ҚҰЛЖА

                     Аңшының әңгімесі

   Қолына үлкен дүрбі ұстап, жан-жақты шолып отырған балаң жігіттің дауысы кенеттен оқыс шықты:

   – Көке! Ананы қараңыз, арқар!

   Қыр басында жамбастай жатқан қарт аңшы мойын бұрып бала нұсқаған тұсқа көз тікті.

   – Ой жарықтық кетіп барады екен-ау, – деп күбір етті. – Жұлдыздай ағуын қарашы. Енді діттеген жеріне жеткенше тоқтамайды бұл.

   – Көке, бұл арқар құм арасында қайдан жүр?

   – Тұзға барады, – деді аңшы бойын тіктей жайғасып отырып. – Ертеректе Қаратау арқарлары құмның жиегіне дейін жайылып келуші еді. Шөлді аймақтарда өсетін күйреуік, баялыш секілді ащы шөптерді жеп, сортаң жерлерге жайылады. Сексеуілдің басында шалады. Құм арасында тұзды тақырларда кездесіп тұрады, содан барып тұз жалайды. Біраз ащылап құмары қанған соң тауға қайтады. Қазіргі уақытта арқардың тұқымы азайып кетті. Құмға да келмейтін болды. Мынау жалғыз жүрген арқар – үйірдің құлжасы. Осы қарқынмен тұзға жетіп бусанған денесімен тұзды тақырға әбден аунайды. Тершіп қызып тұрған теріге тұз ұлпалары жабысып сіңіп қалады. Сол кезде құлжада кері үйіріне қайтады. Қайтар жолында жай жүреді. Өйткені еті қызып тер шықса үстіндегі тұзы ағып кетеді. Бұл құлжа қалайда тұзды үйіріне жеткізуіге тырысады. Аман-есен жетсе, үйірі құлжаның үстін жабыла жалап қажеттілігін өтейді.

    – Көке, құлжаның қайтар жолын аңдып атып алсақ қалай болады?

    – Жоқ, балам. Болмайды. Көрінген аңды ата беру аңшылыққа жатпайды. Аңшының да, аңның да өз серті бар. Мен бұл құлжаны өз мекенінде, қия шыңда аңдып тұрып аунатып түсірмесем маған сын! Қазір атпаймыз. Бұл құлжа үйірі үшін басын тәукелге тігіп жазыққа шығып келді. Киесіне ұрынуымыз мүмкін. Қазақта: «аңды қашырып ат, құсты ұшырып ат» деген аталы сөз бар. Бізде құлжаның тауға жетуіне мүмкіндік берейік. Тіршілікте адамнан өзгенің бәрі сол өміріне риза сияқты көрінгенімен, олардың да өзіне тән қиыншылықтары болады. Мына құлжаның жағдайы –соның дәлелі. Алдыңда тұрған аң болса да обал-сауапты ұмытпай, әр ісіңді сабырмен салмақтағаның дұрыс. Тұзақ құрғанның бәрі аңшы емес. Аңшылық кез келгеннің қолынан келе бермейтін киелі кәсіп, үлкен мәртебе. Соған лайықты адамды ғана халық аңшы атаған.

     – Көке, «кие» деген не нәрсе сонда? Алдымызға келіп тұрған аңды атқызбайтындай бұл сөзде қандай сыр жатыр? Сіздей айтулы аңшының өзі аяқ тартатын ол өзі қандай ұғым?

Қарт аңшы сұрақ қойғыш елгезек балаға емірене қарап қойды. «Білгенің бір төбе, білмегенің мың төбе ау, балам»,– деді ішінен. Енді өзі де әңгіме айтуға ыңғай білдіріп, жеңіл бір жөткірініп алды:

     – Ертеректе,– деп әңгімесін бастады аңшы. –Осы сен құралпы боз бала шағым еді. Сонау алыстан мұнартқан Мыңжылқы тауына аңға шығып жүрдім. Көктемнің күні жылт етіп, таудың күнес беттері көктей бастаған. Сәуір айының басында әлі де жетіле қоймаған тырбық көкке арқарлар кенеше жабысатын уақыт. Осы кезеңді Қаратау аңшылары «тоңқайма» деп атайды. Өкпек желге сыртын бере айналып, көк кемірген арқарлар жерден басын алмай жайыла береді. Тіпті, жанына жақын барғанша аңғармайдығой жарықтықтар. Біз үшін арқар атуға ең бір қолайлы уақыт осы. Осындайда аң аулаудың қызығына түсіп апталап тауға түнейтінмін. Бір күні кешкі құрым уақытта тау жотасының биік тұсынан ыңғайлы бір орын тауып жайғаса бастадым. Осы тұстан айнала айқын көрінеді. Ойым – осында түнеп таң бозынан жайылымға шығатын арқарларды аңду. Аңшылық кәсіпке де төселіп қалған шағым. Тау тыныштығын бұзбай, сылдырама тастардың сықырын шығармай аяғымды аңдап басып жүрмін. Әлі күннің батуына арқан бойы бар. Жаймен қимылдап кешкі асымды қамдауға кірістім. Осы сәтте төменгі жақтан сылдыраған тастың дыбысы естілді. Аңшыға бұйыртса қас қағымда ғой. «Тастың сылдыры тұяқты аңнан шығады, арқар болар» деп, дереу иығымдағы мылтыққа жармастым. Ойым алдамапты, төмендегі тоғайдан өрлей жайылып келе жатқан арқардың құлжасы екен . Енді менде аңның алдын орағытуға ыңғайланып, «осы тұстан өтеді-ау» деп, топшылаған межеге жеттім. Аяғымда етіктің басына киілетін киіз табан шәркей. Киіз табан тасқа жұмсақ тиетіндіктен жүрісімнің тықыр-сықырын білдірмейді. Енді елусіздеу қалтарысқа бұрылып тікесінен тік тұрған қақпа тасқа жабысып тұра қалдым. Арқар да айналып мен тұрған қақпа тасқа жақындай берді. Тіпті, таяқ тастам жерге дейін келіп тырбық көкті бырт-бырт үзген даусына дейін естіліп тұр. Бұдан әрі ойланып тұрмадым. Қара мылтығымның шүріппесін қайырып: «қанды басың бері тарт !» деп нысанаға ала бергенде алдымдағы арқар ақ сақалды шалға айналып шыға келді. Жастығымнан ба бірінші көрінгенде аса мән бермей мылтығымды түсіріп барлай қарадым. Кәдімгі арқар. Төрт аяғы ақ бақай, тұмсығының айналасы түгел ағарып ақ ауыз болған. Басындағы мүйізі түсіп түбінің тұқылы ғана қалған кәдімгі шірік бас кәрі құлжа. Бірақ «ә, елес екен ғой» деп қарауылға қайта алғанымда алдымда ақ сақалды шал тұрды. Мылтықты түсірсем арқар, нысанаға алсам ақ сақалды шалға айналады. Сонда барып «аңның киелісі» деген ұғым санамды жаулай бастады. Не қорыққанымды да білмеймін. Жүгіріп те қашпадым. Жаймен артқа бұрылып таудан төмен түсе бастадым. Артыма бұрылып қарамадым. Бірақ ту сыртымнан тесірейе қараған екі көзді анық сезіп келемін. Атамның: «адамның желкесінде үшінші көзі болады» дейтін сөзі рас екенін сонда түсіндім. Тау басында қалған қоржыныма, арғы асуда тұсаулы қалған атыма да қарамай жаяулап ауылға тарттым. Тау етегіндегі шағын ауылға таң бозара әрең деп іліктім. Алдымнан елден бұрын тұратын атам шықты. Боп-боз болған түрімнен-ақ бір гәптің болғанын сезген атам келе таңдайымды басты. «Біссіміллә» деп айтқызбақ болғанда, тілімді Кәлимаға келтіре алмадым. Тілім байланған екен. Көпті көрген атам қара молдаға ертіп апарып үш күн дем салдырды. Сондағы алғаш айтқан сөзім, «Ақ шал» болды. «Арқардың киелісіне жолыққансың»,– деп түсіндірді қара молда.

    Содан бері де талай жылдар өтті. Ақ шалдың арқасында киеліні сезініп, аңшылық кәсіпке ат үсті қарамайтын болдым. «Иттің иесі болса, Бөрінің Тәңірісі бар»,– дейді қазақ. «Өліде әруақ, малда кие бар»,– деп те айтады. Бүгінгі біздің көрген құлжаның да киелі екенін сездім. Себебі тау шатқалынан мынау жазық далаға басын тәуекелге тігіп тегін арқар шықпайды. Қорғаушысы, оққағары бар киесіне сеніп шығады. Киелі аң өзін осылай ерекшелеп көзге көрсетіп тұрады. Оны аңғармаған аңғал аңшыға да обал жоқ. Мен көзіне көрінгенді талғамай да, таңдамай да ата беретін бір аңшыны білемін. Кейін сол мергеннің екі көзі су қараңғы болып қалды. Жап-жас жігіт жанарынан айырылды. Солай балам, соңыма еріп аңшылықты кәсіп етемін десең сан қырлы тәсілдерді меңгеріп, табиғаттың тылсым күштерінде түсіне білуің керек….

Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ

«Ұлыма хат» кітабынан үзінді.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password