ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН БОЛДЫ
ШАЛКӨДЕ ЖЕРДІҢ ЖАЙЛАУЫ-АЙ!
Жайлауын айт, жайлауын Шалкөденің,
Етегі мыңғырған мал әр төбенің.
Су емес, суатынан қымыз аққан,
Пау, шіркін, неткен ғажап өлкем едің!
Зеңгір көкпен таласып, аспандағы айға шапшыған, аласаруды білмейтін аспантауларымызды және сұлулығына қарап таңдай қағып, көрген адамның көзі тұнатын тал бесік — табиғатымызды барған жерімізде мақтана айтып жүреміз. Ұшқан сұңқардың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын шексіз-шетсіз сайын даламыз өз алдына жатқан бір береке екен ғой, шіркін! Осылайша ауыз толтырып айтуға тұратын қойнауынан құт, сабасынан сүт кетпеген Шалкөде жайлауына жететін жер қайда бар екен?! Жазғы жайлау, … күн сәулесі аспаннан жерге нұр болып шашырап тұр, жер беті қызыл сары гүлдермен араласқан жасыл шалғын, мөлдірлігі күнмен шағылысқан, сылдырап аққан бұлақтар, тау бөктерін жағалай өскен қарағайлар, шыңына шықсаң төбең көкке тиердей биік таулар, төсінде тойғаннан жусап жатқан төрт түлік. Берекесі мен мерекесі келісіп тұрған Шалкөде жайлауына сыртынан қарап сұлулығына сұқтанып, құдайдың құдыреті шексіз екеніне көзің жетеді.
Алыстан, жақыннан келгені бар, жер қайысатындай халық жиналып Шалкөде жайлауында «Ауылшаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру және ауылшаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын жақсарту, ауданда кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбын қамтыған семинар-кеңесте келелі мәселелерге назар аударып, оның артын ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауға ұластырды. Аталған семинар мен мерекеде киіз үйлер тігіліп, сахна құрылып, алтыбақандар орнатылып жайлаудың көркі кірді. Осындай кеңес ауданда екінші рет өткізіліп отыр. Сонымен бірге қазақтың қонақжайлығын, жомарттық пен мәрттігін, мызғымас бірлігін айшықтайтын береке мен еңбектің тойы «Қымызмұрындық» өткізілді. Тағамдардың ішіндегі ең құрметті дастархан дәмінің бірі, қырық ауруға ем болатын, халқымыз бірнеше ғасырлар бойы үздіксіз пайдаланып келе жатқан қасиетті сусын қымыз ұлықталды. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі»- деп атқа міну мәдениетіне ерекше тоқталып өтті. Ұлы даланың мәдениетін жалғастырушы біздің елімізде ат спортының шоқтығы биік екtдігі белгілі. Осы ұлттық дәстүрмен жалғасқан шарамызда, ұлттық ойындарымызды ұлықтау мақсатында, текті тұлпарлардың тұяғының дүбіріне ұласқан «Жетісу жүйрігі» турнирі өткізілді. Жетісу жерінде төртінші рет өткен облысымыздың ең бетке ұстар турнирінің биыл ауданымызда екінші мәрте өткені біз үшін мақтаныш. Нағыз қазақ жылқының жанарына қарап тазарған. Бүгінгі мерекеде батылдық пен білектілікті талап ететін қазақ халқының еншісіндегі ұлттық ойындары «Қазақ күресі», «Теңге ілу», «Қол күресі», «Қошқар көтеру», «Қыз қуу», «Тазы жүгірту», «Аударыспақ» тәрізді ойындарға да кезек берілді.
