МҰҚАҒАЛИДЫҢ БІЗ БІЛМЕЙТІН ҚЫРЛАРЫ

    Мен туған  Қайнар ауылы Мұқағали ағамның Қарасазынан онша алыс емес. Екі араны бөліп жатқан-түйе өркешті Қаратау ғана. Егер, Мұқаң жарау атқа мініп, Қайнар жаққа бет алса, мен атпен солай қарай шықсам, жарты сағаттан сәл астам уақытта әлгі Қаратаудың жотасында кездесер едік!?…

Қайнарда сегіз жылдық мектепті бітірген соң бір жыл Сарыжазда оқып, одан соң Нарынқол орта мектебі жанындағы интернатқа орналасқам. Осы интернатта сонау қырқыншы жылдардың соңында Мұқаң да оқыған екен…

Сағат Әшімбаев құрдасым Сарыбастаудағы орта мектепті Алтын медальмен бітіріп жатқанда нарынқолдық Баққожа Мұқай екеуіміз он бірінші сыныптың емтихандарын тапсырып жүргенбіз. Көктем кезі. Кегенге қосылған Нарынқол ауданы қайта бөлініп жатқан. Бұрын аудандық газет редакторы болған біздің ұстазымыз-Әлнұр Мейірбеков әлгі газетке қайтадан редактор болғанда, Баққожа екеуімізді он бірінші сыныпты бітірер тұста қызметке алды. Кіші әдеби қызметкерміз. Бұрын Мұқағали ағамыз осы газетте тілші, жауапты хатшы болып істеген екен. Мұқаң туралы алғашқы әңгімелерді редакторымыз Әлнұр ағадан естігенмін. Өте қабілетті, адал, қажет болса намысын жібермейтін өткірлігін де айтып отыратын…

*  *  *

     Расында, Мұқаңның алғашқы шағын өлеңдері мен көлемді поэмалары Нарынқолдағы «Советтік Шекара» газетінде жарық көрген. Бір сөзбен айтқанда, Мұқаңды алғаш танып, талантын бағалаған, әйгілі ақын Әбділда Тәжібаевпен табыстырған адам – сол Әлнұр Мейірбеков болатын. Ол кісі Мұқаңның Алматы секілді шаһарға келіп, үлкен ортаға араласуына, қазақ радиосында диктор, сол кездегі «Мәдениет және тұрмыс» журналында, кейін Қазақстан Жазушылар одағында қызметтер атқаруына Әбділда ақын тікелей себепші болды. Расымен Мұқағалиды алдымен Әлекең арқылы сырттай танып білдім. Ал тікелей жүзбе-жүз кездесуім Еркін Ібітанов ағам; Мұқағали ағаңа бер!,- деп, мен КазГу-дің журналистика  факультетіне оқуға түсерде, қолыма ұстатқан тілдей хат арқылы болды…

         Алматыға келдім. Қаланы көп біле бермейтін мен бейбақ, әйтеуір адасып жүріп, ақын ағам тұратын бұрынғы Интернациональная көшесіндегі 129 үйдің жиырмасыншы пәтерін әзер таптым. Есікті Лашын жеңгем ашты.

— Әй, сен?… Сонда Әлекеңнің қарауында, әлгі жалқау Еркінмен бірге бір жыл тілші боп жұмыс істедім деймісің?… Маладес!…Мен де сөйткем…

