МӘҢГІЛІК МҰРАҒА ҚОСЫЛҒАН ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

        Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын,

        Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын.

                                                                            Мұқағали.

       Жүрегінің түбіне сыр жасырмай айтып өткен ақиық ақын сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрды. Шүкір! Артында қалған іздеуші, сұраушы, жоқтаушы елі-жұрты, қалың оқырманы бар жерде Қарасаз топырағында туған қастерлі ұлдың өлмейтін, мәңгілік екінші ғұмыры соқпағын салып келеді. Ақынның 90 жылдығында өзгені айтпағанның өзінде қасиетті Қарасазда, еңбек жолы өрілген Нарынқолда ізгі де игі шаралар бірінен соң бірі жалғасуда. Биыл толатын ақынның 90 жылдығына дайындық өткен жылдан бастау алды. Облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей қолдауы, назарына алуымен игілікті істер жүзеге асырылып жатыр. Ең негізгісі — Мұқағалидың еңселі ескерткіші аудандық әкімдіктің жанынан бой көтеріп, айналасы көз сүйсінерліктей абаттандырылады. Қарасазға дейінгі жол қалыпқа келтірілді. Қарасаз ауылындағы ақын мұражайы, мәдениет үйі мен мектеп ғимараттары ағымдағы жөндеуден өткізілмек. Ақын ескерткішінің ашылу салтанаты алдағы шілде, тамыз айларына белгіленіп отыр.

        Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына таулы өлкеден шыққан қарымды жазушы, публицист қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисті, биыл 75 жасқа толған Жақыпжан Нұрғожаев қымбат тарту-таралғысын жасады. Атап айтқанда, Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығына жүргізген терең зерттеу жұмыстары, эсселері, әңгімелері мен ақынның көзін көрген айтулы замандастары, қазақтың біртуар азаматтарымен жүргізген сұхбаттары негізінде жазылған, дайындалған «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты кітабы жарық көрді. Бұл – ақынның мерейлі де мерекелі жылындағы айтулы дүние, Мұқағалитануға қосылған қымбат қазына, ұлтымыздың әдебиетіне қосылған қомақты қолтаңба болып қалды.

        Өткен аптаның қасиетті жұма күні Райымбек ауданының орталығындағы Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінде Мұқағалидың 90 жылдығы, Жақыпжан ағамыздың 75 жылдығы аясында аталған кітаптың тұсауы салтанатты түрде кесілді. Мұқағалидай таңғажайып ақынның туылған өлкесінде кезекті ақын тойы, поэзияның мерекесі, кітаптың қуанышы орнымен аталып өтті. Жақыпжан ағамыз дүниеге әкелген 700 беттік, 43 баспа табақтық кітап Мұқағалидай ақын ағасының артындағы іздеушісі, жоқтаушысы, мұрасын түгендеушісі болып жүрген еңбекқор бірегей жазушы інісінің бар екенін айқын көрсетті. Жақаң Мұқағалидың атасы Райымбектей батыр бабамыздың 300 жылдығында алғашқы саны ел қолына тиген, шыға бастағанына бүгінде 16 жылға аяқ басқан, Мұқағалитанудың бастауы болған «Мұқағали» журналының жарық көруіне негіз қалаған жандардың бірі. Мұқағали туралы хикаяттардың желісінен құралған алғашқы роман-эпопеяның жүгін көтеріп тұрған көлемді туынды, қомақты кітап арқылы Мұқағали мен Асқар Сүлейменовтің арасындағы диолог арқылы көп дүние көз алдыға келеді. Нұрғиса мен Мұқағалидың, Мұқағали мен Шәмшінің, Мұқағали мен Бексұлтан Нұржекеевтің арасындағы таныстық, қарым-қатынас бәрі-бәрі әсеріне толы. Кітаптың 2 бөліміне Мұқағали туралы эссе-әңгімелер топтастырылған. Мұқағалидың ақын Олжас Сүлейменовпен, әнші Бақыт Әшімовамен, Төлеген Айбергеновпен, Ғабит Мүсіреповпен, Тоқаш Бердияровпен өрбіген әңгімелері ең құнды естеліктер болып табылады. Әйгілі Олжас ақынмен Шалкөдеге сапар шеккені, Ғабиттің өзіне алтын жалатылған қаламын сыйға тартуы сондайлық әсерлі. Осынау берері көп, ұсынары жетерлік қымбат қазыналы кітапқа қолдаушылығын көрсеткен белгілі меценат, алтын жүректі азамат Амангелді Ермегияевтың Мұқағалимен жол үстінде кездесуі де көркем тілмен әдемі өрілген.

