ҮЛГІ ТҰТАР АСЫЛ ЕР

Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим

НЕСІПБЕКОВ ҚАСЫМ АЙТБАЙҰЛЫ (27 қазан 1932 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қайнар ауылы –  4 мамыр 1996 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Текес ауылы) – колхозда қызметкер, жоғарғы санаттағы тәжірибелі автокөлік жүргізуші.

Шыққан тегі: Ұлы жүз, Албан руының Бексейіт ата (Құсық ата) тармағынан тараған.

Әкесі Несіпбекұлы Айтбай өте сауатты, қытай, орыс тілдерін толық меңгерген жан еді. 1935-1937 жылдары Нарынқолда Қытай мен Қазақстан мемлекеттері шекарасындағы «заставада» қызмет жасаған. Сол жылдары жандайшаптардың сөз тасуымен (донос) жазықсыз адамдардың ұсталып жатқан кезі еді. Кезек «застава қызметкері Несіпбекұлы Айтбайға» жетіп «халық жауы» деген желеу атпен қызметте тұрған жерінен қызыл жағалылар ұстап алып кетеді. Қай түрмеге апарып қамаққа алғандары, кейінгі өмір тағдыры, қай жерден топырақ бұйырғаны осы күнге дейін беймәлім.  Жұбайы Назаркүл апамыздың ой-арманы, Айтбай атамыздың бейітін тауып, белгі тас қойып «ұрпақтары рухына Құран бағыштап тұрса?» деген арман-тілегі тіршілігінде орындалмай кетіп еді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен, Айтбай атамыз толығымен ақталды. Кеген ауылының орталығында 1935-1937 жылдары аралығында осы өңірде қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталған бірнеше жүздеген азаматтарға арналып орнатылған мемориалдық ескерткіш тақтада, №125 болып Несіпбекұлы Айтбай атамыздың есімі жазулы тұр.

Сөйтіп, ерінен ерте ажырап қалған Алмабекқызы Назаркүл апамыз, қыздары: Тұрлыхан, Зейнекүл, жалғыз ұлы Қасыммен Карл Маркс атындағы колхозда қызмет жасап, Ұлы Отан соғысы жылдары тылда қолғап, тон тігіп, елмен бірге қатар жүріп майданға өз үлесін қосқан  еді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін колхозда еңбегімен ерекшеленіп, еңбек ері атанды. Әкенің жоқтығын білдірмей ұл-қыздарына бүкіл ғұмырын арнап, ешкімнен кем қылмай өсіріп жеткізді. Бүгінде Тұрлыхан, Зейнекүл әпкелеріміздің ұл-қыздары өсіп-өнген өнегелі отбасылар қатарында.

Буыны қата қоймаған Қасым аға жеткіншек жасынан бастап үлкендермен қатарласа жүріп еңбек майданына араласа бастайды. Әуел баста колхоздың ағаш кесу (пилорам) цехында Разақ аға екеуі ағаш шебері (плотник) болады. Бірер жылдар Үлкен Қақпақпағы пилорамда бригадир, меңгеруші болып, колхоздың таудан кесіп құлатқан қарағайларын Кенжебек аға тракторымен сүйреп пилорамға  жеткізіп, оны тілдіртіп, дайын тақтайларды әртүлі көліктермен ауылға тасымалдатып отырған. Ол кездегі жүк таситын автокөліктердің кабинасы ағаштан (фанера) жасалынған еді. Колхоз мүшелері Кәдіржан, Қошқарбек есімді ағалар сол автокөліктерді жүргізетін. Кейіннен заманның талабына сай әртүрлі көліктер Кеңес Үкіметінің зауыттарынан шығарыла бастағаны тарихтан мәлім. Осы пилорамда қызмет істеп жүрген жылдары, Қытай жерінен ағайын-туыс, қандастарымыз атамекеніне көшіп келіп жатқан кез еді. Қасым аға, әрбір отбасына арнайы пилорамда өз қолымен ағаш тіліп, колхоз басшыларымен біріге отырып баспана салдыртып бергенін, өскелең ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейді?. Сол кездегі үлкендердің көзі кеткен соң, таудай атқарылған жақсылықтың ұмыт қалуы өкінішті-ақ!? Осылай үлкенге іні, кішіге аға бола білген жаны жайсаң, құрыш білекті Қасым ағамыздың Текес ауылында өз қолымен салған «қара шаңырақта», ағаның өмірін ұрпақтары жалғастырып келеді…

Жылдар ілгері жылжи келе Жаңа Текес ауылында «Текес автокөлік мекемесі» ашылып, сол мекемеге Қасым аға ауыр жүк автокөлігін жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Сөйтіп шаршаудың не екенін білмеген ағамыз, «жоғарғы санатты тәжірибелі жүргізуші» деңгейіне дейін өзінің адал еңбегімен, осы мекемеде бірнеше жылдарды бел асырып жеткен еді. Жастық жалынын шашып тұрған уағында, Мінәй шешемізбен шаңырақ құрады. Мінәй шешеміз де өте тәрбиелі, оқыған, тәжірибелі маман болды. Мектеп кітапханасында ұзақ жылдар бойы кітапханашы болып қызмет істеп, сол орнынан зейнеткерлікке шықты.  Назаркүл апамыздың жалғыз ұлына адал жар бола білді. Қасым аға екеуі Жаратқан иеміздің қалауымен он баланы дүниеге әкеліп, оқытып, тәрбиелеп ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ауылдағы үлгілі отбасылар қатарында келеді. Ұлдары: Серікжан, Ерлан (Ұлан сәби кезінде шетінеп кеткен), қыздары: Гүлнар, Гүлжұпар, Әсемкүл, Әсет, Гүлжанар, Гүлбан, Эльмира. Бүгінде әрқайсысы аяулы ата-ана, қамқор ата-әже, өмірдегі еңбек жолында өз орындарын тапқан тәжірибелі маман иелері.

Тіршілігінде, Қасым аға «Текес автокөлік мекемесінің»  көптеген автокөлік жүргізушілер ортасына түсе қалса өз тәжірибесімен бөлісіп, сан алуан жас буынды ақыл-кеңесімен тәрбиелеген еді. Әкелік, ағалық қамқорлығын танытып, алыс жолда қалған талай жанға қол ұшын беріп келді. Өмірінің соңына дейін осы аудан көлеміне жүк тасымалдау мекемесінде қажырлы еңбек етіп, Үкімет тарапынан бірнеше медальдардың, ІІ-Дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері атанды және бірнеше «Құрмет» грамоталарымен марапатталды. Сөйтіп, Қасым аға бейнетпен еңбек ете жүріп зейнеткерлікке шықты да, бірер жыл өмір сүріп, кенеттен, таскенедей жабысқан сырқаттан айыға алмай қайтыс болды. Біртуар ағамыздың мәңгілік мекен жайы жайлы да жарық болып, топырағы торқалы болуына бір Алла нәсіп етсін!

«Жақсының – жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз!!!

Болатхан НҮСІПБЕКОВ,

Халықаралық  «Алтын Қыран» орденінің иегері,

Халықаралық жазушылар одағының мүшесі,

Мергенбай батырдың немересі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password