Қайран Әлекем!..Кемеңгер ағам ғой ол менің!…

Сөйтіп Мұқаң мені жетелеп, қазіргі Өнер академиясының ғимаратындағы КазГУ-ге әкелді. Құжаттарымды тапсырдық. Басқа пәндерге әзірлігіме сенем. Ал неміс тілінен таяз екенімді айтқам Мұқаңа. Әйтеуір сол кісінің жетегімен университетке түстім. Содан бастап ол кісі дүниеден озғанға дейін, орайы келген сәттерде, араласып тұрдық. Сондағы байқағаным, ол кісі әлдебіреулер айтып жүргендей, тек «Сейіл-серуенмен…» ғана ғұмыр кешкен жоқ. Өлеңінде айтқанындай, бір Жаратушы барын мойындай отырып, өзі өмір сүрген Уақыт пен Заманның, Адам мен Қоғамның көлеңкесі мен шуағын, ағы мен қарасын көңіл сүзгісінен өткізіп, ақындық қуаты мен кестелі сөзін отты жырына арқау етіп өтті. Ол өз заманының запыранды зарын, шуақты шаттығын ұлы Абайша тереңнен қозғап, Махамбетше толғады!… Сол үшін біреулерге жақпай қалған сәттері де болған шығар?.. Ол қолынан келсе қиналған жанға жәрдем беруге дайын тұратын. Әсіресе, жас таланттарды жақсы көріп өтті. Бүгінде қалың оқырман таныған белгілі ақын Иран-Ғайып, марқұм Кеңшілік Мырзабеков пен Тынышпай Рақымов, Жарасқан Әбдірәшев секілді інілерімен етене жақын жүрді. Ал ересек ақын-жазушылардан Тоқаш Бердияров, Бекен Әбдіразақов, құрдасы Шәміл Мұхамеджанов, рухани ағасы бола алған сол кездегі жауапты партия қызметкері Заманбек Батталханов, ауылдас інісі Еркін Ібітанов, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы, Баққожа Мұқай, Оразақын Асқар, қарасаздық құрдастары әрі сыныптастары Сыдық Ахметов, Әбдіке Асановтармен жиі сырласып, кей сәттерде мұңдасып та жүретінін жиі көретінмін… Ол шынайы таланттарды қатты қадірлейтін. Мәселен, сонау Қарақалпақстанның астанасы Нүкісте отты ақын Төлеген Айбергенов қыршын жасында оқыс көз жұмғанда өзі жұмыссыз жүрген Мұқаң қалталы әріптестерінен қарыз ақша алып, жерлесуге барған… Тіршілігінде Төлегенмен дәмдес, дастархандас болғандар аз емес еді ғой… Олар неге бармады!?… Міне, Мұқағалидың досқа адалдығы, азаматқа тән мәрттігі, шын талантты тануы осындай болған!…

*  *  *

…Мұқағали ақын қайтыс болған алғашқы сәттен бастап әлгі азаматтар қазаға қатысып, барлық мәселелерге атсалысқанын  да көзім көрді. Мақатаевты Нарынқолдан Алматыға шақыртып, қызметке орналастырып, тіпті үй алуына да көмегі тиген әйгілі ақын Әбділда Тәжібаевтың Мұқаң қайтыс болғанда оған Кеңсайдан жер алу үшін де жанын салғанын көрдім. Соқтықпалы-соқпақты тағдыр иесі Мәскеудегі Бүкілодақтық Әдебиет институтын да тастап, Алматыға қайтқанда әлгі оқу орнының жатақхана тұрғыны деген тіркеуден шықпастан кете берген ғой… Жерлеу рәсімінен айналысатын мекеме паспортын көргенде Мұқаң «Мәскеудің тұрғыны» боп шығады да, олар жер бөлуге үзілді-кесілді қарсы болады. Мені қаралы үйде «кезекші-қолбала» болсын деп қалдырып кеткен Бексұлтан ағам: — Телефонға Әбділда ақсақалды шақыр,-деді. Шақырдым. Жер берілмей жатқанын естіген ақын ашуға мініп: — Бер телефонды бастығыңа!, -деді күркіреп. — Әй, товорищ! Сенімен сөйлесіп тұрған қазақтың академик ақыны–Әбділда Тәжібаев! Әгәрәки, бар ғой!?… Мұқағали секілді ақмаңдай ақынға Алматыдан екі метр жер бере алмасаңдар ісім сендермен болады! Прописк деген оттаубай сөзіңді доғар! Алып қал паспортың!,-деді ақырып… Сөйтіп жерді алды. Қазір ақын мұражайында оның төлқұжаты көрінбейді. Кейде ойлаймын сол мекемеде қалған шығар деп…

Әбділда ақынның сөзімен айтқанда, Мұқағали қайтыс болған күннен бастап қалың қазақтың көзі шынайы һас таланттан көз жазып қалғанын түсінді. Түсінді де оның Ұлы рухын, маржан жырларын төбелеріне көтерді! Оған Мемлекеттік сыйлықтың өлгеннен соң берілуінің өзі көп жайды аңғартса керек…

*  *  *

Ақынды соңғы сапарға шығарып салу, оның Кеңсайдағы мәңгілік жер бесігіне ескерткіш қою, туған жерінде, Алматыда көше мен мектептер атын беру шараларына алдымен Жазушылар Одағы, қала мен аудан, ауыл басшылары, үкіметтегі билік тізгінін  ұстаған азаматтар қыруар жұмыстар атқарды. Қарасазда үлкен мұражай ашылды. Нарынқол мен Алматыда көшеге, мектеп-гимназияға ақынның аты берілді. Кейін қазіргі Мақатаев көшесі мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы шағын саябақтың қақ ортасынан тау тұлғалы ақынның еңселі ескерткіші бой көтерді.  Кезінде Қазақстан Жазушылар Одағы, ақын атындағы Халықаралық Қор «Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты» деген әдеби марапат белгі тағайындады. Солардың қатарында өзімнің де болғанымды, ақын тағдырына және шығармашылығына қатысты үш кітапты оқырман қолына бергеніме тәубе деймін!

