Ұлы ақынға — 90 жыл

       Жер жәннаты Жетісудың шырайлы да шұрайлы мекені, Райымбектей батырды, Мұқағалидай ақынды өмірге әкелген қасиетті Қарасаз елінде дүбірлі той. Биыл аспан жырдың ақиығы, Хантәңірінің мұзбалағы, поэзия әлемінің пайғамбары, қара өлеңнің қас шебері ерен жырдың жаратушысы, ұлы тұлға, ұлы ақынға биылғы 2021 жылы туғанына 90-жыл толып отыр. Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,

Аңызыма неге нәр тамызбайын.

Қара өлеңі қазақтың қаза болса,

Қара көзден неге қан ағызбайын,- деп жырлаған ақынның осы өлең жолдарын оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз… Мұқағали — өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі.

        Ақын өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол сенімінің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдықтың айдынына шығып отыр.

       Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бейнелеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған, 45 жыл ғана қысқа ғұмыр ішінде халқына өшпес із қалдырған ғасыр ақыны Мұқағали. Әрине, ақынның мол, таусылмас мұрасын бір күнде, бір сағатта оқып білу мүмкін емес. Нағыз тума таланттың екі өмірі бар. Бірі – шектеулі өмір, екіншісі – мәңгілік өмір. Мұқағалидың шектеулі өмірінің күні батқанымен, оның мәңгілік шығармашылық өмірінің таңы атып, күні шықты. Қара саз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.

Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім,- деп өзі айтып кеткендей, ақынның өлеңдері еш уақытта өлмейді. Ақын шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа тарап, жалғасын таба береді «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» -деп Абай атамыз айтқандай, Мұқағали өлген жоқ, ол бізбен мәңгілік бірге, жырлары да мәңгі жасай бермек.

Әрине, суық қайғы,

Көңілін халқың бірақ суытпайды.

Егер де халық өзін ұмытпаса,

Бақұл бол, халқың сені ұмытпайды — «Қазақ даласының ең биігі, қазақ поэзиясының Хантәңірі – Мұқағали». Сол Хантәңіріне айналған перзент Мұқағали аға елі есінде, халқымен қанаттасып, Қарасазымен санатталып, мәңгі жасайды.

Әділет Ерболатұлы,

М.Мақатаевтың әдебимемориалды

музейінің ғылыми қызметкері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password