Ауылшаруашылығының жетістіктері атап көрсетілді
Мереке басталысымен сахна төріне осы семинардың өтуіне тікелей мұрындық болып отырған аудан әкімі Омаров Жолан Ыбырайахынұлы көтеріліп мерекенің бет пердесін ашып, алғы сөзін айтты. Өз сөзін: Мұқағали Мақатаевтың Шалкөдеге арнаған өлең жолдарымен бастады. Ауданның ауылшаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қақпақ ауылдық округі, «Аманжол» шаруа қожалығының жылқышысы Нұрлан Құдиярбеков, Ұзақ батыр ауылдық округі, «Әсем» шаруа қожалығының шопаны Ильяс Ауғадиев, Қайнар ауылдық округі, «Жаңа талап» шаруа қожалығының шопаны Бақытнұр Қарасаев, Текес ауылдық округі, «Досым» шаруа қожалығының шопаны Саяныш Қайранбаев, Шалкөде ауылдық округі, «Бақытжан» шаруа қожалығының шопаны Бақытжан Жәнібеков, Сүмбе ауылдық округі, «Ақбұлақ» шаруа қожалығының шопаны Дәрмен Бестібаев, Нарынқол ауылдық округі, «Ринат» шаруа қожалығының шопаны Иемберген Талқыбаев, Тегістік ауылдық округі «Айзат» шаруа қожалығының бақташысы Тоқтасын Алмабаев, Сарыжаз ауылдық округі «Байсерке» шаруа қожалығының шопаны Мәлік Жүнісбеков, Қарасаз ауылдық округі «Дархан» шаруа қожалығының шопаны Дархан Қойлыбаев, Шалкөде ауылдық округі «Айғайтас» ЖШС-нің жылқышысы Дінмұхамбет Ыдырысов, Сарыжаз ауылдық округі «Расилбай» шаруа қожалығының еңбек сіңірген қызметкері Бағлан Сүлеймен, Ойқарағай орманшылығының орман күтушісі Михрат Смайловтар ауданның құрмет грамотасымен марапатталды. Таға атты ұстайды, ат ертоқымды ұстайды, ертоқым ерді ұстайды, ер елді ұстайды демекші марапат алған әр адамға қазақи нақышта безендірілген ертоқым сыйға тартылды. Ауылшаруашылығы саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін аудан әкімі Жолан Омаровтың Алғыс хатымен Саят Сабырбаев, Асан Сүгірбеков, Бекен Рүстемов, Қанат Иманқұлов, Абылай Сопабаев, Серік Шойлиев, Төлен Ерденбаев, Әтен Ибрагимов, Нұрболат Чубанов, Қайрат Бексерік, Қайрат Тәжиев, Бағдат Совет, Дүйсен Жұмашевтарды марапаттап дендеріне саулық, отбасыларына береке, еңбектеріне толағай табыс тіледі. Ары қарай да осы жайлауға құрметті қонақ болып келіп отырған ел ағалары сөз алып жақсы тілек, ізгі ниеттерін білдірді. Ауданның көркемөнерпаздары мерекені думандатып ән салып би биледі.
Сол сәтте аудан әкімі бастап Қазақстан Республикасы «Қой шаруашылығы палаталары Кеңесінің төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Досымбеков Тынышбай Досымбекұлы, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми – зерттеу институтының, қой шаруашылығы филиалының директоры Тілеулесов Нұрлан Әнуарбекұлы, Алматы облысының ауылшаруашылығы басқармасының орынбасары К. Омаров, «Расылбай» шаруақожалығының төрағасы Нұрбақов Нарым Бахтиярұлы аудандағы асыл тұқымды малдарды аралап көрді. Асыл тұқымды малдардың санын арттыру мақсатында тәжірибелерімен бөлісті. Оның жылдық жем-шөбіне де тоқталып өтті. Атап айтқанда, «Расилбай» шаруа қожалығы Ресей мемлекетінің Алтай өлкесінен 235 «Герефорд» тұқымды ірі қара малының аналық басын алды. Биылғы жылы 470 бас «Герефорд» тұқымды мал әкелуге келісім-шарт жасап отыр. «СПК Талас» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі үсіміздегі жылы Қостанай облысынан сүт және ет бағытындағы асыл тұқымды 500 бас тайынша Чехия мемлекетінен ООО «AGRO ROYAL s.r.o» шаруашылығынан 32 бас тайынша алуға келісім шарт жасады. «Ынтымақ» шаруа қожалығы Қарағанды облысынан «Қазақтың ақ бас» асыл тұқымды ірі қарасынан 50 аналық басын алып келді. Семинарға келген қонақтар ауданымыздың ауылшаруашылығы саласына көңілдері толғанын жеткізді.