1995 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Мұқағали» естелік кітабы көпшілік оқырмандардың сұрауы бойынша араға он тоғыз жыл салып барып, «Хантәңірінің мұзбалағы» деген атпен қайтадан толықтырылып, жарық көрді. Кітапқа ақынның ұлы Жұлдыздың «Әке туралы сөз», тете інісі Тоқтарбай марқұмның «Аға туралы сөз» деген естеліктері, қыздары Алмагүл мен Шолпанның жазғандары енгізілді. Әсіресе, белгілі қаламгер Ғаббас Қабышұлының «Ол одақтан шығарылған жоқ» деген естелік-дәлелі көп ел біле бермейтін шындықты ашып берді деуге болады. Мұқаңа қатысты атқарсам деген біраз шаруалар әлі де бар.

*  *  *

Ақынның өз көшесіндегі жоғарыда айтқан еңселі ескерткіштің бой көтеруіне қатысты көпшіліктің ұсыныс-пікірін баспасөз бен радио және телехабарлар арқылы жоғарыдағы тиісті орындарды құлағдар етуге де сонау тоқсаныншы жылдардың басында бірінші боп атсалысқанымызды осы жолы бірінші рет айтып отырмын. Мұқағалитанушы ретінде ақынның ақылшы бауыры әрі рухани ағасы, Жетісудың ардақты азаматы Заманбек Батталханов, әйгілі актер Кененбай Қожабеков, жерлес құрдастары Сыдық Ахметов, Әбдіке Асанов, қаламдас інілері Еркін Ібітанов, Тұманбай Молдағалиев, жары Лашын, ақын Сәкен Иманасов,  балдызы Әбдіқайым Исабаев секілді қазаққа белгілі азаматтармен кейде жекелей, кейде топтап бірнеше телехабарлар ұйымдастырған кезіміз де болды. Бірнеше жыл Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтына аудандардан білім жетілдіруге келген әдебиетші ұстаздарға Мұқағалитану бағытында ғылыми-танымдық лекциялар оқыған екенмін.

*  *  *

Жалпы, ақиық ақын өмірден өткеннен кейінгі Мұқағалитану ісіне, оның артында қалған мұраларын жинастырып, ұрпақтарына жеткізуге ақынның отбасы Лашын жеңгеміз бастап, ұлы Жұлдыз бен келіні Бақыткүл, «Мұқағали Қоры», өздері  көп жұмыстар атқарып келеді.

    Алматы шаһарындағы Мұқағали ескерткішінің ашылуына байланысты тұңғыш бастаманы 2001 жылы «Жас Алаш» газетінің 27 ақпандағы бірінші бетіне «Алматыда Мұқағалиға ескерткіш қойып, ақындардың саябағы ашылса…»,-деп сол кездегі бас редактор Нұртөренің батылдығы арқасында Ашық хат ретінде ұсыныс-пікір берілді. Оған Жетісу жұртына есімдері жақсы таныс жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы, сол кездегі Алматы облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Заманбек Батталханов, белгілі композитор Мұратхан Егінбаев, қоғам қайраткері Сейдәлім Тәнекеев, Мұқағалиды алғаш танып, тұңғыш өлеңдерін аудандық газетке басқан рухани ағасы Әлнұр Мейірбеков және біз қол қойдық. Осыдан кейін Жазушылар одағының тізгінін ұстап отырған Нұрлан Оразалиннің ескерткіш мәселесіне байланысты қала басшылығына тікелей шыққанына, сол кезде министр болып отырған Алтынбек Сәрсенбайұлының жіті назар салғанына, солардың ұсыныс-пікірлерін қолдап, Мұқағалиға ескерткіш ашуға пәрмен бергеніне айтар алғысым шексіз!

