Әлеуметтану мамандығының қоғамдағы рөлі
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыппен халыққа жолдау жасады. «Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік салада қаралатын мәселелердің бірі – білім беру сапасын жақсарту бағыттарына баса мән беру керек, сонымен қатар біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз»,– деп Қазақстан халқына Жолдауының толық мәтінін жариялаған болатын
«Әлеуметтану» ұғымы латын тілінің «Societas» қоғам және гректің logos – ілім, ұғым деген сөзінен шыққан. Социология, яғни әлеуметтану қоғамның пайда болуын ың, ондағы әлеуметтік байланыс, қатынастардың, алуан түрлі әлеуметтік адам бірліктерінің, ұйым, мекемелерінің, институттардың, құбылыстардың, процестердің дамуының жалпы заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Әлеуметтану ұғымын XIX ғасырдың ортасында атақты француз әлеуметтанушысы Огюст Конт енгізген. Әлеуметтанудың басқа қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардан айырмашылығы, оның өзіне ғана тән әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани, құбылыс, процестерді зерттейтін арнаулы әдістерінің болуында. Олар: сұрыптау, бақылау, сұрау, құжаттарды талдау, сараптау, модель (үлгілеу), тест, т.б.
Шын мәнінде, социолог – ең алдымен, қоғамдық өмірдің әр түрлі аспектілері бойынша сан алуан ақпаратты жинайтын және оны өңдейтін маман. Әлеуметтанушының жұмысы өте қиын, әрі қызық. Қандай да бір зерттеу жүргізу үшін әлеуметтанушы нақты әлеуметтік шындықты анықтау мақсатында қандай әдіс тиімді, ол қандай аймақта, қандай көлемде, қанша адам және қандай адамдармен жүргізілу қажеттігін анықтай алуы керек. Әлеуметтік зерттеуді еңбек департаменттерінде, туристік бизнес саласында, өнеркәсіпте, коммуналды-экономикалық салада, кітап баспаларында, саясатта, мәдениет, білім салаларында және басқа да социогуманитарлық бағдардағы мамандар эмпириялық әлеуметтану зерттеулерінің нәтижесінде алынатын ақпараттарды белсенді тұтынушылар болып саналады. Әлеуметтік шындықты анықтай алу үшін социолог әлеуметтік зерттеулерді жүргізу барысында мынадай қасиеттер мен дағдыларды игеруі тиіс: аналитикалық, сыни ойлау, өз бетінше ақпаратты іздеу және мәселелерді шешуге қабілетті болу, коммуникативті дағдыларды меңгеру, зерттеу нәтижесін талдай білу және оны қорытындылап, ұсыныстар жаза білу, басқа адамдардың әлеуметтік рөлдерін қабылдай білу т.б.
Осы орайда, әлемде кездесе бермейтін тек қыз балаларды білім нәрімен сусындататын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, Тарих және шетел тілдері институты, Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының әлеуметтанушы мамандарды дайындауда орны ерекше. Кафедрадағы білікті профессор-оқытушылардан білім алып, «Әлеуметтану» мамандығын бітіріп шыққан түлектер «Әлеуметтану бакалавры» академиялық дәрежесін алып, мемлекеттік, бюджеттік салаларда жұмыс атқара алады. Атап айтар болсақ, еліміздің президент әкімшілігінде, министрліктерде, әкімшілік аппараттарында, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі департаменттерінде, әкімшіліктің әлеуметтік бөлімдерінде маман, басшы, демография және миграция бөлімдерінде демограф, оқытушылық және әкімшілік қызметтерде, әлеуметтік технолог немесе менеджер ретінде, ғылым мен орасан зор бизнес салаларында жаңа технологияларды пайдалана отырып, маркетолог немесе зерттеуші және PR – компанияларда, халықаралық жобаларда және кадрлық қызметтерде қызмет атқарып жүргендерін мақтанышпен айтуға болады.
Еліміздің саяси-экономикалық қарқынды дамуы халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты екендігі шындық, демек қоғам мен адам арасындағы процестерді жүйелі түрде зерттейтін, қоғамдық өзгерістерге дер кезінде нақты болжам жасайтын әлеуметтанушылар қазіргі уақытта қажетті мамандық.
Р.С. Саурбаева,
\Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті,
Қазақстан, Алматы қ. Қоғамдық-гуманитарлық
пәндер кафедрасының аға оқытушысы.
0 Пікір