Ұлттық спорттарымыз ұлықталды
Табиғат аясында, Шалкөденің төрінде ұлттық спорттың жанашырлары күш сынасып, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. Қазақтың қолында үйренген жеті қазынаның бірі «тазы жүгіртуге» кезек берілді. Жылдамдығына көз ілеспес тазылар іркес-тіркес мәре сызығын кесіп өтті. Жауырыны қақпақтай, бойында күш-жігері тасып тұрған жігіттер қошқар көтеріп күштерін сарапқа салды. Қарасаз ауылының азаматы Дидар Құрманбек Қошқарды иыққа қағып салып, 172 рет көтеріп, алдына жан салмай қара күштің иесі атанды. Боз кілемде тер төккен, палуандар алысқанда жер қозғалғандай болды. «Қазақ күресінен» жүлделі бірінші орынды Бексұлтан Әнуарұлы жеңіп алды. Азамат Рахымбай екінші орынға табан тіреді. Айбек Берікбай үшінші орынды йеленді. Білек күшін сынайтын сайыс «қол күресте» Дәурен Спатаев жүлдені алды. Дулат Асемқожа екінші орыннан көрінді. Үшінші орынды Жантас Нұрғали алды. Аттың құлағында ойнайтын жігіттер «теңге ілуде» сайысты қыздыра түсті. Аттың жалында ұйқтаған Алаштың ұрпағы екенін дәлелдеп Рауан Сағатбек теңге ілуде мықтылығын дәлелдеп бірінші орынды алды. Серікбай Иматай екінші, Ернар Абир үшінші орыннан көрінді. Ат үстінде белбеуден ұстап «аударыспақ» ойынын да көрсетті. Бұл ұлттық ойын түрінде Бақдәулет Серікжан мықтылығын дәлелдеп, жеңіс туын желбіретті. Нұрсұлтан Сағатбекұлы екінші орынды жеңіп алды. «Қыз қуу» ойынында жігіттің сұлтаны екенін дәлелдеп, Қанат Теміров пен Айнагүл Өзбекова жүлде биігінен көрінді. Қайрат Нәби мен Бөлебаева Жанат екінші, Рүстем Мәтенов пен Жанна Жабықбай үшінші орынды алды. Осы мерекеге арнайы Мәскеуден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келген қонақтар спортшыларымызға тәнті болды.
Жүйріктен жүйрік озар
Ауыздықпен алысқан, болат тұяқ, сымдай тартылған, бәйгеге жарап тұрған тұлпарлардың тұяғының дүбірі делебені қоздырды. Шапқан атты көргенде әрбір қазақтың арқасы қозары анық. Бірінен бірі өткен қыл құйрық тұлпарлар бәйге жолында тартысқа толы жарыс көрсетті. Алғаш болып алаңда «Тай жарыс» өткізілді. 4 шақырым қашықтыққа 18 тай жарыс жолына шықты. Бабында тұрғанын дәлелдеп Райымбек ауданынан Жоспархан Елдостың «Айару» атты тайы бас бәйгені алып жүлдесіне жылқы иеленді. Жамбыл ауданынан келген Қозыбаев Берекенің «Сұркөжек» атты тайы екінші болып мәреден өтті. Үшінші орынды Ескелді ауданынан келген Қадыров Ильнурдың тайы «Хайбиби» атты тай алды. Келесі кезекте шаршы алаңда «Құнан бәйге» болды. 8 шақырым қашықтықтағы жарысқа 32 құнан қатысты. Соның ішінде топ жарып алдыңғы орында Райымбек ауданынан бақ сынаған Ұлан Омаровтың құнаны келіп автокөліктің кілтін жеңіп алды. Екінші орыннанда Ұлан Омаровтың құнаны көрінді. Екі құнаны үзеңгілесіп келіп бірінші екінші орынды бөліп алды. Жүлделі үшінші орынды Кеген ауданынан Аслан Әшімовтың құнаны алды. Төртінші орын Жамбыл ауданынан келген Оңласынның еншісінде. Бесінші жүлде Жамбыл ауданы Иманжанов Мадиярдың «Еспе» атты тұлпарында. Топ бәйгеде 21 тұлпар бақ сынап, 21 шақырымды бағындыруға тырысты. 