Мұқағали қара басының қамы үшін ірі мансаптылар мен ауқаттыларды жағалаған жоқ. Жанын түсінгендермен бірге жүрді. Өндіріп жұмыс істеді. Дантеннің «Құдыретті комедиясын» қазақша сөйлетті. Уитман мен Шиллерді аударды. Кеңестік қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған қиын кезеңнің өзінде Қазақтың әйгілі батыры Райымбек туралы ғажап дастан жазды. Оның бірнеше прозалық шығармалардың да авторы екенін, атақты Байжанбаевтан кейінгі Қазақ радиосының аса танымал дикторы болғанын қалың оқырман жақсы біледі. Мүмкін сондықтан шығар, Мұқағалидың маржан жырлары бір ұрпақтан-бір ұрпаққа жалғасып, ұлылықтың туындай желбірей түсуде! Оның өмірі мен шығармашылығына қатысты қаншама зерттеулер мен ғылыми еңбектер жазылуда. Диссертациялар қорғалды. Ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты «Мұқағали оқулары», жыр мүшәйралары, түрлі байқаулар жылда өтеді. Өзі өмірден өткеннен кейін де өзінің көптеген жыр жинақтары, прозалық, сахналық шығармалары мен аудармалары, күнделіктері толықтырылып, қайта басылды. Оқырмандар сүйсініп оқитын «Мұқағали журналының он бір жылдан бері еш кідіріссіз, терең мазмұнда шығып келе жатуының өзі ұлы ақынға деген үлкен құрмет деп түсінуіміз керек.

*  *  *

    Ақын аға туралы естелік жазуды қолға алған сонау тоқсаныншы жылдары інісі жайлы естелік сөзін есту үшін атақты Нұрғиса Тілендиевтің шаңырағында екі-үш рет болып, ақынның анасы Нағиман шешемізден, туған  інісі-Тоқтарбайдан естелік деректер жазып алу мақсатымен екі-үш мәрте сөйлесудің сәті  келіп еді. Мұқаңмен қатты сыйласқан балдызы генерал-майор Әбдіқайым Исабаев, әйгілі қаламгерлер Әбділдә Тәжібаев, Мұқаметжан Қаратаев, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиевтар секілді ерен ақынның Ұлы рухы алдында шама-шарқымша қызмет етуге тырысқаныма тағы да тәубе деймін.

Кейде оқырмандармен кездесу өткен сәттерде: Мұқағали жайлы енді нені зерттеп, не жазбақсыз?,-деп сауал тастайды.

Қазір «Мұқағалидың біз білмейтін қырлары» деген тақырыпта қалам тербеп жүрген жайым бар. Ақын отыздан асқанда;

…Отыз бес жыл өмірді кезіп келем,

Енді отыз бес бола ма? Сезіктенем!?,-деп неге жазды?

Мұны өзі мойындап өткен Жаратушы айтқызды ма?… әлде ғұмырының қысқа болатынын өз жүрегі сезді ме?..

…Өзімнің есебімде,

Жасым-биыл қырықтың бесеуінде.

Сарқылып өсегің де, есебің де,

Ұйықтап кетсем жарар еді төсегімде,-деді өлерінен санаулы айлар ғана бұрын!?…

Таңданбай көріңіз. Бұл не? Көріпкелдік пе, әлде өз тағдырын алдын-ала болжау ма? Тағы бір жазбасында: -Мен жиырмасыншы ғасырдың азаматымын. Ал өлеңдерім жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарымен сырлас, мұңдас болады,-деген мазмұнда  ой айтқаны бар. Өмірдің ащысы мен тұщысын тата жүріп, Ұлт пен Ұрпақ адам мен Заман, Уақыт пен Қоғам жайлы тереңнен толғап, сан түрлі тақырыпта өте сапалы туындылар жазған Мұқағали өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында өз тағдыры жайлы інілік сырын айтып, сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы  Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа хат жазады. Өкініштісі, ол хатты бергі жақтағылар Димаш ағамыздың қолына жеткізбейді. Демек, Мұқағалидың біз әлі біліп, танып, зерттеп болмаған қырлары көп. Оны ашу мүмкін бүгінгі біздің, біз аяқтай алмай кетсек, келер ұрпақтың мойнындағы парыз деп білем… Өз басым осы тақырыпты ашу үшін өмір жетсе, тағы да бір кітап жазып, оқырмандар қолына берсем деп армандап жүрмін. Бұл енді Уақыттың еншісінде…

Айтақын ӘБДІҚАЛ,

Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі, ақын,

Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password