ӘЛЕМДІ МОЙЫНДАТҚАН ҒАЛЫМ ЕДІ немесе академик Тоқтасын Қожановтың есімі ұлықталса ұлағат

       Жер жаннаты Жетісудың төрі саналатын Нарынқолдың қасиетті топырағынан шыққан ғалымдар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі Тоқтасын Сауданбекұлы Қожанов. Тірі болса алдағы мамыр айында 77 жасына келетін ағамыз таулы өңірдегі Қайнар ауылының бір перзенті. Рас, физика-математика саласы бойынша ұлтымыздан шыққан ғалымдар баршылық. Бірақ, олардың арасынан әлемге танымал болғаны аз. Міне, осы салада толыққанды еңбектенген, нәтижелі зерттеу жұмысын жүргізген Тоқтасын Қожанов ағамыз. Ғылымға шексіз берілген ізденімпаз, еңбекқор жан физика-математика ғылымының докторы, профессор, белгілі астрофизик, Нью-Йорк Ғылым академиясының академигі атанды.

       Тоқтасын Қожанов 1969 жылы өз тұсындағы С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің физика факультетін теориялық физика мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шықты. Үздік дипломды жас маман Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Астрофизика институтында қалдырылды. Аталған институтта стажер-зерттеуші, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бас ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарды. Аталған институттағы 35 жылдық тынымсыз еңбегі, маңдай тері жемісін берді. Мәнді де мағыналы ғұмырын аспан әлеміндегі жұлдыздардың тұңғиық сырының ғажайыптарына арнады. Ол ғалам әлеміндегі шарлық және шашыраған жұлдыздар шоғырлары туралы тың жаңалық ашып, үлкен жетістіктерге жетті. Ғалымның мұндай жетістікке ұмтылуы 1969 жылы Астрофизика институтының Күн физика бөлімінде жүрген кезінен басталды. Жұлдыздар әлеміндегі ғылымға белгісіз құпиялардың алуан түрлі жұмбағына терең үңілуіне себепші болып, осы институттың аспирантурасына түсуіне жол ашты. Оны ойдағыдай бітірген болашақ ғалымның 1979 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде теориялық механика мамандығы бойынша «аспанды механика» және «теориялық механика» ғылымдарының торабында «Стационарсыз гравитациялық аядағы материялық нүктелердің жүйелерінің динамикасы» атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясының сәтті қорғалуы ғалымдар арасында аса қызығушылық танытыпты. Бұл еңбек астрофизика саласында жоғары бағаланды. Қазақ КСР Ғылым Академиясында да кеңінен талқыланды.

        Астрофизик ғалым 1994 жылы «Сыртқы күштік өрістерге гравитациялық жүйелерінің динамикасы» атты тақырыпта физика-математика ғылымының докторы дәрежесін сәтті қорғап шықты. Ғалымдар бұл еңбекті астрофизика саласындағы тың ізденістің нәрлі нәтижесі деп орынды бағалады. Міне, осыдан кейін ғалымның мақалалары, жұлдыздар динамикасы және аспанды механика есептері Лагранж-Якоби теңдеуімен ағылшын тіліне аударылып, Ferronsky V.I., Denisik S.A., Ferronsky S.V., Jacobi. Dynamiks, Dordrtecht. Reidel.1987.365 беттік монографияның 8 –ші тарауына да енеді.

        Тоқтасын Сауданбекұлы өзінің ғылыми зерттеуінде аспанды механика, жұлдыздар динамикасы және ғарышнама саласының салыстырмалылықтың жалпы теориясын астрономиямен байланыстырып зерттесе, оның негізін де қалады. Ол физикадағы Ньютонның тартылыс теориясының шеңберінде және релятивтік жағдайда қалай болатындығын анықтап, иерархиялық ғарыштық жүйе үшін динамикалық теорияны да құрды. Бұл еңбегінің 2003 жылы «Қазақ университеті» баспасынан «Иерархиялық жүйенің гравитациялық динамикасы» деген атпен монография болып шығуы да астрофизика саласында тың еңбек болып саналады. Ғалым жұлдыздар әлеміндегі математикалық қозғалыстарды дәлме-дәл есептеді. Ғалым оны физика мен математикадағы теорияларға сүйеніп, жұлдыздар жүйесіндегі бірқатар есептердің шешу әдістерін өзінің ізденісті еңбегімен тапса, Лагранж-Якоби теңдеуінің көмегімен ғылымға жаңалық әкелді. Ғарыштағы жұлдыздар қозғалысы және олардың әр түрлі динамикалық модельдерін құруы, ара қашықтықтары мен орналасу жағдайын зерттей отырып, оларды Эйнштейн теңдеуіне сәйкестендіріп ізденуі және басқа да өзінің нәтижелерімен докторлық диссертациясында дәлелдеп шықты.