       Әсерлі әдеби кешті Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Бақыт Беделхан жүргізіп отырды. «Хантәңірі» халық театры кітап негізінде дайындалған ақын туралы шағын сахналық көрінісімен кеш шымылдығын ашты.

        -Жазушы жерлесіміз Жақыпжан Мұсабекұлы өзінің мәнді де мағыналы ғұмырын «ХХ ғасырдың таңғажайып ақыны» атанған Мұқағалидай қымбатты ағасына, шын мәнінде «Мұқағалитану» деп аталатын әдемі, әсерлі дүниеге арнап келеді. Жақыпжан ағамыз Хантәңірі шыңының баурайынан, Қарасаздың қасиетті топырағынан қанаттанып, қазақ поэзиясының асқақ тұлғасына, соны құбылысына айналған Мұқағалиды әрдайым биік қоя білді. Таңғажайып ақынның іздеушісі, сұраушысы, жоқтаушысына, мұраларын түгендеушісіне айналды. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің «Мұқағалитану» деп аталатын ғылымын жаңа да тың деректермен молықтырып, толықтырды. Ақиық ақынымызды танып-білуге өлшеусіз еңбегін сіңірді. Мұқағали туралы, шығармашылық әлемі туралы кейінгі жылдар ауқымында жиған-тергендері қосылып жарық көрген «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты жаңа кітабы да қазақ әдебиетіне қосылған қымбат қазына, қастерлі жәдігер болып қалатыны шындық. Бұл үшін Аспантаулар өлкесінің барша халқының атынан, өлең сүйер, өнерді жоғары қоятын елі-жұртының атынан үлкен алғыс сезімімді білдіремін. Өз ағасын ағалаған, артында қалған іздеуші, сұраушы, жоқтаушы інілерінің біріне айналған Жақыпжан ағамыздың қаламы талмасын!,-деп сөзін ыстық ықыласымен түйіндеген Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов, таулы өңір тұрғындарының атынан Жақыпжан ағамыздың арқасына зерлі шапан жауып, шығармашылық табыс тіледі. Аспантау өңірінің төл перзенті, ақын Серік Сүйіндік жырдан шашу шашты. –

       Бүгінде жетпістің бесеуіне келген Жақыпжанмен таныстығым өте ертеден бастау алды. Міне, біздің достығымызға, өзара жақсы қарым-қатынасымызға 40 жыл уақыт болды. Әр жазғанын көркем тілімен кестелеп, оқырманының жүрегінен жолын табардай етіп бірақ ұсынып отырады. Әсіресе, Мұқағалитануға қосып келе жатқан еңбегі ерен. Ақын туралы не жазса да таусыла зерттеп, бар жақсы қасиеттерін ашып, кісілік-кішілік келбетін көз алдыға келтіре отырып, шебер тілімен боямасыз әңгімелейді. Оқырманын иландыра отырып, ақынның болмысын сомдап отырады. Қолымызға тиген Мұқағали туралы кезекті кітабы – ұлттық әдеби мұрамызға қосылған қымбат дүние. Мұқағали – ұлтымыздың ұлы ақындарының бірі. Оның жыр мұрасы мәңгі жасай береді,-деді әдебиет сыншысы, жазушы Бақыт Сарабалаев.

