МҰҚАҒАЛИ мен ТОҚАШ ақын…

     Жетпісінші жылдардың басында Нарынқолдағы аудандық газетте істеп жүріп, Қазақ Мемлекеттік университетінде  сырттай оқығандықтан Алматыға жиі келетінмін. Әсем қалаға табаным тиісімен өзімше ырым етіп, Жазушылар одағындағы ағалар мен замандастарыма әдейі барып сәлем берем. Олардың жаңа кітаптарын бар болса, сұрап алам. Немесе кітап дүкендерінен сатып алам.  Сондай ниетпен лекциямыз біткен соң Одаққа қарай келе жатқанымда Бас поштаның жанынан Мұқағали ағамды көріп қалдым. Жаз айы болатын. Үстінде жеңі шолақ, торкөз шатланка жейдесі бар. Оқшау жерге кілт тоқтай қалып, шақшасын қағып-қағып жіберді де ерніне насыбайын рахаттана салып, ескі Каз ГУ-дің түбіндегі «Гүлдер» кафесіне қарай бет түзеді. Бұрылып кете алмай, алдынан шығып амандастым.

— Әй, қаратайым, қалайсың?..Елден келдің ә?…Әлнұр ағам қалай? Газеттерің шығып жатыр ма?…Әлгі Еркін жалқау не тындырып жүр?…Қайран Қарасазым-ай!?… Ел жайлы айтшы,- деп, ауыр күрсініп алды да жымқырулы ерніндегі насыбайды сәл әрірек барып түкіріп тастады…

— Ауылдағы жігіттер сіздің жаңа кітаптарыңызды тауып, ала кел,- деп еді. Өзіме «Дариға жүрегіңіз» керек еді, — дедім мен.

— Апыр-ай, ә?…Шынымен олар менің кітаптарымды іздей ме?…Зәнталақ,..жалған емес пе мынауың?..

— Рас айтам, аға…

Мұқаң сәл ойланып тұрды да,..Сол кездегі Киров (қазіргі Бөгенбай) көшесі мен Панфилов көшесінің қиылысындағы кітап дүкеніне қарай жол бастай берді де, кілт тоқтай қалды. Сосын менің білегімнен қысып-қысып қалды да, — «оныншы класта оқимын де», — деді мұрнының су ағарында Гитлердің мұртындай мұрты бар асықтай ғана ақшашты, басына домалақ беретті қисайта киген ер адамды көрсетіп…Мен ешнәрсе түсінгем жоқ…Әлгі қаршығадай ықшам денелі кісі тура бізге қарай сырбаз басып келе жатыр. Мұқаң оны жақтырып тұрған жоқ.

— Тоқаш деген ақын ағаң. Байқұстың тағдыры…, — дей бергенше ол жанымызға да келді.

— Паh-паh деген!.. Нарынқолдан інің келіп,..өрісің кеңіп,… «жайылымға» шығып бара жатқан бетің екен де, ә, Мұқаш?! — дейді әлгі қиқарланып.

Мұқаң мұны жақтырып тұрған жоқ. – Сен де қай-қайдағыны…Жұдырықтай балағой…Оныншы класта оқиды…Маған кітаптарыңызды тауып беріңіз деген соң, дүкенге бара жатқам.. Осы сен-ақ ізімді бағып…,-деп оған ұрысқан болды да менің білегімнен ұстап алып, алдымен алға қарай жүріп кетті. Ішім сезіп келеді. Бұл – ақын ағамның «қалтасы қағылмасын» деп мені аяғаны…

— Аға кітап іздемес бұрын сусын ішіп алмайсыз ба? Күн тым ыстық екен дегенді, — әзер  айттым.

— Әлгі пәле қалды ма? – деп сақтықпен артына бір қарап алды да, — бала мұның жаман ақыл емес екен, — деп нұрлана күліп, ұзын шашын жалп еткізіп, салалы саусақтарымен бір сипап қойды…

Ескі Университеттің жанындағы «Гүлдер» кафесіне кіріп, ақын ағамның қалаған суын – шарабын енді алдына қоя бергенімде әлгі бирет киген «Гитлер мұртты» сұсты кісі бізге қарай еркін келе жатты.

Мұқаң мырс етіп күлді де: — Ой ит-ай…Аңдып тұрған екен ғой…Кел енді!, — деді.

