«МҰҚАҒАЛИ  ТІЛІ  СӨЗДІГІ» – АҚЫННЫҢ 90 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА ҮЛКЕН СЫЙЛЫҚ

     Біздің алдымызда ақын Мұқағали тілінің сөз байлығын көрсететін, қабының сыртында ақиық ақынның барельефі бар, қара көк түсті, үлкен сөздік жатыр. Көлемі – 1064 бет, 66,5 баспа табақ. Авторлары – біреу емес, бақандай төрт адам. Төртеуі де филология ғылымдарының докторлары. Солардың бірі – мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Байынқол ҚАЛИҰЛЫ.

        Байекең сөздіктің жауапты редакторы екен. Ол кісіден біз осы сөздік туралы сұхбат беруін сұраған едік. Ғалым қарсы болған жоқ. Бірінші қойған сұрағым:

        — Байынқол Қалиұлы! Қазақта кім көп, ақын көп. Солардың іші- нен неге Мұқағалиды таңдап алдыңыздар?

        — Қарапайым тілмен айтсақ, Мұқағали өлеңдері қазіргі кез үшін «мода» болып тұр. Түрлі қонақтарда, отырыстарда, той-томалақтарда болсын, көңілді кештер мен концерттерде, театрларда болсын, Мұқағали өлеңдерін оқымайтын, оның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқамайтын адам жоқ. Өзім де сондайлардың бірімін. Мамандығым тілші болғандықтан, кей-кейде, шіркін, Мұқағали тілінің сөздігін жасар ма еді, ақын қолданған сөздердің мағыналарын айқындап ашар ма еді?! – деп қиялданатынмын.

       Осы ойымды реті келіп бір күні, шәкірттеріме айтып едім, олардың қолдай кеткені. Қуанып қалдым. Бірақ артынша олар менен: – Қаржыны қайдан аламыз? – деп сұрады. Мен: – Қаржы жоқ. Осы тақырып бойынша 2012 жылы мемлекеттік грантқа қатысып едім, өтпей қалды. Нағыз ғалым ғылымды қаржысыз-ақ істей береді, – дедім. Олар біраз ойланып, келісетіндіктерін айтты. Сөйтіп, сөздік жасаудың жұмыс жоспарын жасап, әрқайсысымыздың міндеттерімізді бөлісіп алдық та, іске кірісіп кеттік.

       — «Шәкірттерім» деген сөзді айтып қалдыңыз ғой. Олар кімдер еді?

       — Олар – осы сөздіктің авторлары. Жас кездерінде маған шәкірт болғандар. Қазір үшеуі де филология ғылымдарының докторлары. Айталық, Шерубай Құрманбайұлы Астанада «Евразия» университетінің профессоры. Жансейіт Түймебаевтің қызметін және қайда істейтіндігін білмейтін адам жоқ шығар деп ойлаймын. Ал Сәбира Исакова Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік Университетінің профессоры.

       — Кешірерсіз. төртеуіңіз әр қалада тұрып, бір сөздікті қалай жа- садыңыздар?

        — Оның еш құпиясы жоқ. Алдымен бәріміз жабылып, Мұқағалидың 5 томдығындағы сөздердің әрқайсысына (әр шумақта қанша сөз болса, сонша) жеке-жеке карточка жасап алдық. Содан кейін оларды әліпбиге түсіріп, әріптер бойынша төртке бөліп алдық та, өзімізге тиесілі сөздерді реттедік, жүйеледік, содан кейін олардың әрқайсысына түсініктеме (анықтама) беруге кірістік.

        Содан кейін ғана сөздіктің қол-жазбасы жауапты редактордың қолына өтті.

        — Мұқағали шығармаларының тілін зерттедік деп отырсыздар. Айтыңызшы, ақын шығармаларының жалпы саны қанша екен?

        — Я, оларды арнайы санап көргенбіз. Нәтижесі мынау: 5 томдықта Мұқағалидың 1026 өлеңі, 14 поэмасы, 5 балладасы (новелла, элегия) қамтылыпты. Бұларға 81 аударма өлеңдерді қоссақ, ақын шығармаларының жалпы саны 1126 болып шығады.

       — Сөздікті қанша уақытта жасап бітірдіңіздер?

        — Оған 5 жыл уақыт кетті. Содан кейін қаржы болмай, қолжазба тағы да бір-екі жылдай баспада жатып қалды. Ақыры, 2019 ж. сөздікті бастырып шығарып, нәтижесін халықтың қолына ұстаттық.

        — Байынқол мырза! Сіздер жасаған сөздік біз көріп жүрген сөздіктерден өзгеше сияқты. Мұндай сөздік қалай деп аталынады?

