ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ САНАҒЫ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

       Елімізде Ұлттық халық санағы әр 10 жыл кейінгі науқан 2019 жылы өтуі керек еді. Алайда санақты дайындау мен өткізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді ескере отырып, оны 2020 жылы өткізу туралы шешім қабылданды. Кейін коронавирустық инфекцияның таралуына және шектеулі карантиндік шараларға байланысты бұл мерзім 2021 жылға ауысты. Жетісу жеріндегі халық санағына дайындық барысы туралы Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Динара МОЛДАҒҰЛОВАМЕН сұхбаттасқан едік.

        — Динара Орысбайқызы, жалпы халық санағы жайлы айтып өтсеңіз?

       — Халық санағы – белгілі бір уақыт кезіндегі жағдай бойынша респонденттерді сипаттайтын демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинау өңдеу және алынған ақпаратты, статистикалық көрсеткіштер жүйесін және олардың талдауын қалыптастыру, халық туралы агрегатталған (иесіздендірілген жиынтық деректерді бағалау және тарату процесін қамтитын арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқау.

        Халық санағының қорытындылары жалпы ел бойынша, қалалық және ауылдық жерде және өңірлік бөліністе жынысы мен жасы, неке жағдайы, ұлттық құрамы азаматтығы, ұстанатын діні, білім деңгейі, тілдерді меңгеруі, үй шаруашылықтарының саны мен көлемі, тұрғынүй жағдайлары және басқа да сапалық және сандық белгілері бойынша халық санының құрылымындағы өзгерістер сияқты халықтың демографиялық және әлеуметтік – экономикалық дамуында өткен 10 жыл ішіндегі Қазақстан Республикасында болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді. Санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайларын, некелік – отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғынүй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші – қон мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау үшін қажет.

       Халық санағына қыскаша тарихы және ағымдағы жылда өтетін санақ жайында не айтасыз?

       — Кеңес одағы кезінде Қазақстан халқының соғыстан кейінгі санақтары 1959, 1970, 1979 және 1989 жылдары өтті. Тәуелсіз Қазақстанда алғаш рет 1999 жылы, ал екіншісі 2009 жылы болды, санақты Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі ұйымдастырды. Үшінші Ұлттық санақ 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазан аралығында өтеді. Санақ «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен! Ұраны аясында ұйымдастырылады. Санақты өткізу процесін автоматтандыру және оған заманауи сандық технологияларды енгізу – 2021 жылдың Ұлттық санағының басты жаңалығы болады.

       Биыл азаматтарға сауалнама парақтарын онлайн режимде өзбетінше толтыру немесе үй – үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндіктері ұсынылуда. Қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz арнайы сайты жұмысын бастайды, мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн – режимде санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі және ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн – режимде өтпеген респонденттер арасында жүргізілетін болады. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы – интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН – ін енгізе отырып санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағазбен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай — ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді.

       Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушысының ЖСН-і қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.

       — Динара Орысбайқызы, облыс бойынша Ұлттық санақты жүргізу жұмыстарына қанша адам тартылады?

       — Санақты дайындау және өткізу үшін аудан орталықтарындағы және ауылдық округтердегі статистиканың аумақтық бөлімшелерінде Ұлттық санақты дайындау және өткізу бойынша 145 нұсқаушы (уәкілдер жұмысқа тартылды. Уәкiлдердің еңбекақысы 85 477 теңгені құрайды.

       Нұсқаушылардың міндетіне дайындық іс – шараларын өткізу кіреді: санақтың жүргізілуін БАҚ — та жариялауды ұйымдастыру; санақ қызметкерлерін таңдау, оларды оқыту және үйлестіру бойынша ұйымдастыру жұмыстары; санақтық аудандастыруды (тіркеу, нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу) құруды қамтамасыз ету; тұрғындар санағын өткізуге қатысу.

        Мәліметтер жинау бойынша тікелей жұмыс үшін облыста уақытша 1-30 қазанда 359 нұсқаушы – бақылаушылар және 2512 интервьюерлер тартылатын болады. Интервьюерлермен және нұсқаушы — бақылаушылармен ақылы қызмет көрсету бойынша келісім шарттар жасалады. Интервьюерлердің 2 -ші кезеңнің жұмысына ақы төлеу толық көлемде қызмет көрсетілген жағдайда 30 күнге 104 мың теңгені құрайды. 2 -ші кезеңнің нұсқаушы — бақылаушыларына толық көлемде көрсетілген қызмет үшін 45 күнге 125 014 теңге төлеу жоспарлануда. Сол себепті халықты аудандық, қалалық статистика басқармасына келісімшарт бойынша уақытша жұмысқа шақырамыз. Тек, ол адамдар COVID — 19 — ға қарсы вакцина алған болу керек.

        — Санақ кезінде тұрғындарға қандай сұрақ қойылады?

        — 2021 жылдың Ұлттық санағын жүргізу кезінде барлығы 87 сұрақ қойылады.Санақ парақтарындағы сұрақтар тізбесі айтарлықтай ұлғайтылған. Мұнда барлығы 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақтар кірістірілген. Сұрақтардың аясын кеңейтуге еуропалық санақшылардың 2020 жылғы тұрғынүй қорын және тұрғындар санағын жүргізу жөніндегі ұсыныстары мен ТМД Мемлекет аралық статистикалық комитеттің әдістемелік материалдары негіз болды.

       Сауалнама 73 сұрақ аясында жүргізілген 2009 жылдың ұлттық санағынан ерекшелігі 2021 жылдың санағында көші — қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген Сондай-ақ, БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобымен ұсынылған жаңа сұрақтар қосылды, мұнда мүгедектік критерийлерін ескеріп денсаулық сақтау статистикасы аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету көзделген.

        — Онлайн режимде респонденттердің санақ парақтарын толтыруы қалай жүргізіледі?

        — 2021 жылдың Ұлттық санағын 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта ѕаnаq. gov.kz. арнайы сайтында онлайн режимде респонденттердің өздерінің толтыруы арқылы жүргізу жоспарлануда. Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез келген уақытты таңдай алады, сондай — ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі болады. Сонымен қатар, egov.kz Электронды үкімет платформасында sanaq. gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады.

        Мобильді азаматтар үшін «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі ұсынылатын болады. Интернет — сауалнамамен қатар 1-30 қазан аралығында интервьюерлер де сауалнама жүргізеді. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Интернет арқылы мәліметтер берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Халыққа сауалнама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін сұралатын адамның ЖCH -і пайдаланылады. Сауалнама аяқталғанда халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі.

       — Интервьюерлерді қалай танимыз?

       — Санақ жүргізетін интервьюерлерде аумақтық статистика органының қолы қойылған және мөрі басылған, фотосуреті бар, аты — жөні жазылған, берілген күні мен қолданылу мерзімі көрсетілген интервьюер куәлігі болады. Халық санағының символикасы бар көк түсті шарфтары, қолдарында халық санағының символикасы бар көк түсті портфельдері болады.

        Сөз соңында айтарым, құрметті облыс тұрғындары, «Қазақстанда әркім маңызды!». Сондықтан барлықтарыңыздан Ұлттық халық санағына белсенді қатысуларыңызды сұраймыз!

       — Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Мәулен ƏНЕРБАЙ,

 «Жетісу» газетінің тілшісі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password