МҰҚАҒАЛИМЕН ҮНДЕСІП ӨСКЕН АҚЫН
Омырауын қырқаның түлік емген,
Сені ойлаймын туған жер түніменен.
Ай-хой, шіркін көзімді ашушы едім,
Сыңғырлаған бұлақтың үніменен,-деп жырлаған Сәлім Жусанбаев Тәңіртаудың етегіндегі Шалкөде ауылының бір перзенті. Көдек пен Шарғын, Мұқағали мен Еркіндей ақындар шыққан өлкенің бір ұлы болғандықтан жастайынан жырға жақын болды. Өлең өлкесінен бір сәт те алыстап көрмеді. Үлкен өмірдегі таңдаған жолы, мамандығы бөлек болғанымен ақындар мен батырлар шыққан қасиетті мекенде туып, өскендіктен өзін солардың сарқытындай көрді. Көдек пен Шарғын толғаған, Мұқағали мен Еркіннің жүрегін баураған киелі жырдың бөлінбес бөлшегіндей сезінді. Әсіресе, Мұқағалидың жырын жаттап өскен, тауларындай асқақ арманшыл, бұлақтарындай тұнық ойлы зерделі жастан өлең де іргесін аулақтатқан жоқ. Қазіргі Қазақ Ұлттық аграрлық университетін экономист мамандығы бойынша бітірген Сәлім аталған оқу орнында жүрген кезінде-ақ «Мұқағалидың інісі» атанды. Мұқағалидың жырларын бірінен соң бірін өзіне тән айшықты үнімен жатқа айтатын Сәлім жүрген жерін, отырған ортасын жыр думанына бөлей жүрді.
Көзімін артта қалған көнелердің,
Көктеген бұтағымын жыр өнердің.
Сақтаған сарқытымын сабадағы,
Еркін мен Мұқағали, Төлегеннің!,-деп жырлағанындай, ақын ағаларына еліктеп жыр жазып, соларға ұқсағысы келіп өлеңмен сырласып жүріп, өзі де берісі Аспантаулар өңірі, арысы Жетісу өлкесі таныған арқалы ақын болды. Түгін тартсаң майы сорғалаған, құшағынан дауылпаз жыр мен сабадағы қымыздың иісі аңқыған, баурайынан әсем ән мен тәтті күйдің сазы естіліп жататын киелі де қасиетті өлкеден шыққан Сәлімнің тау басына қонақтаған аппақ бұлттардай ойларын ақ қағаздың бетіне жыр етіп кестелеуге, өлең етіп өрнектеуге әбден қақысы бар еді. Әсем қарағайлары көрік берген биік тауларының басына қарап, қырқаның әтір иісі аңқыған ерке самалына кеудесін тосып, арынды өзені мен мөлдір бұлақтарына аппақ армандарын жүздіріп өскен жігіттің ақын болып қалыптаспасқа әбдісі де болмады. Шүкір, қазір өзі туған өлкесінен шыққан Көдек пен Шарғынды қадыр тұтқан, Мұқағали мен Еркіннің ізін жалғаған кейінгі толқын ақын інілерінің біріне айналды. Сәлімнің жырлары тау өзеніндей арынды. Қысы қатал, жазы салқын, ауасы мен самалы бөлек тау мінезіндей, таудың болмысындай кесек. Ойы мен ниетінің бәрі тау бұлағындай тұп-тұнық. Мұқағалидың жырын жаттап, ақынның өлеңдерімен сырласып жүрген бозбала шағында көңіліне келіп қалған көрікті ойларын ақ қағаз бетіне түсіре бастағанда туған тіліміздің маманы, ұлағатты ұстаз болған сүйікті де қымбатты анасы Раушан Ауытбаева көптен – көп қолдаушысы болды. Әр басқан қадамына дем беріп отырғанын ешқашан жадынан шығарған емес.
Жерұйықсың жан бар ма таң қалмаған,
Сен дегенде кеудемде жан қалмаған.
Тәлейіме тұмар ғып таңған маған,
Қызырымсың Қос Шибұт қонған маған, — деп жырлағанындай, Сәлім ақын кішкентай кезінен көзін ашып көрген тауларына, қарағайлы орманына, қырмызы гүлі бар маңына ғашық. Саф ауасына, көркем даласына бар жанымен ынтық. Арнасында патша балығы тулаған өзені мен тау басынан төмен қарай сыңғырлай ағып жататын бал бұлақтарына деген ықыласы шетсіз де шексіз. Сол әсем өлкеде, тауларының құшағында өмір сүріп жатқан ел-жұртына деген сағынышы, махаббаты бөлек те ерек. «Айғайтас» атты жыр жинағы бар. Шалкөде өңіріндегі Қарағайлы, Қабанды, Жайдақ, Түзу және Қисық сай, Шоқан асқан деп аталатын тарихи құндылығына толы жерлердің бәрін жүрегімен жырлап жырына қосты. Содан да болар Сәлімнің өлеңдерінен даласының жұпар иісі, тауларының салқын да саумал самалы аңқып тұрады.
Қас батырдай кешегі,
Қабағынан мұз бүріккен.
Мұзбалақтар мекені,
Хан – Тәңірдей қарт шыңым.
Қабағында түйілген,
Қаталдық бар, мәрттік бар.
