының төрағасы Ұ.Әбек өзінің тарапынан пікір білдіре кетті.Мына уақытта адам саны көбейген сайын, қоқыстың молаятыны да белгілі. Қазіргі таңда біз, халықпен тығыз байланыс орнатып, кеткен кемшіліктердің орнын толықтыра аламыз. Сонымен қатар, округ әкімдеріне ерте көктемнен бастап ауыл жастарынан құралған акция құрып, халықты ұйымдастыра, белсенді жұмыс жасауға шақырамын деген ойымен бөлісті.

        Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының жазғы демалыс мерзіміндегі кәмелетке толмағандардың демалысы мен бос уақыттарының ұйымдастырылуы туралы аудандық білім бөлімінің маманы А.Бидосова баяндама жасады. Облыстық білім басқармасының бұйрығына сәйкес, ай сайын балалар «Қапшағай-Балдәурен» оқу сауықтыру орталығына барып демалып келуде, лагерге әлеуметтік топтағы отбасының балалары қамтылуда. Шілде, тамыз айларында міндетті білім беру қоры есебінен 96 бала демеушілердің, меценаттардың есебінен 100 оқушы, барлығы 196 оқушы жазғы сауықырумен қамтылады деп жоспарлануда. Аталған сала маманының жасаған баяндамасына қоғамдық кеңестің мүшелері біраз сын-пікір айтып, алдағы уақытта кеткен кемшіліктер мен олқылықтардың орнын толтыруға тапсырмалар берді. Бүгінгікөтерілген мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары  Ғ.Жусанбаев пен Н.Сағатбекұлына сөз беріліп, өздері басшылық жасайтын саласына қатысты аз-кем ақпараттармен бөлісіп, кезек күттірмейтін проблемалардың алдағы уақытта шешілетіндігін тілге тиек ете өтті..

        Келесі кезекте Райымбек аудандық қоғамдық кеңесінің құрамын кеңейту туралы мәселе көтерілді. Бұл ретте аудандық ақсақалдар мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Бірбаев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Б.Омарова мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Қоқымбаеваның кандидатурасы ұсынылды. Кезекті отырыста қоғамдық кеңестің мүшелерінің жақтап дауыс беруінің нәтижесінде өтініш берген азаматтардың кандидатурасы қабылданып, қоғамдық кеңестің мүшелігіне өтті. Өз кезегіндегі баяндама мен күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге қоғамдық кеңестің мүшелері аталған жайттарға байланысты көкейінде жүрген маңызды сұрақтар қойып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Елдос АХМЕТЖАН,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password