       Кітаптың тұсаукесер салтанатының әсерлі шақтарында республикалық әдебиет, мәдениет және өнер апталығы саналатын «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат бастаған ұжым да лайықты сый-құрметтерін көрсетіп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Мұқағали туралы жаңа кітап иесімен өткен ғасырда Жалаңаш ауылындағы мектеп-интернаттың қара нанын бөлісіп жегенін, Райымбек ауданының әкімі болып тұрған кезінде Мұқағалидың туылған күніне орай, дарынды оқушылар арасында республикалық байқаудың сәтімен жалғасып отырғанын есіне алған қоғам қайраткері Байғожа Нұрғожаев жылы лебізімен қатар кеш тізгінін ұстаған айтулы арқалы ақын Бақыт Беделханның арқасына шапан жауып, құрметін көрсетті.

       -Ақынын ардақтаған туған елім-жерімнен, соны ойластырып, қамдастырған азаматтардан айналайын! Алғыстан басқа айтарым жоқ. Ашығын айтайын, Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің бірі Жақыпжан Нұрғожаевты өз басым жазушы деп бағалай қоймайтынмын. Мықты журналист, публицист қаламгер, білікті ұйымдастырушы деп бағалайтынмын. Осы кітап қолыма тиген соң бас алмай оқып шықтым. Алған әсерім ұшан-теңіз. Осы бір үлкен еңбек арқылы Мұқағали туралы тың дүниелерді, соны оқиғаларды кезіктіріп, ақын туралы түсінік-танымым одан сайын арта түсті. Мұқағали мен Лашынның арасындағы махаббат сезімін айтыңызшы?! Кейбіреулер Лашын жайлы кері әңгімелер айтады. Мұқағалиды танып-білу үшін осы кітапты оқу керек. Осы кітап арқылы Жақыпжанды нағыз жазушы деп таныдым, тілі шебер сөз зергері деп бағаладым. Мұқағалидай ақын ағасының іздеушісі, сұраушысы болып жүрген қажырлы еңбегі ақталып жатыр,-деді белгілі қоғам қайраткері, ардагер журналист Рысбек Сәрсенбаев шын көңілімен.

       — «Бітер істің басына, жақсы келер қасына»,-демекші, Жақыпжан ағамыздың Мұқағали туралы жаңа кітабының қуанышында таулы өңірден шыққан академик ғалым Кеңес Нұрпейісов туралы да жаңа кітап жарыққа шықты. Кеген ауылындағы бұрынғы №3 Кеген орта мектебіне академиктің аты берілді. Мұқағалидай ақиық ақын ағамыздың 90 жылдығына өз тарапымыздан да игі істі қолға алып жатқан жайымыз бар. Тарих ғылымының докторы, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иесі Кеңес Нұрпейісов өз тұсында, көзінің тірісінде Мұқағалидың «Райымбек!,Райымбек!» атты поэмасына алғысөз жазып беріп, аталған туынды «Лениншіл жас» қазіргі «Жас Алаш» газетінде алғаш рет жарық көрді. Мұның өзінде де айтылар жайттар толып жатыр. Бүгін ұлтымыздан шыққан алып тұлғалардың, қалың журналистердің, қаламгерлердің қара ошағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ыстық лебізін ала келдік,-деген аталған университеттің «Қазақ тарихы» факультетінің профессоры Талдыбек Нұрпейісов университеттің ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берді. Ж. Нұрғожаевтай қаламгер есімінің университеттің атақты түлектеріне арналған Құрмет тақтасында тұрғанын орнымен сөз етті. Жақаңның үміті мен сенімін ақтаған талантты журналист інілерінің бірі, жақында ғана ҚазҰУ-нің жанындағы «Қазақ университеті» баспасының бас редакторы болып іске кіріскен Кәдірбек Құныпияұлы да сөз алып, жүрекжарды арнау өлеңін оқыды.

