ӘЛМЕРЕК АБЫЗ КІМ БОЛҒАН?

       Әлмерек Жаншықұлы. Қазақ ұлтының ұлы жүз Албан елінен Бәйдібек бидің жетінші ұрпағы немесе Жаншық, Бозым, Сүйменді, Сары, Албан, Жарқышақ, Бәйдібек болып таралады. 17-ші ғасырдың 1658 жылы- туылып 1754 жылы 96 жасында қайтыс болған. Сүйегі Алматы қаласының солтүстік шетіндегі «Әлмерек» мазарында. Әлмерек бабамыз Қазақ тарихындағы Албан еліндегі Абыз атын алған екінші кісі. Қазақ даласының аты әлемге жайылған, ел бастаған серкелерінің бірі. Шоған абыздан кейінгі ғасырларда Албаннан шыққан ел ардагерлерінің ешқайсысына мынадай атақ бұйырмаған. Абыз дегенімізсол ру тайпасының билерінің билігінің таласқа түскендеріне соңғы кесім жасаушы болса керек.

        Әлмерек абыз бабаның туылған жылдары Қазақ ханы Жәңгірдің хандық құрған(1645-1680 )кезіне тұспатұс келеді. Жәңгірханды дене бітіміне қарай ел «Салқам Жәңгір» деп атаған. Жоңғар Қалмақтары Қазақ даласын басып алуды сол Салқам Жәңгірдің хандық құрған кезінен бастаған. Сол соғыстарда Әлмерек соғыс өнеріне жан-жақтылы жетілген батыр атанады. 1680 жылғы Жоңғарға қарсы кескілескен соғыста Салқам Жәңгірхан қайтыс болады. Қазақтар алғашқы жеңіске жеткенімен, көп шығын тартады, сонда да жаудың аптығын басып орнына баласы Тәуке таққа отырады. Ол әкесі тұсындағы бытыранқылық пен тайпалар арасындағы алауыздықты жойып, қазақ елінің ішкі алауыздығын бәсеңдетіп, тыныштық орнатады. Осы даналығы үшін Қазақ халқы Тәукені «Әз Тәуке», «Адамзаттың данасы» деп атап кетеді. Әлмерек Әз Тәуке хан жағынан бір бағыттағы сарбаздарға қолбасылық істейді. Әз Тәуке хан Жоңғарлармен бейбіт көршілік қатынас орнату үшін Қазыбек биді Жоңғарларға елшілікке жібереді. Құлпырған Қазақ даласына көз тіккен Қалмақтар келісім бермейді. Ал Қазақтар өз жерін қорғап соғысады. Соғыс Тәуке хан тұсында толастаған жоқ. Сол ұлтын, отанын, сүйемдей жерді қорғау үшін болған қанды шайқастардың ортасында қол бастап Әлмерек бабамен Хангелді батырлар жүреді. Әлмерек бабаның қорғаған территориясы Жетісу өңірі яғни, қазіргі Алматы облысының жер көлемі екенін тарих шындығы дәлелдейді. Аңыздардағы ел аузында сол соғыстардың бірінде Әлмерек батыр Шонжы атты Қалмақ батырының басын алады. Әлмерек пен Хангелді батырлар Қалмақтармен соғысып жүргенде Қазақтан басқа ұлттардың, әсіресе «империямыз бар еді» дейтін, Ұйғырлардың көлеңкесі де жоқ еді.