       — Мұндай сөздікті шығармашылықпен айналысатын жеке тұлғаның (ақынның немесе жазушының) сөздігі деп атайды. Ол – екі түрлі сөздіктің, яғни түсіндірме сөздік пен жиілік сөздіктің қосындысынан тұрады. Мақсат, жоғарыда айтылды, ақынның тіл байлығын анықтау, оның қазақ әдеби тілін байытуға қосқан үлесін нақтылау және ақын өз шығармаларында қанша тілдік бірлікті пайдаланды, оларды қанша рет қайталап қолданды деген мәселелердің басын ашу болатын.

       — Бұрынды-соңды мұндай сөздіктер өмірде болып па еді?

        — Болған. Сонау 1874 жылы шыққан ағылшын халқының ұлы драматургі, әрі ақыны «У.Шекспир тілінің сөздігі», Ресей Ғылым Академиясы 1933 ж. бастап, 1960 ж. аяқтаған орыс халқының ұлы ақыны 4 томдық «Пушкин тілінің сөздігі» (М., 1956-1961), 1968 жылы жарық көрген қазақ халқының ұлы ақыны «Абай тілінің сөздігі». Міне, енді осы қатарға бүкіл әлем бойынша төртінші болып «Мұқағали тілінің сөздігі» келіп қосылып отыр.

       — Сөздік жасау үстінде қандай қиындықтарға кездестіңіздер?

       — Сөздік жасау, оның ішінде Мұқағали сияқты ақиық ақынның сөздігін жасау өте жауапты істердің бірі. Оның өз шығармаларында қанша сөз, қанша тұрақты тіркес қолданғандығын анықтау да оңай шаруа емес. Ол тілдік бірліктерді, жалғаулар мен шылауларды, көмекші етістіктерді ақынның қанша рет қайталап қолданғандығын есептеп шығару тіптен қиыны. Ақын қолданған сөздер мен тұрақты тіркестерге анықтама беру одан да қиын.

       — Ал көмекші етістіктерді қайттіңіздер?

       — Мұқағали тілінде жиі қолданылатын сөздердің бірі – көмекші етістіктер. Олар тек Мұқағали тілінде ғана емес, қазақ әдеби тілінің өзінде де көп қолданылады. Соған қарап, біз көмекші етістіктерді МТС-те жеке алсақ па екен, әлде өзі «көмектесіп» тұрған негізгі етістіктермен бірге, тұрақты тіркес ретінде алсақ па екен деп, біраз ойландық. Сыншыларымыздың «көмекші етістіктер жеке атау сөз бола алмайды» деп сынайтындарын да білдік. Соған қарамастан біз оларды (көмекші етістіктерді) сөздікке атау сөз ретінде жеке алғанды жөн көрдік. Сондағы сүйенген ұстанымымыз – біріншіден, олардың тілімізде жиі қолданылып, орасан зор тілдік қызмет атқаратындығы, екіншіден, көмекші етістіктердің өздері тіркескен негізгі етістіктерге қосар мағыналық реңктерінің молдығымен және олардың сан түрлілігімен ерекшеленетіндігі.

       Мәселен, Мұқағали шығармаларында тұр етістігі (бара тұр) көмекші етістік ретінде 978 рет қолданылса, негізгі етістік ретінде ол 735 рет, қал етістігі (келіп қалды) көмекші етістік ретінде 548 рет қолданылса, негізгі етістік ретінде ол небәрі 352 рет қолданылған. Кет, жат, жүр етістіктерінің де негізгі етістіктерден гөрі көмекші етістіктер ретінде көп қолданылатындығы анықталды. Бұл мәнбірлермен (фактілермен) бізге есептеспеуге болмады.

       — Осы жерде Мұқағали шығармаларында кездесетін фразеологиялық тұрақты тіркестердің сөздікке қалай алынғандығы туралы да айта кетсеңіз?

       — МТС-тің өзі сияқты басқа сөздіктерден басты айырмашылығы – фразеологиялық тұрақты тіркестердің сөздікке қалай алынғандарына байланысты. Бұған дейінгі жасалған басқа барлық сөздіктерде мейлі ол «Абай тілі сөздігі» болсын, мейлі 10 томдық немесе 15 томдық түсіндірме сөздіктерде болсын, барлығында тұрақты тіркестердің құрамында қанша сөз болса, олар сонша жерге қайталанып алынып, тіліміздегі тұрақты тіркестердің саны жасанды түрде ұлғайтылып (көбейтіліп) келген болатын.

