Мұрат Нұрғайыпұлы НҰРДӘУЛЕТОВ: « Полиция қызметі – қоғамдық тәртіптің алтын арқауы»
(Сұхбат)
Қоғамдық тәртіптің сақталуы адамдар арасындағы өзара сыйласымдылық пен ертеңгі күнге деген сенімділікті нығайта түсетіні ақиқат. Өйткені,тәртіп бар жерде — табыс, табыс бар жерге бірлік пен береке ұялайтыны талас тудырмайды. Ал, сол халық арасындағы тәртіп пен реттілікті тұрақты жолға қоюдағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етіп, қылмысты оқиғалардың алдын алудағы міндеттерін мінсіз атқарып келе жатқан полицция қызметкерлерінің еңбектері ерекше.Оны аудандық полицияның тіршілік-тынысынан көріп те, біліп те жүрміз. Ауданымыздың қоғамдық тәртіп сақшылары қашандағысындай өздерінің төл мерекелері – «Қазақстан полициясы күніне» биыл да зор мереймен келіп отыр. Полиция қызметкерлерінің осынау мерекесі қарсаңында біздің арнаулы тілшіміз Райымбек аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мұрат Нұрғайыпұлы НҰРДӘУЛЕТОВПЕН сұхбаттасқан еді.
— Мұрат Нұрғайыпұлы, ең алдымен өзіңізді, өзіңіз арқылы аудандық полиция бөлімі қызметкерлерін төл мерекелеріңізбен құттықтаймын!
— Рахмет!
— Мереке қарсаңындағы сұхбатымыздың беташарын өз алдына мәртебе алған ауданымыздағы полиция бөлімінің қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігінен бастасаңыз?
— Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2018 жылдың 31 наурызында Райымбек ауданы өз алдына мәртебесін алса, сол жылдың 1 қазанында аудандық полиция бөлімі де өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, жұмысын бастаған болатын. Міне, сол уақыттан бері аталған құзырлы орын аудан көлеміндегі тәртіп пен реттілікті қамтамасыз етіп, қылмыспен күресу,қауіпсіздікті сақтау, азаматтардың құқығын қорғау жолындағы міндеттерін мүлтіксіз атқарып келеді. Оған қылмысты оқиғалар мен құқық бұзушылыққа қарсы жүргізіліп келе жатқан күрестің нәтижесі арқылы көз жеткізуге болады. Солай дегенмен де нақтылыққа жүгінгеннің артықшылығы жоқ.
2019 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында 73 қылмыс тіркелсе, 2020 жылдың осы мерзімінде 29 қылмыс тіркелген. Сөйтіп, көрсеткіш 2,5 есеге төмендеген. Бұл дегеніңіз, аудан көлемінде қылмысты оқиғалардың біршама азайғандығын көрсетеді. Солай десек те көңілді күпті етіп келе жатқан жайтты жасыруға болмас. Ол- мал ұрлығына қарсы қолданылатын жазаның күшейтілгеніне қарамастан, келеңсіз құбылыстың әлі де азаймай отырғандығы. Қарапайым ғана дәлел, 2019 жылдың алғашқы бес айында мал ұрлығы бойынша 10 қылмысты оқиға тіркелсе,(ҚК 188-бабы, 188-баптың 1- тармағы, бөтеннің мүлкіне қол сұғушылық және мал ұрлығы) ағымдағы жылдың осы уақытында бұл көрсеткіш 5-еу болып отыр.Сөйтіп мал ұрлығы бойынша қылмыстың ашылу деңгейі 65,0%-дан 66,7%-ға орындалды. Бұл дегеніңіз аты шулы қылмыстың сәлде болса төмендегенін көрсетсе керек. Бұл мәселеге әңгіме барысында айналып соғып, кеңірек тоқталатын боламыз.