— Ә, Мұқаш кітап іздейсіңдер,..ә?, — дейді ол кекесін үнмен қиқарланып…

— Ал із баққышым,..жұт!, — деп қырлы стақанға толтыра құйылған шарапты алдына қойғаны сол екен ана кісі қағып салды…Ал кеп тісін шықырлатсын…Дереу бұзылып сала берді. Қазір Жазушылар одағына баратынын, оның басшыларын шетінен сыбайтынын, тағы-тағыларды тісін шықырлатып айтып отыр…Айтып отыр…Мұқаң одан тез құтылғысы кеп, тамағын жедел ішіп алды да шарабын да сарқып алды.

— Әй, Тоқаш, -деді сосын – сен байқұс – тоқашсың…Аналыр – «Волық..» Абайла сорлы!. Жұта салады. Понятно тебе!?- деді де шығып кетті. Мен ілесіп келемін.

Сол күні Киров көшесі мен Панфилов көшесіндегі, қазіргі Райымбек даңғылындағы, басқа да бірнеше жердегі кітап дүкендерінен Мұқағали ағаның бірде-бір кітабын таба алмай, әбден шаршадық. Дүкеншілердің айтатыны бір-ақ сөз. «Мақатаевтың кітаптары түсе сала ел талап алып кетеді. Сенбейсіздер ме,.. өзімізге де қалмады…».

Әлгіндей сөзді естігенде ақын ағам әжептеуір арқаланып, желпініп, қырандай түлеп, қанаттанып қалады.

— Естідің ғой бала!…Мына қазақтар өзімнен қашпайды екен! Іздейді екен, ә!?…

Біз Алматының талай кітап дүкеніне бас сұғып, «Дариға жүректі» таба алмай, ақыры Көк базардың түбіндегі «Түркістан» қонақ үйінің астындағы үлкен кітап дүкеніне келдік. Мұқаң кіре сала сатушы қызға жақындап,- қалқам, Мақатаев деген «пиәңкештің» кітабынан не бар сендерде?- деді

Сатушы қазақ қызы екен. Шарт ете қалды:

— Ағай, сіз өйтіп біреудің сыртынан қайбар айтпаңыз. Алдымен сол ағамыз құсап өлең жазып, кітап шығарып алыңыз!… «Пиәңкеш» дейді ғой… Өлеңдерін оқып көріңіз…Ол ма екен «пиәңкеш»,..жоқ мына сіз бе екен?!…

Мұқағали ағам сатушы қыздың мына сөзіне балдай еріп, мұқият тыңдап, оған сүйсіне қарап тұрды да,- Айналайын!… Ауылдан келген баласың ғой,..ә?,-деп оны ымдап өзіне шақырды. Әлгі ақынның кітабынан бар болса, мына балаға тауып берші, ботам!?…Бұл да ауылдың баласы. Қарап көрші енді?!,- деді қиылып.

— Мақұл,..ағама қойған біреуін берейін. Тек жаңағыдай «пиәңкеш» дегеніңізді маған айтпай-ақ қойыңыз!,- аға деді көзі қарақаттай, қос бұрымы мықынына түскен қараторы әдемі қыз.

Мұқаң сатушыны сыбырлап өзіне шақырып маңдайынан иіскеді де:

— Айналайын қоңыр қозыдай болған!?…Бұрымыңды аналар құсап кесіп тастамашы?!.. Мақұл ма?,-деп қыздың маңдайынан иіскеді де, сол Мақатаевың – мына мен болам, қалқам!- деп нұрланып, қанаттанып, тау қыранындай саңқ ете қалды. Содан соң:,- әттеген-ай, бағана әлгі Тоқашты ертіп алуымыз керек екен. Көрсе болатын еді сол зәнталақ мына елдің Мақатаев өлеңін қалай құрметтейтінін,-деп шақшасынан алақанына салған көкбұйра насыбайды ернінің астына тастап жіберді… Сөйтті де – ал бала, тарттық!, — деді саңқ етіп…

Сол дауыс?!… Сол бір нұрлы елес?!.. Кітап іздеп, Мұқағали ағама ілесіп Алматыда өткен жарты күндей уақыт күні кешегідей есімнен кетпейді?!… Содан бері қанша жаз, қанша күз, қанша қыс өтті. Жалған өмір-ай?!… Ол – жоқ!?. Біз жүрміз сағынып сол бір сәттерді!?…

АЙТАҚЫН  ӘБДІҚАЛ,

                    Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,

                  Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты,

Мұқағалитанушы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password