        МТС-ті жасау нұсқаулығы бойынша біз тұрақты тіркестерді тек бірінші сөзі бойынша бір-ақ рет алдық. Осылай етсек қана Мұқағали тілінде қандай және қанша тұарқты тіркес бар екендігі дәл және анық көрініс табады. Ал фразеологиялық тіркестерді «Абай тілі сөздігіндегідей» немесе көп томды түсіндірме сөздіктердегідей әр сөзі бойынша қайталап ала беретін болсақ, онда, біріншіден, олардың саны жасанда түрде шамадан тыс көбейіп кетеді, екіншіден, осыған байланысты толып жатқан басқа да кемшіліктерге бой алдыруымыз ғажап емес.

        — Сонымен, Мұқағали тілінде қанша фразеологиялық тұрақты тіркестер бар болып шықты?

        — Нақты санын айтсам, ақын тілінде 5.035 тұрақты тіркес қамтылыпты. Бұл, әрине, бір ғана ақын үшін аз байлық емес.

        — Артық кетсем, кешірерсіз. 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» жасалуы нәтижесінде «онда 57.856 фразеологиялық тіркес қамтылды» деп көрсетілген (15- ші томның 819-бетіне қараңыз). Мұқағали тілі үшін сіз айтып отырған 5 мыңдай тұрақты тіркес тым аз емес пе?!

       — 15 томдықта көрсетілгендей қазақ тілінде осыншама көп фразеоло- гиялық тұрақты тіркестер жоқ. Академик І.Кеңесбаевтың атақты «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігіндегі» тұрақты тіркестердің жалпы саны небәрі 10 мыңнан сәл ғана асады. Әлгі 57.856 деген сан – 15 томдықты жасаушы сөздікшілердің фразеологиялық тұрақты тіркестерді синтаксистік қатынаста тұрған еркін тіркестерден ажырата алмағандықтарынан және күрделі сөздер мен фразеологиялық тұрақты тіркестерді құрамында қанша сөз болса, оларды сонша жерге (2, 3 кейде 4 жерге) қайталап ала бергендіктерінен шыққан.

        — Олай болса, фразеологиялық тұрақты тіркестерді сөздіктерге бірінші сөзі бойынша бір-ақ рет алғанның ғылыми мәні зор дейсіз ғой?

       — Әрине, өте зор. Егер осылай етсек, мейлі Мұқағали тіліндегі фра- зеологизмдер болсын, мейлі қазақ тіліндегі фразеологиялық тұрақты тіркестер болсын, олардың жалпы саны дәл әрі нақтылы анықталады.

       — Сөздіктің соңында бір топ «Қосымшалар» беріпсіздер. Бұл қосымшаларда не сыр бар? Олардың қажеттілігі неден туындады?

       — Жай қарағанда елеусіз көрінгенімен МТС-тің «Қосымшалар» бөлімінде қомақты қазына жатқандығын осы жерде баса айтқым келеді. Кестелерде қазақ тілі грамматикасындағы түрлену формаларының: яғни көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғаулары мен көсемше, есімше, рай, шақ жұрнақтарының және есімдіктер мен шылаулардың Мұқағали шығармаларында қанша рет қайталанып қолданғандығын білдіретін сандық көрсеткіштер (цифрлар), сондай-ақ Мұқағали шығармаларында кездесетін кісі есімдері мен жер-су, қала атауларының және қате жазылған сөздердің тізімі берілген.

      — «Қосымшаларда» жиілік саны көрсетілген басқа да салыстырмалы кестелер беріліпті. Солар туралы не айтасыз?

        — Қосымшаларда 15 түрлі кесте бар. Ол кестелерде қазақ тіліндегі барлық жалғаулар мен шылаулар және есімдіктер жеке-жеке алынып, Мұқағали шығармаларында олар қанша рет қайталанып қолданғандығын аңғартатын цифрлар көрсетілген. Сол цифрларға қарап отырсақ, ең көп қолданылатын сөздердің басым көпшілігі есімдіктер мен шылаулар және етістіктер (әсіресе көмекші етістіктер) болып шықты. Уақыт алдырып, олардың бәріне жеке-жеке тоқталып жатпай-ақ қояйын. Ұқыптап оқыған адам ол кестелердің маңызын өздері де түсінеді. Тағы бір еске сала кететін нәрсе, «Қосымшалардағы» көрсетілген кестелердің нәтижелерін кейінгі ұр- пақ келешекте салыстыра зерттей жатар. Ал қазір олардың кейбіреулерін өзім жол-жөнекей желдірте салыстырып көріп едім, есімдіктердің ішінде жіктеу есімдіктері мен өздік есімдіктерінің 1-ші жақ тұлғалары, жіктік жалғауларының ішінде, мейлі жекеше болсын, мейлі көпше болсын, олардың да 1-ші жақ тұлғалары, ал септік жалғауларының ішінде ілік септік тұлғаларының басқа септіктерге қарағанда жиі(рек) қолданылатындығы байқалды. Бұл жерде ақын Мұқағалидың өзіндік «мені» үстемдік құрып тұрғандығы сезіледі. Өйткені барлық ақындар өз атынан, 1-ші жақта сөйлейтіндігі белгілі.

