МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ АУДАНЫМЫЗДА БОЛДЫ
Үздіксіз даму үстіндегі жас ауданымызда жаңалық аз емес. Шілде айының 15-і күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары алғашқы каникулын ауданымызға арнады. Таулы өлкеге табан тіреген халық қалаулыларының қатарында, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары жерлесіміз, ақын Жанарбек Әшімжан, Жанна Телпекбаева мен облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев болды.
Қонақтар алдымен аудан орталығындағы спорт кешеніне бас сұқты. Су жаңа кешен жұмысымен танысты. Бокс залында қыздардың жаттығуына куә болған депутаттар спортшыларға сәттілік тіледі. Келесі кезекте, күрес залында ақиық ақын Мұқағалидың жырын мәнерлей орындаған жасөспірімдер спорттан ғана емес өнерден де кенде еместерін көрсетті.
Спорт кешеніне қатысты айтылған орынды пікір-ұсыныс аз болмады. Спорт кешенін дамыту мақсатында бассейн құрылысын бастауды қажетті іс деп санады. Бұл пікір көпшіліктің де көңілін аударды. Бұдан кейін атшаптырым футбол алаңы мен өзге де жаттығу залдарын аралап шыққан халық қалаулылары аудандық ауруханаға да ат басын бұрды. Ондағы жылжымалы диагностикалық кешен жұмысымен танысып, арнайы жабдықталған медициналық құрал- жабдықтарға көзайым болды.
Бұдан кейін депутаттар сервистік әкімдікті, сондай-ақ, аудандық әкімшілік ғимаратына бас сұқты. Ғимарат алдындағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған ескерткіштің құрылыс жұмысына назар аударды.
Қауырт жұмысқа куә болған топ көп іске көңілдері толды. Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов депутаттарды алда салынатын жастар саябағының жобасымен таныстырып өтті.
Халық қалаулыларының бұдан кейінгі сапары Қарасаз ауылына жалғасты. Мұқағали Мақатаев туған Қарасаз ауылына арнайы барып, тіршілігі түлеген мекеннің өркендеуін көзбен көрді. Ауылдың жете беріс жол бойынан орын тепкен “Рауан АГРО” ЖШС-ның мал бордақылау алаңының және ауыл ішіндегі құрылысы мәресіне жеткен сүт зауыты тынысымен танысты. Қарасаз ауылына келуші қонақтардың Мұқағали Мақатаев әдеби-мемориалдық мұражайына бас сұқпауы мүмкін емес. Алыстан ат терлетіп келген шенділер қауымын мұражай қызметкерлері жоғары дайындықпен қарсы алды. Мұражайға кіре салысымен ақынның отты жырларын мектеп оқушыларының шебер орындауларына тәнті болған қауым, мұражайды еркін аралап, өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер сырына қанық болды. Мұражайдағы “орталық қондырғының” таныстырылымы тіптен ерекше. Ақынның отты жырларынан қуат алған жас өркендердің жыр оқулары өз алдына, ғимараттың көркемдік құрылысы да жалынды ақынның жүрек сыры мен ғибратты ғұмырынан хабар беретіндей. Мұражайдың географиялық орналасуының өзі келушілерді тәнті етті. Енді ше, “Мен таулықпын” деп ғұмырын тұғырлы таулар ұлылығымен байланыстырған ақынның ғұмыр көрінісін табиғаттың шебер туындылары- заңғар таулармен ұштастырмау мүмкін бе?! Мұзбалақ ақынның қасиетін Қарасаз ауылына кіргеннен-ақ сезінген қонақтар, мұражаймен қимай қоштасып, маңайлас орналасқан Мәдениет үйіне жол тартты. Мұнда да өнердің тамаша туындылары жарық көріп, сахна төрінде қызу дайындық жүріп жатты. Дайындық барысы шамалы тоқтатылып, қонақтар тарпынан өнерлі жандарға ерекше лебіз білдірілді. Мұндайдан ерекше шабыт алатын өнерлілер тобы жұмысын құлшына жалғастырып кетті. Мәдениет үйінің іші де ерекше жайлылығымен жанды жылытты. Ауданымызға келген депутаттар қауымының сапары осылай өз мәресіне жетті.
Ақерке БИЖАН,
«Хантәңірі».
0 Пікір