Мұқағали-мәңгілік ғұмыр

   Барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен қазақ поэзиясының Хантәңірі, ақиық ақын М.Мақатаев музейінің 30 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр.           Ақынның:

Жыл келді ғажайып бір ақ таңымен,

Бақ таңымен, ақ ұлпа ақ қарымен.

Көркем екен, мынау жыл көрікті екен

Парағын жылнаманың ақтарып ем

Дүние, тойлайды екен, шаттанып ел,-деп  жырлағандай Тәуелсіздік алған кезеңінде Мұқағали Мақатаев мұрасына бұрынғыдан әлдеқайда басым, жаңаша көзқарас қалыптасты, ақын мұраларын танудың жаңа бір кезеңі басталды.

Музей ғимараты 1990 жылы 20 сәуірде Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулысымен салынды. Музейдің құрылысын жасағандар: Нарынқол «Колхозаралық құрылыс мекемесі» Әнуар Мұқаев, құрылыс жұмысының сапалы әрі қарқынды жүргізілуіне сол кездегі Нарынқол аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Абай Исабаев басшылық жасады.1991 жылы 24 қыркүйекте Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің № 544 қаулысымен М.Мақатаев әдеби-ескерткіш мұражайы болып бекітілді. Қазақ ССР Премьер министрі Қараманов бекітіп, музей                     1991 жылы ақынның 60 жылдық мерейтойына орай халық игілігіне берілді.

XX ғасырдың екінші жартысындағы халқымыздың рухани дүниесін,   әдебиет әлемінің ең жарық жұлдызының бірі – Мұқағали жырлары дүниені дүр сілкіндіріп, түрлендіріп, тың шырқау биікке көтеріп кетті.

XXI ғасыр Мұқағалитану дәуірінің басталған ғасыры. 2011 жылдың басы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық тойына дайындықпен басталды.  Музейдің жаңартылған  жобасын жасағандар: экономика ғылымының кандидаты Сайран Фазылов, инженер А.А.Кирсанов. Көркемдеу-дизайнерлік жұмысын жасаған суретшілер академиясының академигі                                         Шамиль Қожаханов. Көрме залдарының мазмұны мен идеясын берген 15 жыл осы музей үшін аянбай еңбек еткен, ақын атамызды дәріптеу мақсатында сүбелі үлес қосқан, филология ғылымының кандидаты Жұмаш Өтейұлы.

Алматы «Ауыл-құрылыс» мекемесі А.Н.Рябинин басқаруымен құрылысы  жүргізілді.

          Ақынның 90 жылдық мерейтойы туған жері Қарасаздан бастау алды,     8 ақпан 2021 жылы Райымбек ауданы әкімінің ұйымдастыруымен  «Жылдарым, жырларыммен жалғасыңдар» атты мәдени шара өтті.  Шарада М.Мақатаев атындағы халықаралық  қоғамдық қордың құрастыруымен «Атамұра» баспасынан басылып шыққан Мұқағали Мақатаевтың «Таңдамалы шығармалар» атты кітаптың тұсаукесері болып, лентасы қиылды.  Сонымен қатар, кеш  қонақтары  Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықпек Есдәулетов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Бақыт Беделхан, Айтақын Әбдіқалов, Ақберен Елгезеков, журналист Алмат Исәділовтар М.Мақатаев музейіне саяхат жасап, музей алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

  2021 жылы ақынның 90 жылдық мерейтойына орай, 26 наурыз Талдықорған қаласы «М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейіне», 28.04.2021 жылы  «Алматы қаласы Музейлер бірлестігі»  КМҚК  музейіне «Алаш жырының ақиығы -Мұқағали Мақатаев» тақырыбында, 04.06-11.06. 2021 жылы Тараз қаласы, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне «Алаштың ақиығы — мұзбалақ Мұқағали» тақырыбында жылжымалы көрмелер ұйымдастырылып,  көпшілік назарына ұсынылды. 2021 жылы ақынның 90 жылдық мерейтойына орай,  Zoom платформасымен жыл басынан 20 жуық онлайн кездесу, экскурсия, сұхбаттар өткізілді.

Бұрын музейдің қорында 850 жәдігер  болған, қазір 1225 жәдігермен толықты, негізгі қорда 620 жәдігер жиналып, қосымша қорда 605 жәдігер топтасқан. Қосымша мәжіліс залы, музей меңгерушісінің кабинеті қосылды.  45 витрина қойылды, ақын өлеңіне арнайы диорамма жасалды. Музей өскелең әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көрсеткіші боларлық тұрғыда жас ұрпаққа елжандылық тағылым берерлік, әрі эстетикалық талғаммен рухани қажеттіліктерді қанағаттандыратын дәрежеде жабдықталды.

