Ұлағатты ұстаз ұмыт қалмасын!

        Тамыз айының бас кезі болатын. Талғар ауданында тұратын ақын інім Бексұлтан Көлбаев ойда жоқта үйге келіп, қуаныш сезімін жасырмастан әңгімесін бастап кетті.

        — Аға, елге барып келдім. «Ел іші – алтын бесік» деген емес пе. Жаңадан құрылған Райымбек ауданының орталығы Нарынқолға соқтым. Ауыл танымастай өзгеріп кетіпті. Сап түзеген еңселі әсем үйлер, түзу көшелерді көріп, ерекше сезімге бөлендім. Ауыл тұрғындары да көңілді. Шетінен аудан әкімін, аудан үшін тер төгіп жүрген іс басындағы азаматтарды мақтай жөнеледі. «Біздің Нұржан  Кеңесұлы іскер азамат» дейді олар. Өзім әдебиетке жақын болған соң, қалыптасқан әдет бойынша аудандық газеттің редакциясына соқтым. Әңгіме арасында газет қызметкерлері де бүгінгі қиындыққа қарамастан аудан әкімінің аудандық газетті ұдайы назарында ұстап, қамқорлық жасап отырғанын ықыластана сөз етісті. Әкім шын мәнінде осы жылдың басынан бері республикалық, облыстық деңгейдегі мәні бар 2-3 игі шараны өткізуге мұрындық болып, бастамаға үн қосқан екен,- дей келіп, өзі ала келген аудандық «Хантәңірі» газетінің 4-5 санын қолыма ұстатып кеткен еді.

      Иә, сол сәтте, менің осыдан тура 53 жыл бұрынғы журналистік еңбек жолым басталған бұрынғы Нарынқол аудандық «Советтік шекара», қазіргі Райымбек аудандық «Хантәңірі» газетінде өткен, қиындығы мен қызығы мол 3-4 жылдық еңбек жолым көлбеңдеп көз алдыма келе берді. Газеттерді ақтарып шықтым. Оның басылу сапасы, мақалалардың орналасуы, безендірілуі көңілге қонып, көзді тартып тұр. Ал, ішкі айқара бетті алып жатқан «Еркін  Ібітанов атындағы «Ақ самал» әдеби бірлестік айдыны» атты қос беттің басындағы Еркіннің ойға берілген сәті ғажап-ақ. Сондай-ақ, бірінші беттің оң жағындағы «Менің пірім Сүйінбай» деп Жамбыл айтқандай, 21 жасымда осы газетке 5 өлеңімді беріп, сәт сапар тілеген, қорғап- қолдаушым Мұқағали Мақатаев «Айналайын! Ата мекен, ақ мекен!» деп, бүкіл әлемге Хантәңірі шыңының төбесінен қарап тұрғандай әсерге бөледі. Өзі де солай емес пе! Бәрі де өз орнын тауып, жарасып тұр.

      Алайда, осыларға сүйсіне қарап отырып, аз да болса көңіліме қаяу түскенін қалай жасырайын. Оны айтпасам кінәлі болып қалатын сияқтымын. Ол жайт – мынау еді. Қасиетті де киелі Нарынқол өңірінен газет жоқ кездің өзінде қаншама таланттар, ақын-жазушылар өтті десеңізші! Ал, газет алғаш жарық көргеннен бергі 85 жылдық кезеңге тоқталсақ, талай-талай дарындылардың, дара тұлғалардың есімдерін мақтанышпен атауға болады. Олардың саны да аз емес. Солардың қатарында белгілі қаламгерлер Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Тельман және Телғожа Жанұзақовтар, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, Шәймерген Әлдибеков, Алтынбек, Рысбек Сәрсенбаевтар, Мінуар Әкімханов, Айтақын Әбдіқал, Дәулет Желдікбаев, Жанболат Аупбаев, Әбітай Әденов, Рысбек Сүгірбеков, Әбілбек Айтақынов, Алдаберген Жандаралов, Жолымбет Кейкелов, Батық Мәжитұлы сияқты азаматтардың қай-қайсысы болмасын, Әлекеңнің Әлнұр Мейірбековтың алдын көріп, ақыл-кеңесін тыңдаған. Тырнақалды шығармаларын осы газетте жариялап, осы газетте қызмет еткен қаламгерлер. Демек, осы газеттің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі, әрі 50 жылға тарта уақыт редактор болған Әлекеңнің «шекпенінен шыққан» шәкіртіміз десек, артық болмас. Әлекең өзі де қара жаяу емес еді. Газетті басқара жүріп, соғыс ардагері ретінде «Сен солдатсың», «Аспантаулар аясында» атты тілі шұрайлы, ойы ұшқыр кітаптарымен де республика оқырмандарының сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер.

     Осындай ерен еңбек иесінің, ұлағатты ұстаздың суретін өзі құрып, терін төккен төл газетінің бірінші бетіндегі Мұқағалидың суретінің қатарына немесе соған қарсы сол жағына орналастырса да дұрыс болатын сияқты. Мысалы, Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінде Жамбылдың суреті осылай  орналасқан.

  Менің айтайын дегенім, әрі ойым осы еді.

                                                                                          Мұса ЖАНӘДІЛОВ,

                                                                                журналист, ақын, драматург,

                                                      Қазақстан Жазушылар және СССР,

                                                     Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

                                                                                                 Талғар ауданы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password