— Келмеске кеткен кеңестік кезеңде халық арасында «милиция – қорғаның» деген жанға жайлы, құлаққа жағымды естілетін түсінік бар еді. Аудандық газет осы сөзді айдар етіп, қоғамдық тәртіп сақшылары жайлы ыстық ықыласқа толы мақалаларды жиі жариялайтын-ды. «Милиция» сөзі «полиция» болып өзгергелі осы бір ризашылық сезімге толы ұғым көп естілмейтін болды. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
—Сұрағыңыз орынды. Полиция негізінен-қоғамдық тәртіп сақшысы. Ал, қоғам дегеніміз – халық. Демек, біздің басты міндетіміз, сол халықтың арасынан табылып, солардың тыныштығын сақтау, тәртіп бұзып, елдің тынышын алушылардың жолын кесу. Әділетсіздікке араша түсу. Осы арқылы адамдарға қорған бола білу. Рас, полиция қызметіне қарапайым ел-жұрттың көңілі толмайтын, өкпе-реніші мен орынды сындарын айтатын кездер көп кездесіп жатады. Оның себебін мына жайттардан білуге болатын шығар деп топшылаймын. Қазір жоғары оқу орнын басқа салада бітірген, Отан алдындағы әскери борыштарын өтеп келген жастардың көпшілігі-ақ, полиция қызметкері болуға әуес. Өкініштісі сол,осы бір ерекше қызметтің өзіндік қиындығы, қыр-сыры, адам тағдырына қатысты құпиялары, өзіндік заңдылықтары бар екенін ескермейді. Иыққа погон тақсақ, қарапайым ел-жұрт өзімізден ығысып жүретіндей дәрежеге жетсек деген шолақ ойды жандарына серік етеді. Сөйтеді де қызмет бабын асыра пайдаланып, көңілге қонбайтын әрекеттерге барып жатады. Заңдылықты қорғаудың орнына, оны өздері бұзады.Осыдан келіп жеке бір адамның істеген ерсі әрекеті барша полиция қызметкерлерінің аттарына жамалады. Тағы бір мәселе, таразыны алдыға қойып, бір басына өз қызметіне адалдық пен ұлтжандылық, адамдарға деген сүйіспеншілік пен жанашырлық, жақсы көру сезімі сияқты адами құндылықты, екінші басына жанбағыстың қамы мен мансапқорлық сияқты керағар құбылысты қойып көрсек, екіншісінің салмағы басым тартып жатады екен. Бұдан шығатын қорытынды – полиция қызметіне көп жағдайда адамның білімсіздігі, полиция қызметіне қарым-қабылеті жетпейтіні мен бейімінің сай келмейтіндігін аңғарамыз.. Мұндай адамдар әрі дегенде бір-екі жыл ғана қызмет істеп, қиындығына көздері жеткен соң өз еріктерімен жұмыстан кетуге мәжбүр болады. Полиция қызметі бесаспап, өнебойында ақау жоқ, денсаулығы мықты, мінезі ашық та жайдары, адамдармен жылы шырайлы қарым-қатынас орнатып, соған қарай әрекет етуді аса қажет етеді. Әйткенмен, жоғарыда келтіргеніміздей, азаматтардың бәріне күйе жаға беруге болмас. Антына адал, қызметін абыроймен атқарып, халқына қорған болып жүрген азаматтар да баршылық. Осындай жандар қызметке көптеп тартылса, ел-жұрттың полицияны өздеріне қорған санайтын сенімдері нығая түсетіні анық. Сондықтан, мұндай қызметкерлердің атқарған істерін дер кезінде көре біліп, полиция тарапынан да, қарапайым адамдар тарапынан да ұдайы қолдау көрсетіліп тұрса, нұр үстіне нұр болары анық. Қазіргі полиция қызметін жақсарту үшін Ішкі істер министрлігінде жаңа реформалар жасалуда. Мұның қоғам өміріне тигізер пайдасы көп болатыны айтпаса да түсінікті. Полиция қызметі – қоғамдық тәртіптің алтын арқауы. Оның қызметіне баға беретін – халық. Ал, халықтың сенімінен шығу – біз үшін үлкен абырой.
-Қазір халықтың алаңдаушылығын тудырып отырған қылмыстың бірі – мал ұрлығы болып отырғанын, мұның тіпті заңдылық сияқты қалыпқа түскенін жасыра алмаймыз. Көңілге қаяу салатын қылмыспен аудандық полиция қалай күресіп жатыр. Осы мәселеге кеңірек тоқталсаңыз?
— Әрине, мал ұрлығы қазіргі таңда қоғамның өзегіне түскен жегі құртқа айналып отырғаны анық. Мұнымен полиция ғана емес, бүкіл халық болып күресуде. Нәтижесі жоқ емес, әттеген-айы да жетерлік. Мұнымен күрестің түрлі айла-шарғылары да кеңінен қолданылып жатыр. Тіпті,мал ұрлығына байланысты заң да қатайтылды. Осыған қатысты мына мәселені айта кеткен жөн. Алматы облыстық полиция департаментінің нұсқауын басшылыққа ала отырып, 2020 жылдың 24-28 ақпаны, 16-18 наурызы, 18-20 мамыры аралығында 3 мәрте аудан көлемінде «Мал ұрлығы» атты жедел профилактикалық іс-шаралар жоспары жасалынып,былтырғы жыл мен биылғы жылдың осы мерзімі аралығында ашылмай қалған мал ұрлықтары бойынша жедел-іздестіру топтары құрылды.Ұрланған малдардың аудан көлемінен өтіп кетпеуі үшін «Сарыжаз» бекеті қойылды. Мал ұрлығына қатысты күдік тудыратын адамдарды ұстаудың нысанды шаралары ұйымдастырылды. Мал,ет сататын, тері қабылдайтын орындар үнемі тексеріліп,бақылауда ұсталынды. Ет сататын адамдармен арнайы жұмыстар жүргізіліп,түнгі рейдтер ұйымдастырылды. Ауданнан тысқары тасымалданып бара жатқан малдардың құжаттары жіті тексерілді. Аудан аумағында мал ұрлығымен сотталғандарға тексерулер жүргізілу арқылы бұрын жасалған мал ұрлықтарының ашылуына мүмкіндік туды. Нәтижесінде «Мал ұрлығы» профилактикалық іс-шаралар бойынша барлығы 5 қылмыс тіркеліп, қылмыстың ашылуы 66,7 пайызға көтерілді. Ашылмай қалған қылмыстар бойынша іс-шаралар әлі де жалғасуда.