29-шы шілде 2011 жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың әдеби мемориалды музейі 80 жылдық мерейтойына орай, экспозициясы жаңа безендіруден өткізіліп, қайта ашылып, өзінің алғашқы қонақтарын қабылдады. Осы күні музейдің ашылуына куә болған қонақтар атқарылған жұмыстарға жарыса жақсы баға беріп жатты. Музейге келушілерге қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шолу және тақырыптық экскурсиялар өткізіледі. Музей ашылғалы бері келушілердің саны артуда, алыс –жақын  шетелдерден, қазақстанның түпкір-түкпірінен  келуші қонақтар толастамауда.

         Мұқағалидың «Жырлайды жүрек» жыр жинағының жарыққа шыққаны үшін 1991 жылы «Тұлпар сыйлығының» лауреаты атанып, төс белгісімен марапатталды. «Аманат» жыр жинағы үшін 2000 жылы «Мемлекеттік сыйлықтың жеңімпазы» төс белгісін иеленген. Музейдің  әсері талантты жас ұрпақтарға да ой салады деп сенеміз. Ақын поэзиясына бас ұрғандар үшін мұндағы заттың бәрі қасиетті. Әсіресе, кейінгі толқын жастардың ілтипаты мен қошеметінде шек жоқ. Мұқағали мұрасының асыл нарқы екенін уақыт әлдеқашан мойындады.

1991- 1995 жылдары музейдің алғашқы директоры болып, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туысы, оқу-ағарту саласында жемісті еңбек еткен ардагер, Әбдіке Асанов тағайындалып, ол мұражайды жабдықтау үшін бар күш-жігерін  жұмсады. Музейдің алғашқы мазмұндық жобасын жасап, түрлі жәдігерлермен толтыру үшін экспонат жинады. Ақын жанұясымен, ақын-жазушылармен  байланыс орнатты. Мәселен жанұясынан – ақынға тиесілі — жазу машинкасын, ала пальтосын, сым-костюмін, плащын, қамшы, домбыра, бесік т.б.алынды.

Одан кейінгі 1996 — 2011 жылдың қыркүйек айына дейін филология ғылымдарының кандидаты, «Бауыржан Момышұлының Батыр шапағаты» медалінің иегері,Мұқағалитанушы, 2007 жылы «Мұқағали поэзиясының көркемдік жүйесі» тақырыбында диссертация  қорғаған, «Қара өлеңнің қас шебері», «Ататек алыптығы»  атты еңбектерінің авторы, зерттеуші-ұстаз Жұмаш Өтейұлы директорлық қызмет атқарды.

    2011 жылдың қыркүйек айынан, 2016 жылдың 10 ақпанына дейін Даукабакова Ғалия Мүшірбекқызы  музей меңгерушісі қызметін  жауапкершілікпен атқарды, 2016 жылдың ақпан айынан бастап 2018 жылдың желтоқсан айына дейін Макеев Дастан Рамазанұлы  музей меңгеруші қызметін атқарып, жас Мұқағалитанушылардың көбеюіне ықпалын тигізді.

Ақын:

Болашағым, сен тұрсаң, мен өлмеспін!

Ақиқаттың алдында бөгелмес кім?

Жоғалмас не, өмірден жөнелмес кім?!

Сен есен бол!

Мен мүмкін, еленбеспін.

Сол ақиқат: мен сенсіз көгермеспін!!!,- деп болашағын болжаған еді. Мәңгі халқымен бірге жасайтынын, болашағаның жарқын болатынын, ұрпағы жырларын іздеп, оқып, жатқа айтатынын сезген де шығар, сірә! Ақынның өлмес мұрасының куәсі біздің музейдің негізгі қызметі – Мұқағали өмір сүрген уақыт пен заманды зерттеу, ақын замандастарына байланысты тарихи деректер көзін іздестіру, шығармаларын жинастыру,  ел аузынан, көнекөз ауыл қарияларынан естеліктер, фотосуреттерді жинау арқылы келешек ұрпаққа насихаттай отырып, мұра етіп қалдыру.

                          Жазылар естеліктер мен туралы,

                           Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

                           Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,

                     Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы—  деп жырлаған ақын бүгінде бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Халқының  мәңгілік жүрегінде. Біздің міндетіміз — ақынның қисапсыз рухани қазынасын жандандырып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп жеткізу.

Ахметов Ерлік Мухаметжанұлы,

М. Мақатаевтың әдеби-мемориалды

музейінің меңгерушісі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password