        Жақыпжан Нұрғожаев облыстың айнасы «Жетісу» газетін ұзақ жылдар басқарған айтулы редактор, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, қамқор аға бола білді. Жазу өнеріне деген қабілет-қарымын танып, талантын бағалап, дарынын қадірлеп жұмысқа алған, журналистік жолдағы қадамына сәттілік тілеген журналистер қауымы жетіп-артылады. Басқаны айтпағанның өзінде газеттің Іле ауданындағы, Қапшағай қаласындағы меншікті тілшісі болып жұмыс істеген қазақтың талантты ақын қызы, «100 жаңа есім жобасының» иесі Мақпал Мыса қазір Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, халық қалаулысы атанды. Нүсіп Әбдірақым, Жұматай Оспанұлы қазір газет редакторының орынбасары, Қуаныш Тұңғатар редакцияның меңгерушісі болып еңбек етіп жүр. Кітап тойында Жақаңның шәкірттері «Жетісудың» Қарасай, Іле аудандарындағы тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Қуат Қайранбаев, редакция меңгерушісі Қуаныш Тұңғатар және осы жолдардың авторы болып «Жетісу» газетінің атынан лайықты сый-құрмет көрсетілді.

       Осынау әсерлі кешке «Нұр Отан» партиясы Ұйғыр аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Мұқажанұлы, «Ұрпақ парызы» қоғамдық ұйымының төрағасы Жанет Керімқұлов, зейнеткер ақын Мамытхан Құдайбергенов арнайы қатысып, аудан атынан жазушының арқасына шапан жауып, ыстық ниеттерімен бөлісті.

       — Осынау басқосуды ұйымдастырған азаматтарға, құрмет көрсеткен баршаңызға алғысымды айтамын. Ел-жұртымның ортасында аман-есен 75 жасқа толған шағымда маған айтылған жылы сөздердің, пікірлердің, ниеттердің барлығы жанымды жадыратты, көңілімді марқайтты. Жазушы үшін, қаламгер үшін еткен еңбек, төккен терінің жемісін көргенінен артық қуаныш пен бақыт жоқ. Мен сондай күйдемін.Рысбек Сәрсенбаев, Батық Мәжитұлы секілді азаматтармен бірлесе отырып, Райымбектей батыр бабамыздың 300 жылдығында «Мұқағали» журналының алғашқы санын шығардық. Шүкір, көптің ыстық ықыласын тудырған «Мұқағали» журналының ақын туралы оқырманына бергені көп. Мұқағалитанудың бастауы болған бұл журналдың жазары, қозғары көп бола беретіні даусыз. Мұқағалиды алғаш Қарқара жайлауында көрдім. Кейін бір Кегенге келе жатқанында сапарлас болып, Бөлексазда тұратын қайынағасының үйіне жеткізісіп салғаным бар. Мұқағали – қазақ поэзиясының қайталанбас ірі тұлғасы. Бүгінгі кітап үлкен істің бастауы. Аман-есен болсақ, ақын жайлы үлкен томдық кітап құрастыруды көздеп отырмын,-деді Мұқағали туралы «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты кітаптың авторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисті, ҚР Президенті сыйлығының иегері Жақыпжан Нұрғожаев.

       Иә, туғанына биыл 90 жыл толып отырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың есімі ғасырдан ғасырға жалғасып, уақыт үнімен үндесе беретіні, кезең-кезеңімен келген ұрпақтың рухани сырласына, жан жолдасына айнала беретіні шындық. Оны өткен аптаның қасиетті жұма күні аудандық Б. Мұқай атындағы мәдениет үйінде тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартқан тағы бір қымбат қазына, «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» атты кітапты парақтаған кім-кім де айқын аңғаратыны анық.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

«Хантәңірі»,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password