-Бүгінгі таңда қылмысты оқиғалардың ашылуына бейне-бақылау қондырғылары көп көмегін тигізіп отырғанын көріп те, естіп те жүрміз. Алматыға қарай шыға қалсақ, жол жөнекейгі аудан орталықтары мен күре жолдың бойындағы ауылдарға кіргеннен шыққанға дейін орнатылған бейне-бақылау қондырғыларына куә болумен келеміз. Осынау заманауи қондырғы біздің аудан орталығнда, ауданның шыға берісінде, әр ауылда неге жоқ деген сұрақ туындайтыны жасырын емес. Бұған не дейсіз?
—Дұрыс айтасыз. Бейне-бақылау құралдарының полиция қызметі үшін де, халық үшін ле маңызы зор. Райымбек ауданы бойынша 2019 жылы 8 бейне-бақылау камера орнату туралы Алматы облыстық полиция департаментіне сұраныс хат жолданған. Сарыжаз ауылы мен Нарынқол ауылының кіре берісіне бір-бірден, 6 қоғамдық орынға және көшелерге камера орнатуға құжаттар жасалуда. Сол сияқты аудан көлеміндегі ауылдардың кіретін-шығатын жолдарына да камера орнату жөнінде аудан әкіміне сұраныс хат жіберілді. Осыған орай аудандық полиция бөлімі басшысының қатысуымен аудан әкімі ауылдық округ әкімдерімен жиналыс өткізді. Аталған мәселе жиналыста қаралып, аудан әкімі Нұржан Кеңесұлы тиісті адамдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Жақын арада шешімін табады деген ойдамын.
-Қоғамдық тәртіпті сақтау барысында асқан жауапкершілік таныта қызмет еткен ардагарлер көптеп саналады. Сонымен қатар, жауапты қызметті атқару кезінде қылмыскердің қолынан мерт болған полиция қызметкерлері де ауданымызда бар екен. Солардың ерен еңбектері мен ерліктерін әріптестеріне, әсіресе осы салаға жаңадан келген жастарға үлгі етуде аудандық полиция бөлімінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын білсек?
-Полиция қызметінің ардагерлері аудандық полиция бөлімінің тұрақты назарында. Жыл сайынғы төл мереке кезінде бұл кісілерге арнайы сый-құрмет көрсетіледі. Сол сияқты міндетті жұмысын атқару барысында осыдан оншақты жыл бұрын Шалкөде ауылының учаскелік полициясы, аға лейтенант Ерлан Көксубайұлы Керімбеков қылмыскердің қолынан қаза тапты. Қоғамдық тәртіпті сақтау жолында өмірін қиды. Қылмыскермен күрес барысындағы әріптесіміздің іс-әрекеті ерлік ретінде бағаланып, ҚР Президентінің Жарлығымен марқұм 1-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.Артында анасы, аяулы жары, балалары қалды. Қазір аудандық полиция бөлімі марқұмның отбасын назардан тыс қалдырмай, қамқорлық жасауды тұрақты жолға қойған. Биылғы 7 мамыр-Отан қорғаушылар күні мерекесінде Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орныбасары Серік Жүнісбеков Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Күдебаевтың марқұмның отбасына ие болып отырған зайыбына жолдаған «Алғыс хатын» табыстады. Ал, аудандық полиция бөлімі жылдағысынша отбасына бағалы сыйлықтар табыстап, құрмет көрсетті.
Ендігі мәселе, алдағы уақытта ардагерлеріміз бен қызмет барысында мерт болған Керімбеков Ерлан сынды азаматқа полиция бөлімі кеңсесінің ішінен ерен еңбек пен ерлікті полиция қызметкерлеріне үлгі ету мақсатында арнайы орын ашу болып отыр. Қазір бұл жұмыстың жоспарлы шаралары жасалуда.
— Мұрат Нұрғайыпұлы, өзіңізбен құрған әңгімеміз де аяқталып қалыпты. Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рахмет. Сөзіңіздің соңында өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің де аттарын атап, аудандық полиция бөліміндегі әріптестеріңізге деген мерекелік лебізіңізді арнайы білдіріп кетсеңіз?
-Полиция бөлімінде міндеттерін мінсіз атқарумен қатар адами қасиеттерімен де ел алғысын арқалап жүрген жігіттеріміз аз емес. Солардың қатарына Шалкөде ауылдық округінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Мұрат Жұмаділов, жас та болса, өз мамандығын сүйіспеншілікпен атқарып жүрген полиция лейтенанты Асхат Жақашбаев, КПБ бастығы, полиция майоры Санат Демеуов, жедел уәкіл, полиция аға лейтенанты Әсет Молдасанов сияқты қызметкерлерімізге айтар алғысымыз шексіз. «23 маусым – Қазақстан полициясы күні» мерекесінде аудандық полиция бөлімінің барлық қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймын. Дендеріне саулық, отбастарына амандық, қызметте толайым табыс, тәуелсіз еліне, халыққа адал қызмет етулерін тілеймін!
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,
«Хантәңірі».
0 Пікір