Сенде тудым білем мен,
Жүрегіңде жоқ ызғар.
Бір шығармай санамнан,
Сені аңсаумен келем мен.
Арман бар ма адамда,
Сенде туып, сенде өлген?!,-деп жырлайды ақын шын жүрегімен толғанып. Елі мен жерін, туған Отанын, ыстық мекенін жанындай жақсы көретін ақын соның бәрін жыр жолдарына кестелеп келеді.
Қазақ жері ата жұрт,
Көк байрағым көгімде.
Тәуелсіз ел атандық,
Егемендік төрімде.
Қарашығым ашылды,
Түрді құлақ жаһан тік.
Бағы оралды басымның,
Қамытын сілкіп отарлық,-дейді Сәлім ақын «Естідің бе, Тәңірім!» атты Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнаған толғауында. Ақынның «Жетісу – жеті тамыр бойымдағы», «Домбыра», «Бақыт», «Көктем», «Наурыз», «Сары ала күз», «Тау баласы», «Тауға айналам», «Елшенбүйрек» секілді өлеңдерінің бәрі туған елі-жеріне арналған. Ақынның әр жылдары жарық көрген «Өткерген өмірімнің бәрі майдан», «Уақыт үні», «Қарлығаштың ұясы», «Айғайтас» секілді жыр жинақтарының бәрін ақтарып қарасаң, туған Отанымыздың, Хантәңірі шыңының баурайын мекендеген таулы өлкенің тынысын сезінесің. Басын мәңгі қар жапқан асқақ шыңдары көз алдыңа келіп кетеді. Жыр жолдарынан туған жердің бастау, бұлақтарының, әдемі құстарының сазды үнін естисің. Құшағында жүрген жандарына орман әрі қорған болып келе жатқан атамекеннің, тәтті мекеннің жылылығын сезінесің. Таудың өзгеше арайлы таңын, жайдары күнін, керім кешін, айлы түнін көргендей боласың. Сай-саласы, кең даласы, ну орман-тоғайынан ұшырасатын табиғи жеміс ағаштарының, қарақат пен бүлдіргеннің нәрлі дәмін татқандай күй кешесің. Таулы өңірдің сары қымызы мен бал бұлағына тамсап бір шөліңді қандырғандай жеңілдеп сала бересің.
Біз сөз етіп отырған Сәлім ақын ата бабаларымыздың, ұлтымыздың бар жақсы қасиеттерін бойына жинаған, гауһар, маржандай салтдәстүріміздің, жөн-жоралғыларымыздың ізгіліктерін ұстанған ақын. Атасы Жусанбайдың, әкесі Октябрь мен анасы Раушанның тәлімі мен тәрбиесін алған жан. Жұбайы Майгүл екеуі Тәуелсіз Отанымыздың тірегі мен тілеуі болып келе жатқан білімді, білікті, ақылды, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, қанаттандырып, ұлдарының бір-бір шаңырақтарымен, немерелерімен шағын ауылға айналып келе жатқан бақытты отбасының иелері.
Балаларым бақытты шам-шырағым,
Жаратқаннан жалынып шын сұрадым.
Өздеріңнің бойыңнан көрсем, шіркін?!
Ер Қазақтың дархан бір тамшы қанын,-деп жырлағанындай, ұлдары үміттерін ақтауда. Ақындық, сөз өнері дарып, жолын қуғандары да бар. Армандай ұлы республикалық аға басылым «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі. Ғалымдай ұлы Райымбек ауданы әкімінің орынбасары болып жемісті, абыройлы қызмет атқарып келеді. Сәлімнің дәл мамыр айында дүниеге келген, бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған сүйікті жары Майгүлге арнаған «Қарлығаштың ұясы» атты өлеңі, осы аттас жыр кітабы бар.
Анасын әр балапан,
Күтуден талмайды да.
Байқаймын басқа алақан,
Жұбата алмайды да.
Ұясы қарлығаштың,
Тілеймін құламауын.
Сенің де балапаның,
Тілеймін жыламауын,
Менің де балапаным,
Тілеймін жыламауын,-дейді «Қарлығаштың ұясы» атты өлеңінде. Сезімтал ақын қарлығаштың балапандарын өзінің балаларына, оған жем тасымалдап жүретін қарлығашты қымбатты жарына теңеп суреттейді. Өте тамаша орынды сөз тастайды. Бәрі жарасып тұр. Жүректен шыққан дүние жүректі иітіп тастайды. Алпыс атты белесіне аттап, еңбегіне толы күндерін, жырына толы түндерін өткеріп жатқан Сәлім қарлығаштың ұясындағы балапандардай ұрпағымен өсіп-өркендеп, өрісін кеңітіп келеді. Оқырмандарына сүбелі жыр жинақтарын ұсынып үлгерген соны соқпақты, тау мінезді, дара үнді, бекзат болмысты ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Қырыңа мен де бір күн дамылдармын,
Қасиет сенен келген қанымдағы.
Ілияс, Мұқағали іңкәр болған,
Жетісу-жеті тамыр бойымдағы,-деп жырлаған Сәлім ақынның көрер таңдары, жазар жырлары, еліне ұсынары, жеріне тұмар ғып сыйлары, татар бақыты мен жақсылықтары алда. Біз соған қуанамыз.
Қанат Біржансал,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
0 Пікір