       1718 жылы Әз Тәукехан қайтыс болған соң ел іргесі бүліне бастады. Бұрыннан Тәуке ханнан ірге бөлгісі келіп жүрген кіші хан атағы барлар бас-басына кетіп, хандықтың сәйкесі кетті. Ел басын біріктірер хан шықпады. Қазақтың алтыбақан алауыз сұрқын көрген Жоңғар хандығы орай туды деп біліп, 1723 жылы көктемде Қазақстанның оңтүстік бөлігіне баса-көктеп кіріп бейбіт жатқан елді қырғындады. Тірі қалғандарының бір бөлімі жоңғарларға бағынып ауыр азапты құлдық тірлік кешсе, бір бөлімі батысқа қашты. 1724- 1725 жылдары Жоңғарлар Сырдарияның бойына дейін жетіп, Қазақтар Самарқан, Алқакөл жаққа дейін қашып барды. Қазақтың тең жарымы қырылып, жоғалып кеткен бұл қасіретті заманды, халық «Алқакөл сұлама» деп атады. Қазақ ұлты осындай ауыр қауіп басқа төнгенде қартайып қалған Әлмерек баба жас батыр Райымбекке ақыл көрсетіп, жауға қарсы қосын бастауға баулыды. Қосын ұйымдастырып, Жоңғар Қалмақтарын қанға бөктіріп, жоңғарлардың Жетісудағы қосынын Қытай шекарасы Сарсүмбеге дейін қуып салады. Қалмақтардың алғашқы қырғыны Қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы мен Шонжы ауданы ортасындағы Көкбек жазығында болған. Қазірде сол жылдардағы Қазақ қосыны Қалмақты қырған жерді «Ойран төбе» деп атайды. Онда Райымбек батыр (Хангелді батырдың немересі) бастаған Қазақ (Албан, Суандардан ұйымдасқан) қолы Қалмақтармен болған үш реткі шайқаста он мыңға жақын қолын қырып, екінші бұл араға қалмақтарды аяқ баспайтын еткен. Міне осы ұлы жеңістің басы-қасында адуын батыр, ақ баталы қарт Әлмерек абыз болған. Ол-ол ма, Әлмерек баба әулиелігі арқылы жаудың жауырыншысын, өзінің жауырыншылық әулиелік өнерімен жаңылдырып, Қалмақтарды алдап әкеліп, Қазақ қосынының қоршауына түсірген осы данышпан Әлмерек баба. Райымбек батыр әр реткі соғысқа аттанарда Әлмерек бабасынан бата алып жауға аттанып отырған. Бұл шындықтар, Қазақтың ақ сұңқар ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек!» дастанында емірене жырлайды. Тағы да, Баба туралы жазылған « Әлмерек баба» атты өмірбаяндық романда да тәптіштей айтылған.

       Әлмерек баба жас кезінде әскери қолбасшы, орта жастан өткенде абыз би, қартайған шағында көріпкел әулие болған адам. Абыз ең соңғы би болған кезінде елдің ішкі ынтымағын күшейтуге, соғыстан кейінгі тұрмыс тіршілігін қалпына келтіруге басшылық еткен. Халқын алғаш рет егіншілікке, отырықшылыққа бастаған адам. Еңбекшіқазақ ауданының Шелек, Байсейіт ауылдарында сол отырықшылықтың айшықты іздері «Малыбай тоғаны» да қалған бір белгі.(Байсейіт, Малыбайлар Әлмерек бабаның немерелерінің аттары).

       Қытай қазақтарының ғалым, жазушы, зерттеуші Тәліпбай Қабаев пен Қазақстан зерттеушісі Ораз Қауғабаевтың «Әлмеректің бес баласы және Еділ, Жайық» атты кітаптарында Әлмерек бидің әулиелігімен Әлмеректен тараған ұрпақтардың да ел қамын түгендеген, ел намысын өз жандарынан артық көрген, ұлт намысын ту етіп көтерген данышпандар мен батырлар болғанын айтады. Үлкен баласы Жәнібектің қасиетті батыр болып қана қалмастан одан тараған Пұсрманбай, Тазабақ, Жақыпберділердің Орыс империясының Қазақ жерін тартып алу зорлығына қол бастап қарумен қарсы тұрған батырлар екені тарих бетінде өшпес таңба. Екінші ұлы Құрман Албан еліндегі ең өскен ру болып «Қабырға жетпес қара Құрман» деп аталды. Құрман тұқымынан болған шөбересі Саурық батыр орыс пен қытайдан Қазақ жерін қорғау күресінде қастандықпен өлсе, Саурық батырдың баласы Ұзақ батыр Бүкіл орта Азияны дүр сілкіндірген Ресей империясына қарсы көтерілген атақты Қарқара көтерілісінің ұйымдастырушысы әрі қолбасшысы. Әлмерек абыздың өз кіндігінен бастап бесінші ұрпағына дейін түгендесек, Албан тарихы мен шежіресінде аты қалған ұлы адамдар саны 40- тан асады. «Жақсыдан жол, шешеннен сөз қалады демекші, Әлмерек биден де аталы, баталы сөздер қалған. «Мал емгеннің бір бүйірі тоқ, Жер емшегін емгеннің екі бүйірі тоқ», (Қазақтың үш жүзі қазанның үш бұтына ұқсайды, үш бұт бірлесіп бір шеңбер жасап қазанды көтеріп тұру керек. Бір бұты сынса қазан төңкеріледі», «Тозған елден, торыққан ел жаман» тағы басқалар. Бұл даналық сөздер Қазақ көшін бастауда елеулі ақыл қосады. Осындай ұлы дана бабаға бір ауданның атын беру Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің міндеті болуға тиіс.

