МҰҚАҒАЛИ МЕН МҰҚАТАЙ
Әсіресе өнер мен әдебиет саласындағы азаматтардың тағдыр- талайындағы, өмір кешу жолдарындағы көп ел біле бермейтін жұмбақ- сырлары болады. Бүгінгі әңгімеміз әйгілі ақын Мұқағали Мақатаевпен Мұқатай Жылқайдарұлы жайлы болмақ.
Кіндік қаны Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында кесілген Мұқатайдың жастық шағы, алғашқы еңбек жолы бұрынғы Нарынқол ауданындағы «Советтік шекара» газетінде Мұқағалимен қатар басталғанын бүгінгі ұрпақ біле ме, әлде хабарсыз ба деп ойлайсын кейде. Мұқаннан 5-6 жас кіші Мұқатайдың отты ақынмен жастай араласқанын ауыз екі әңгімелерден естіп қаламыз. Жетімдікті ерте бастан кешкен Жылқайдарұлы Мұқағалидың ерен ақын екенін жастайынан сезіп, біліп, танып, бас иіп өткенін дәлелдейтін біраз деректерді ортаға салсақ артық болмас…
1960 жылдардың басында аталған аудандық газетте тілші болып жүрген Мұқатай жоғарғы оқу орынына кеткенде Мұқағали ағасы газетке қызметке тұрған екен… Содан бастап екеуінің шығармашылық жолдағы тағдыры аралас-құралас болғаны бұған дейін көп айтылмай келіпті.
Алматыдағы №12 мектеп интернатында оқуын тәмандаған Мұқатай алдымен Нарынқол, Кеген аудандық газеттерде одан кейін басқа бірнеше облыстардың басылымдарында тілші болғанын да күні бүгінге дейін біз білген жоқпыз. Мұқағали ақынның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ол жастық шағында кімдермен араласты? Біз білмейтін деректер қандай?, — деген сауалдарға жауап іздегеніміз рас. Сондай бір кезенде Нарынқол мен Кеген ауданының тумасы, белгілі әдебиет зерттеушісі, филилогия ғылымдарының кандидаты, Қазақ Ұлттық Мемлекеттік Университетінің деканы- Сағатбек Медеубекұлы құрастырып шығарған «Мұқатай Жылқайдарұлы» деген екі томдық кітап қолымызға тиді. Бірінші кітапта Мұқатайдың бұрын ішін-ара көпшілік оқымаған өлеңдері мен бұрын көп елге беймәлім болған жырлары жарық көрсе, екінші томында жас кезінде өз өңіріміздегі ауыдандық газеттерде, басқа да облыстардағы басылымдарда жарық көрген туындындылары топтастырылған екен. Сонда байқағанымыз – Қазақстанның қай қиырында жүрсе де Мұқағалидың ақындық даралығын, жүзден жүйрік қаламгерлігін, ұлтымен ұрпағын сүйген үлкен жүректі ерен тұлға екенін бөлекше бағалағаны көрініп тұрады. Ұлы Абай туған өңірдің тумасы, Абайтанушы досы- Төкен Ибрагимовқа жазған хаттарында ақын ағасы Мұқаң туралы жүрек сырлары жан-жақты айтылады. Әйгілі сыншы болмаса да, өкше басар інісі ретінде Мұқағалиға деген танымын, бағалауын қалың оқырманға нақты дәлелдермен ұқтыруға тырысады. Мұқағали ақының таза шығармашылықпен небәрі 15-20 жыл ғана айналыса да өндіре жазғанын, ұлтының тағдырын, ұрпағының болашағын қалай дәл болжағанын, өзге ақындарға ұқсамайтын бөлекше үрдіс пен әр жүрекке құнарлы сөзбен жеткізетін ерекшелігін айтып кеткен Мұқатай Жылқайдарұлының танымдық баға беруін бізде білмейді екенбіз. Ол бір жазбасында айтады:
-Расы, Мұқағали ірі шығармаларын өндіре жазып, бар жоғы 15 жылдыай еңбек етті. Анығын айтсақ, ірі дүниелерін оқырмандарға 30 жасында ұсынып, 45 жасында өмірден озды. Осыған кейбіреулер сенбейді. Шын талант болмаса соңына осыншама ғажап, дүниелерді ұлты үшін, ұрпағы үшін, сөз қадірін білетін қазақ үшін мәңгілікке қалдыру оңай ма?…
Мұқатайдың тағдырына көз салсаңыз, жоғарғы оқу орнына түсіп, оны аяқтамай кеткен адамның өз бетімен ізденуі, өзін-өзі әдебиет әлемінде толықтыруы, өзін өзге мықталармен салыстыруы, намысын жанып, ақындық қуатын қамшылауы адамды таңқалдырады.
-… «Оқыған сайын шикілігімді аша беремін, тағыда оқу керегін сезінемін,!»- дейді бір жазбасында. Демек, ол да Мұқағалимен тағдырлас. Батыс, шығыс әдебиетін іздеп оқып, талдап, тәлім алғаны байқалады. Сондықтан шығар, Мұқағалимен тағдырлас болғаны.
Әдебиет әлемінің сарабдал сыншысы, елтаныған қаламгер Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Өтежан Нұрғалиев секілді арда азаматтардың ел таныған еңбегіне қарапайым Мұқатайдың берген әділ бағасын оқығанда таң қаласыз, таңырқайсыз!?… Тағдыры бұлың –бұлың жолдармен өткен, жетімдіктің бейнетін жастай көрген Мұқатай ақын кейбіреулер айтатындай, «Сейіл серуенмен» ғұмыр кешпеген екен. Ол оқыған екен. Көңілге тоқыған екен. Ізденген екен. Талаттарды тани білген екен. Өз жүрегімен ақын ретінде бағасын да берген екен. Соны біз күні бүгінге дейін білдік пе?… Білмедік пе?… Мұқатайға әділ бағасын бере алдық па?,- деп ойлаймын кейде.
Мансаптың құлы болып, ақынын ардақтай алмаған ағаларына, кімнің кім екенін ажырата алмай жүрген кейбір замандастарына, запыраны аз емес тағдырына қатысты әңгімелердің қазір керегі жоқ сияқты!… Сағатбек Медеубеков құрастырып шығарған екі томдық кітапты оқып шықсаңыз, Мұқағали мен Мұқатайға қатысты біраз деректерге қанық боласыз. Хантәңірінің етегінде туған екі талантты ақынның тарпаң тағдыры жайлы біле жүрген артық болмас деп, бүгінгі және болашақ ұрпақтарға аз- кем сыр шашқан болдық. Тірлікте сыйласпаған кейбір ағайындарсекілді өмірі өткен соң болса да біріміз жайлы біріміз білгенімізді айта жүрсек деген ниепен жазылған дүние еді бұл!?…
Айтақын Әбдіқал,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері,
Мұқағалитанушы.
0 Пікір