21 шақырым жарыс жолын бірінші болып шауып өткен Жамбыл ауданынан келген Мұрат Қозыбаевтың аты «Ақмоншақ» болды. Ақмоншақтың бәйгесіне автокөлік берілді. Екінші орынды Қызылорда облысынан келген Маханов Бердібектің «Ақбақайы» алды. Жеңісіне мотоцикл берілді. Райымбек ауданынан қатысқан Ұлан Омаровтың аты «Шартас» үшінші орынды алып, қанжығасына жылқы байлады. Төртінші орын Қарасай ауданынан келген Асқар Дінмұханбеттің аты «Айторының» еншісінде қалды. Жамбыл облысы, Қордайдан келген Айдар Нұрмұханбетовтың «Керка» атты сәйгүлігі бесінші болып мәреден өтті. Жорға жарысына 8 су жорға қатысты. 8 шақырым жолды бағындырып бірінші орынды Жүзбаев Қанаттың жорғасы алды. Екінші орынды Қайнар ауылынан Үсейін Абайбектің «Албан торы» атты жорғасы, үшінші орынды Қарасаздан Жасұлан Қарақұловтың жорғасы алды. Төртінші Шайынбаев Орал, бесінші Сейташимов Асылбектің жорғасы келді. Жиналған халық асыға, тағатсыздана күткен «Аламан» бәйге де басталар сәт келді. 43 шақырымды шауып өтуге бел байлап жарыс жолына 27 тұлпар шықты. Шын тұлпарлар а дегенде іріктеліп алдынғы қатардан көрінді. Жарыс жолында бірінші болып Райымбек ауданынан Ұлан Омаровтың тұлпары «Сүмбе» мен Маханов Қайраттың сәйгүлігі былтырғы «Жетісу жүйрігі» атанған «Қоянқасқа» жүрді. Тақымын қысып ата әруағының атын атап ұрандап, Алладан медет сұраған ат иелері жарыс соңы немен аяқталарын білмей тағатсызданып тұр. Атының әр аттаған шабысын бағып, тұлпардың терін аңдумен болды. Желмен бірге жарысқан шабандоздар тұлпардың ауыздығымен алысуда. Алдына қара салғысы келмейтін текті тұлпарлар тізгінді босат дегендей басын шұлғиды. Әне-міне дегенше жарыс жолының жартысынан көбі аяқталды. Атақты «Қоянқасқаның» шабысы бәсеңдеп шаршаған сыңай танытты. Жануар «Сүмбе» жарыс жолын бастағаннан алдына шығып сол қалпы бірінші шауып жүрді, соңғы айналымдарда «Сүмбемен» үзеңгі қағысып «Қарлығаш», «Самал» атты тұлпарлар қатар шапты. Соңғы айналымның жартысы қалғанда ат йелерінің көзіне жас үйірілді, жанкүйерлер айғайлап шабандоздарға дем бере бастады. Осы сәтте Ұлан Омаровтың тізгінге тоқтамаған, ауыздыққа бойбермеген Райымбек ауданының тұлпары «Сүмбе» атылған оқша алдыға ұзап шықты. Аудан халқының алдында қамшысын айналдырған «Сүмбенің» шабандозы, мәреден жеке-дара болып шауып өтті. Айы оңынан туып, бағы мен бабы бірге шапқан тұлпар аламан бәйгені алды. Тұлпардың бәйгесіне «Нива» автокөлігі берілді. Аудан тұрғындарының төбесі көкке сәл жетпей тұрды. Қуаныштан қол алысып бәйге құтты болсын десті. Сөйтіп «Жетісу жүйрігінің» су жаңа жеңімпазы анықталды. Облыс бойынша Райымбек ауданының тұлпарлары көптеп топ жарды. Осы бәйгеде екінші орынды Қызылорда қаласынан келген Мықанов Бердібектің «Қарлығашы» алып, мотоцикл ұтып алды.
Алматыдан келген Рүстемұлы Әбдусамиттың аты «Томирис» үшінші келіп жылқы алды. Шынтасов Есбол қосқан «Самал» төртінші орын алды. Бесінші болып мәре сызығын атақты Маханов Қайраттың «Қоянқасқасы» кесті. Алтыншы қырғызбай Мирастың аты, жетінші өз ауданымыздан Марал Ерліктің аты келді. 27 тұлпардан жарыс жолын жеті тұлпар аяқтады. Бәйге аяқталысымен шабандоздар марапатталды. Төртінші рет ұйымдастырылып отырған «Жетісу жүйрігі» турнтрі біздің ауданда екінші рет өтті. Дәл осындай Жетісу халқының тіліне тиек болған шараны өткізген аудан әкімі Жолан Омаровқа елдің алғыстан басқа айтары болмады.
Дастан Қасенұлы
0 Пікір