        Қазақстандағы Ұйғыр ұлты, Алматы облысына алғаш 1853 жылы, Ресей патшалық өкіметімен Қытай арасындағы «Құлжа шарты» бойынша Жаркент ауданына Орыс пен Қытай өкіметі жағынан көшіріліп орналасқан. Себеп, аталған уақыттан он жыл бұрын шекара таласы себепті Шар патша қазіргі Қытайдың Іле өңірін әскер шығарып басып алған. 1853 жылғы келісім бойынша Шаруся әскерін Іле өңірінен шығарып әкетеді. Бірақ, аз ұлттардан 300 түтін кепілге Ресей жақ Қазақстан шекарасына көшіріп әкетеді. Алайда олар Қазақ болмауы керек болады. Ресей отаршылдарының ондағы залым қулығы Қазаққа Қазақ қосылса Қазақ күшейіп кетеді. Ол үшін таза топыраққа құм, тас араластыруға тура келеді. Осы келісім бойынша 150 үй Ұйғыр мен 150 үй дүңген егін салу атауымен көшіреді. Бірақ Ресей империясының залым жоспары іске аспады. Үш ғасырдан бері Қазақ ұлтының қонақжайлық пен мейірімділік құшағына бөленген Ұйғыр ұлты өсіп-өніп, тыныш, тату-тәтті өмір кешіп келеді. Әсіресе, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстандағы барлық ұлттар қатарында Қазақстанның Ата Заңының қамқорлығында бейбіт, бақытты өмір кешуде. Оның үстіне, 1962 жылы мыңдаған Ұйғыр азаматтары, сол кездегі екі ел Коммунистік билігінің жымсыма саясаты бойынша мыңдаған Ұйғырларды «Қашып» өтуге желіктіріп, олар ұйғырлардың жан санын молайтты. Қазір билік басындағы тәуелсіз Қазақ ұлты ата заңымыз бойынша барлық жерге өз билігін жүргізуге құқылы. Осы шындыққа кедергі болу өз ұлтының бақытын басқа тепкендік қана. Шонжы ауданы ғасырлардан бері Қазақтардың мекені. Жер иесі Қазақтар, Нақты иесі Әлмерек абыздың елі. Оның қарастылығытарихтан бері Әлмерек бабамен оның тұқымдарының басқаруында болып келеді. Шонжы ауданын 19-ғасырдың ортасында Орыс отаршылдарына ерлікпен қарсы күресіп ұлт тәуелсіздігін аңсаған, Әлмерек бабамыздың шөбересі Саурық батыр Әлпарұлы басқарған болатын. Саурық батыр тіпті Қытай жерінің Іле өңірінде емін- еркін меңгерген адам. Қазір Іле Қазақ облысының Күнес ауданының тауында Саурық батырдың қыстауының орны «Саурықтың сайы» деп аталады. Саурыққа өшіккен Ресей өкіметіне, Құлжа қаласының бегі Солтан атты үйғыр адам жансыздыққа сатылып, Саурықты Ресей жаққа мәлімдейді, екі жақ бірлесіп ұстап Қазақстанға әкетеді. Алайда Саурықтың ел ішіндегі беделінен жасқанған орыс өкіметі қонаққа шақыру сылтауымен Саурық батырдың үзеңгісіне у жағып қастап өлтіреді. Осындай тарихи дәлелдер Шонжы ауданына Әлмерек абыздың атын берудің заңды барыс екенін көрсетеді.

