ҚҰЛМАМБЕТТІҢ ҚҰЛЫНЫ

        …Қанды ауыз тағдыр қалайсың?

        Он екі мүшең аман ба?

       Қорқыт боп келсем өмірге,

    Қарсы тұрмас ем ажалға, — деп  қара өлеңмен мұңдас болып, отты жырларын әрбір алаш баласының жүрегіне жазып кеткен Оразалы Жарылқасынұлы Досбосынов қапыда көз жұмбаса, биыл 47 жасқа толатын  еді. Амал нешік… Дегенмен, ақын өнерін өзінен алыстатып көрмеген қазағы 18 жылдан бері атын өшірмей, тұлғалық биігін өз орнында бағалап келеді. Ол жолда өткен жылы тұсауы кесіліп, жұмысын бастаған ақын атындағы қоғамдық қоры да қомақты үлесін қоспақ ниетте. Ә, дегеннен ақынның артына  қалдырған мол мұрасын жинақтап, жұрттың игілігіне жарату жолындағы жанкешті жұмыстарын бастап кеткен қор өлеңге құмар оқырмандар арасында «Құлмамбеттің құлыны» атты республикалық онлайн әдеби шығармашылық байқау ұйымдастырды. Ондағы мақсат – тоң болып қатып бара жатқан ақынның жауһар жырларын жастар арасында насихаттау болатын. Жуырда Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау Мәдениет үйінде байқаудың марапаттау салтанаты өтті.

Жер жаннаты Жетісудың төрінде, қасиетті Хан-Тәңірінің баурайында дүниеге келіп, бойына туған топырағы мен өскен ортасының асылын ғана сіңіріп өскен Оразалы ақынның есімін жаңғыртуға бағытталған кешке ұстаздары мен  тұлғаның отты жырына қанық болған үзеңгілес замандастары жиналды. Атап айтар болсақ, ақынның бастауыштағы сынып жетекшісі­ — Бақытгүл Көшербайқызы,  ақын, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов, дәстүрлі әнші, М.Мақатаев атындағы конкурстың лауреаты Сандуғаш Стамғазиева, Қазақ өнерінің қайраткері, танымал әнші Айбек Мұхамедәлі, қордың ашылуына мұрындық болған ұлтжанды тұлға,   қор құрылтайшылардың бірі Зәмзәгүл Әубәкір, сондай-ақ байқауға қатысушылар мен өлең сүйер қауым қатысты. Қор жетекшісі, ақынның қарындасы Әйгерім Досбосынова қор жайлы ақпарат беріп, ауқымды жоспарларымен таныстырып шыққаннан кейін сөз алған қонақтар ақын жайлы естеліктерімен бөлісті. Әншілер әннен шашу шашып, кеш көрігін қыздырды. Кеш соңында республика бойынша 100-ге жуық қатысқан өнерпаздардың ішінен жүлделі орынға ие болғандар марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Байқауға қатысқан барлық қатысушылармен демеушілік танытқан жомарт жандар қор атынан «Алғыс хатпен» марапатталды. Алдағы уақытта туған жері Райымбек ауданының орталығында  ақынның ескерткішін тұрғызып, жеке музейін ашу мақсатында облыс, аудан басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Шынайы өнерді, өлеңді қадірлейтін осындай жомарт жүрек азаматтар мен қазағы барда сөз сүлейінің ұмытылмайтынына тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Айнаш ӘЛДИБЕК,

Талғар ауданы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password