ҚҰЛМАНБЕТТІҢ ҚҰЛЫНЫН ЕСКЕ АЛДЫ

       Алаштың арда ұлы, Құлмамбеттің құлыны, айтыс әлемінің ақиығы Оразалы Жарылқасынұлы Досбосыновты еске алуға арналған турнир өзі туып өскен, кіндік қаны тамған Тегістік ауылында жалауын көтерді. Қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенті, жерлесіміз Оразалы Досбосынов айтыс өнеріне шоқ жұлдыздай жарқырап, өзіндік қолтаңбасы мен сағымға айналған әуезді үні халықтың жүрегінде мәңгі сақталып қалды. «Құлманбеттің құлынымын» деген тіркесті мақтанышпен айтатын арқалы ақын О.Досбосынов қамшының сабындай болған қысқа ғұмырында халық алдындағы өнерпаздық парызын өтей алды деуге хақымыз бар. Ол ХХ ғасырдағы қазақ айтысын жаңғыртуға өз үлесін өлшеусіз қосты. Сол жолда қызмет еткен тұлғаларың бірі болды.

       Тегістікте туып, өз халқының біртуар ұлы болған, айтыс сахнасында нұрдай жарқылдаған Оразалы есімі жалпақ жұртқа етене таныс әрі ыстық, үлкен мақтаныш. Айтыс өнерінде өзіндік зор үнімен танылған асыл азаматты ешкім ұмытпайды, ұмтылмақ емес.

       Волейболдан Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған турнирді Тегістік ауылының тумасы Ринат Рахимовтың мұрындық болуымен, ауыл жастарының жоғары деңгейде ұйымдастырғандығын ерекше атауға болады. Сонымен қатар, «Тегістік жастары» атты қор құрылып, алдағы уақытта спорттық алаңдар мен ауыл тұрғындарының игілігі үшін тойхана салу жоспарда тұр деген зор сенімдерін білдірді.

       Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы қатысып, жарысқа қатысатын командаларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ауылдық ақсақалдар алқасыныңмен аузы дуалы абыз қариялары ақ баталарын беріп, ойынның алғашқы командалары жарысты қызу дайындықпен бастады.

        Осынау волейболдан өткізілген еске алу турниріне 18 команда қатысып, бақтарын сынады. 200 мың теңгенің жүлдесі тігілген турнирде Тегістік ауылының Оразалы Досбосынов атты командасы бірінші орыннан көрінсе, Текес ауылының командасы жүлделі екінші орынды қанағат тұтты, ал турнирдің соңғы тұғырына Қарасаз ауылының командасы жайғасты.

        Жарыста оза шауып, тұғырдан көрініп, атой салған жеңімпаздар арнайы тағайындалған дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Елдос СЕРІКҰЛЫ,

Тегістік ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password