        — Сөздіктің басылып шыққанына 2 жылдай уақыт өтіпті. Көпшілік қауым сөздіктеріңізді қалай қабылдады?

       — Халық өте жақсы қабылдады. Сөздіктің тұсаукесері екі рет өткізілді. Бірі – 2019 жылдың 25 қаңтарында Алматыдағы мен қызмет етіп жүрген Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, екіншісі – сол жылдың 27 қарашасында Астана қаласында (Ұлттық кітапханада) өтті. Тұсаукесерлерге бір топ ірі-ірі әрі көрнекті ғалымдар қатысты. Екі тұсаукесер де теледидарда көрсетілді және олар туралы хабарлар газеттерде басылды. Мәселен, 28 қараша күнгі «Егемен Қазақстан» газетінде Маржан Әбіштің «Абайдан соң Мұқағали сөздігі» деген мақаласы, 29 қараша күнгі «Түркістан» газетінде Ержан Жаубайдың «Мұқағали тілі сөздігі оқырманға жол тартты» деген мақаласы жарық көрді. Бұлардан басқа «Мұқағали тілі сөздігі» жайында Т.Жанұзақов, Б.Нұржекеұлы, С.Медетбекұлы, К.Күркебаев, М.Күштаева, Т.Қызылжар сияқты ғалымдар мен жазушылардың, журналистердің 8-9 талдау мақалалары, пікірлері Республикалық әр түрлі газет-журналдарда басылып шықты. Осы тізімге 2019 жылы «Ақиқат» журналының 3-нөмірінде жария- ланған менің «Мұқағали тілі сөздігі осылай жасалған» деген мақаламды да қосуға болады.

       — Жарайды-ақ! Төрт ғалым өз еріктеріңізбен 5 жыл бойы тегін еңбектеніп, Мұқағали тілінің сөздігін жасап бітірдіңіздер. Үкімет қаржы бөліп, оны бастырып шығарды. Нәтижесінде қандай табыстарға қол жеткіздіңіздер?

       — Нәтижесінде Мұқағали ақын өз шығармаларында 13.348 сөз, 5.035 тұрақты тіркес қолданып, олардың 21.453 мағынада жұмсағандығы анықталды. Осы үшеуін бір-біріне қоссақ, Мұқағалидың тіл байлығы 39.836 тілдік бірлік болып шығады. Яғни бұл – ақын өз шығармаларында 40 мыңға жуық тілдік бірлік қолданған деген сөз. Олардың қандай-қандай сөздер, қандай-қандай тұрақты тіркестер, қандай-қандай мағыналар екендіктерін оқырман қауымның өздері-ақ сөздіктен оқып, біле алады. Бұл тұрғыдан біз алдымызға қойған өз мақсатымызды абыроймен орындап шықтық деп ойлай- мыз.

        — Ал өздерің қандай табыс таптыңыздар?

        — Баспа әрқайсымызға болар-болмас қаламақы берген болды. Басқа ешқандай табыс тапқан жоқпыз. Есесіне «Мұқағали сияқты ақиық ақынның сөздігін жасаған – бізбіз» деген рухани байлыққа кенеліп, мәз болып жүрміз.

       — Олай болса, қысқа, анық, айқын және нақты әңгімелеріңіз үшін Сізге көп рахмет! Сұхбатымызды осымен тамамдайық.

       — Тамамдасақ, тамамдайық. Соңына қарай айта кететін бір ауыз сөзім бар: Бұл сөздік ақынның 90 жылдық мерейтойына өз тарапымыздан жасаған біздің сыйымыз. Ақын тілінің сөздігін жасау – мән-маңызы зор, қиындығы мол еңбек. Сол арқылы біз Мұқағали тілін зерттеуге жол аштық және ақынның әдеби тілге қосқан өзіндік үлесін айқындадық. Ендігі кезек – кейінгі ұрпақ жастардікі. Олар осы сөздікті пайдалана отырып, Мұқағали тілінің байлығын жанжақты зерттеп шығуларына әбден болады.

«ХАНТӘҢІРІ».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password