       Тоқтасын Қожанов тек ғылыми жұмыстармен ғана айналысып қойған жоқ. Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде, Қазақтың қыздар педогогикалық университетінде, Қаз ПТИ-де, Алматы автожол институтында студенттерге дәріс берді. Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жоғары математика және физика кафедрасының меңгерушісі болып игілікті істерін атқарды. Тоқтасын ағамыз өз тұсында физика мен астрономияны қазақша сөйлеткен ғалымдардың бірі. Республикамызда тұңғыш шыққан 31 томдық терминологиялық сөздіктің 1 томының авторы. Аталған сөздіктің 2003 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына лайық болуына өзіндік үлесін қосты.

       Ғалым 2004 жылы Нью-Йорк Ғылым академиясының академигі, Халықаралық ақпарат академиясының академигі, профессоры деген атақтарға ие болды. АҚШ Геофизика және планеталық қоғамының мүшесі, Қазақ Ұлттық энциклопедиясының астрономия бөлімінің төрағасы, Қазақстан Республикасы теориялық және қолданбалы механика жөніндегі Ұлттық комитеттің мүшесі болды. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» арнайы төсбелгісімен марапатталды.

        Тоқтасын ағамыз өз тұсында ФРГ, Иран, Индия, Польша, ҚХР, Оңтүстік Корея, Италия, Англия, Жапония секілді мемлекеттерде отыздай халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, ғылыми баяндама жасады. 1996-1998 жылдары ҚР ғылыми қорының грант иесі болды. Ғалымның жетекшілігімен 1 ғылым кандидаты, 1 ғылым докторы дайындалды. 140-тан астам ғылыми мақалалары халықаралық мерзімді басылымдар мен жақын шетелдердің ғылыми журналдарында жарық көрді. Т. Қожанов көлемі 24 баспатабақтан тұратын 2 томдық «Курс физики» атты орысша, көлемі 25 баспа табақтық 2 томдық «Физика курсы» атты қазақша оқулықтардың авторы. Оның сыртында Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы жоғары оқу орындарының инженерлік және ауылшаруашылық мамандықтарына арналған жоғары математика және физика пәнінен типтік бағдарлама жазып шығарды. Ол 2002 жылы ҚР жалпы жоғары техникалық және технологиялық, ауылшаруашылық, медицина және мал дәрігерлік мамандықтарына арналған физика пәні бойынша шыққан типтік бағдарламаларының авторларының бірі.

        Астрофизика саласында әлемге танылған, ғылыми ерен еңбегі орнымен бағаланған физика-математика ғылымының докторы, профессор, белгілі астрофизик, НьюЙорк Ғылым академиясының академигі Тоқтасын Қожанов ағамызды қалай дәріптесек те жарасады. Осынау саладағы шоқтығы биік ғалымның елімізде еңбегінің еленбей, есімінің елеусіз қалып келе жатқаны жанымызды мұңайтады. «Ештен кеш жақсы»,-деген ұлтымыздың қанатты сөзі бар. Ендеше, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында ұлтымыздың ғылымын көкке көтерген, соған өлшеусіз үлесін қосқан, қарапайым ауылдан шығып, қазағының мақтанышына айналып, әлемді мойындатқан ғалымның есімін өшпестей етсек, ойымыздың орындалғаны, жарым көңіліміздің орныққаны болар еді. Бұл орайда өзі туып-өскен Райымбек ауданындағы Қайнар ауылына қарасты Қайнар орта мектебіне ғалымның есімі берілсе, әбден орынды болмақ. Бұл мәселеге Райымбек ауданының әкімдігі лайықты назарын аударады деген сеніміміз мол.

  Қанат Біржансал,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

1 Пікір

  • Берік Reply

    22.02.2021 at 10:08

    Қолдаймын, әйгілі ғалымның есімі туған ауылындағы мектепке берілсе құба-құп. Астрономия саласына тыңнан түрен салған қазақ екен.

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password