       Енді Шонжы деген атауға келейік. Мен жазба деректерден емес, ел аузындағы ауызекі әңгімеден, тарап жүрген аңыздардан «Шонжы» деген сөз Әлмерек батырдың Тәуке ханның алғашқы кезіндегі немесе Әлмеректің батыр болып қол бастап жүрген кезінде Әлмерек батыр өлтірген қалмақ батырының аты деп айтылады. Оған мынадай дәлелдер келтіру қиын емес. Қалмақтар алғаш басып алған кезде сол аймақтың аттары қол бастап келіп қазақ жерін басып алған Қалмақ қолбасыларының атымен аталған. Мысалы, Шонжының батысындағы Қаскелең ауданы, оңтүстігіндегі Кеген ауданы, іргелес Шарын өзенінің аты т.б лар. Сонымен бірге, «Шонжы» деген сөз Қазақ тілінде араласып жүрген Моңғолдардың «Шоқыр» (өзен аты) «Шолымты» (Өткел) «Шолақай» (сайдың аты) тағы басқа сөздермен үндес келеді. Сонымен бірге «Шонжы» деген сөз, өз кезінде Қазақ жерін Қалмақтар басып алған аймақтардың көбінде бар. «Шонжы» атауы сыртқы Моңғолдан бері қарай Қазақ топырағына әрбір сызық бойынша тартылып ат қойылған. Мысалы: Шынжаңның Үрімжі қаласының шығысындағы сыртқы моңғол шекарасына ең жақын ауданның аты қазір «Шонжы ауданы» деп аталады. Ал Үрімжі деген қаланың аты ап- анық «Үріпжіл» деген моңғол байдың аты. «Үріпжілдің сайы» деген сөзден қалған. Содан бір сызық бойынша Іле облысының орталығы Құлжа қаласының шығысындағы 70 шақырым жерде «Шонжы» деген сай бар. Онда қазір Құлжа ауданына қарасты «Шонжы» мал фермасы тұрады. Ал Моңғолдардың адамдарының атында да осыған ұқсас «Шөпіл», «Шорын», «Күнжі» деген адам аттары бар. Осы айтқандарымыздан «Шонжы» деген атаудың «көне ұйғыр тілі» емес тап таза моңғол тілі екенін білеміз. Ең күлкілісі, осыдан үш ғасырдан бұрын ұйғыр ұлты Шонжы өңірінде тұрса қалайша ол арада «Ұйғыр империясы өмір кешіп, ұйғырлар бұл жерге жасыл алқап» деп ат қойсын?!

        Қазақстанға Ұйғыр (Кейде Сарт депте аталды ) ұлты қоныстанғалы үш ғасырдан асты. Қазақ ұлты осы үш ғасыр ішінде Ұйғыр ұлтына көптік, күштілік мінез көрсеткен жоқ. Қонағуарлық, жанашырлық аяушылық көрсетіп, көмек қолын созып келеді. Екі ұлт та отаршылдық қудалаудың, кемсітудің, 2-ші дүниежүзілік соғыстың тақсыретін тең тартқан ұлттар. Олар осы үш жүз жылдан аса уақыт ішінде аралас көрші отырып, әр қандай ұлттық алауыздық тудырып бір біріне шоқпар көтерісіп көрген жоқ. Әсіресе Тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті солай. Алайда жақыннан бері ішінара адамдар қай-қайдағы өтіріктерді ойдан шығарып, ғасырлардағы Қазақ топырағын Қазақ қанымен суғарған топырақта, Моңғол басқыншы қарақшысының атын ұялмай өзінің ана тіліне кіргізбек сияқты. Қазақстан халықтарының тәуелсіздік рухын жаңғыртуға көлденең болмақшы болып отыр. Қазақ ұлтыҚазақстанның барлық аумағын 10 ғасырда қара Қытайдың (Хидан) шапқыншылығынан, 13-14-15 ғасырларда Шыңғысханның және қараниет Қоқан хандығының шапқыншылығынан 17-18-ғасырларда «Ақтабан шұбырынды» бола жүріп, жалмауыз Жоңғарлардың қырғынынан, 19- 20 ғасырларда бұрынғы соңғы отаршыл Орыс ипериясымен тәуелсіздік үшін қаншама жүз рет шайқаса жүріп, әр ғасыр сайын ұлтымыздың жан санының жарымын құрбандыққа шала жүріп өз территориясын сақтап қалған намысты, қаһарман ұлт. Шонжы ауданын Әлмерек би мен оның қаһарман тұқымдары қорғап қалған. Ендігі жерде заманымыздағы ата жауымыздың аты Шонжыны өзгерту- тәуелсіздіктің талабы, өз иесі Әлмерек абыздың атын қою-ұлт тәуелсіздігінің міндеті. Елбасымыздың рухани жаңғыру саясатының өкімі.

Нұрмұқан ЖАНҰЗАҚҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

ақын, сыншы, тарих зерттеушісі, журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password