КОРРЕКТОР – ГАУҺАРТАС

         Қаламыма арқау болғалы отырған әңгімеге бұлайша тақырып қоюымның өзіндік себебі бар. Жуырда ақын ағам Еркін Ібітановтың шаңырағына бірнеше минутқа ғана кіріп шыққаным бар. Жайдан жай емес, әрине! Ерекеңнің асыл жары, саналы ғұмырының тең жартысын бір кездергі Нарынқол аудандық «Советтік шекара», қазіргі Райымбек аудандық «Хантәңірі» газетімен тығыз байланыстырған асыл жеңгем Алтынкүл Ысқақоваға амандаса, әрі 80 жасқа толған қуанышымен құттықтау мақсатында. Есігін ашқаннан жарқылдай қарсы алып, хал-жайымнан, амандық-саулығымнан түк қалдырмаған жеңгем сеңгірлі жасқа келгендей емес, маған сол баяғы редакциядағы ширақ қалпындағыдай көрінді. Қуанышына ортақтастығымды білдіріп, қалта телефоныммен суретке түсіріп алдым. Көп сөзге тартып, мазалағым келмеді. Өйткені, ол кісінің редакциядағы атқарған жұмысы күні бүгінгідей көз алдымда.

      Қазір Райымбек көшесінің бойындағы маңдайшасында «Нотариус» деген жазуы мен мұндалап тұрған аумағы шағын үй осыдан 30-35 жыл шамасы бұрынғы аудандық газеттің редакциясы болғанын бүгінде көпшілік біле бермейтін шығар. Бірақ, шындығы солай. Аудан өмірінің айнасы саналатын басылым аптасына үш рет осы бір көзге қораш үйдің ішінде дайындалып, оқырманға жол тартып жататын. Газетті шығарумен айналысатын мамандар да сайдың тасындай еді-ау, шіркін! Дәулет Желдікбаев бастаған Еркін Ібітанов, Әбітай Әденов, Мінуар Әкімханов, Батық Мәжитұлы, Рысбек Сүгірбеков, Иемберді Тастанов, Қанат Тәкебаев, Дүйсен Досымбаев, Қанат Біржансал сияқты қаламы қарымды журналистермен қоса,Секер Мұқасалиева, Алтынкүл Ысқақова, Мәстерхан Әбдіманапова, Айша Әділбекова сияқты машинкашы, корректор, курьер, есепшілер де редакцияның жан алып, жан беріскен қым-қуыт тірлігімен біте қайнасып жүретін еді. Бәрі де газет жұмысы десе жанып тұрған, өз істерінің шеберлері еді. Бүгінде аудандық газеттің сол тұстардағы өзім куә болған тыныс-тіршілігін, қатар қызмет істеген әріптес ағаларым мен тәте, жеңгелерімді, заманы бір құрбыларымды сағынамын.

    Бас редактор мен орынбасарынан басқаның бәріне «жеңге» атанып кеткен Алтыкең газеттің корректоры еді. Адамның бойында сырт көзге ұрып тұратын бір ерекше қасиет болады ғой. Сол қасиеттен жеңгем де кенде емес. Ол – сауаттылығы. Осы қасиетіне қарағанда жеңгем маған корректор болып аудандық газет үшін туғандай әсер ететін. Орта ғана білімі бар Алтынкүлдің сауаттылығы тіл ғылымының жілігін шағып, майын ішкен атағы дардай мамандардан кем емес еді десем, қателеспеймін. Ол тұста аудандық газет аптасына үш рет шығатынын жоғарыда айттым. Әр нөмір беттеліп, қатталып, жарыққа шығуға жіберілгенше ешкімде де тыныштық болмайтын. Ал, сауаттылық деген мәселе бірінші орында тұруы – өзгермейтін заңдылық еді. Ол заман — одаққа қараған заман. Одақ астанасы Мәскеуден шығатын жарлық та, қаулы-қарар да, сол жерде өткізілген жиналыс та бір қиырдағы аудандық газеттің бетінен орын алуы міндетті. Және газет аудандық партия комитетінің тікелей бақылауында болатын. Бір сөзден немесе тыныс белгіден қате кетсе, бітті дей беріңіз. Аудандық комитетте «сыбағаңыз» дайын. Корректордың жұмысының қаншалықты жауапты әрі қиын екенін осыдан-ақ, түсінуге болады. Алтынкүл жеңгем өз міндетінің мінсіз атқарылуын бірінші орынға қоюдан айнымайтын. Былай да сауаттылығымен тәнті етіп, қамшы салдырмайтын дәрежеге жеткен корректор газет кезекші редактор мен бас редактордың сүзгісінен өтіп біткенше өзге дүниені ұмытатын. Өзінің сауаттылығына сеніп тұрса да, екі шоқып, бір қарауды басты назарда ұстайтын. Қолынан орфографиялық сөздік кітабы түспейтін. Қандай да бір сөзге немесе терминге сенімсіздік туып жатса, орфографиялық сөздікке жүгінетін. Тіпті, білімі өзін он есе орап алатын журналистермен кейбір атауларға байланысты бәсеке таластырып, өзінің пікірін дәлелдеп жататын. Бірақ, дауыс көтеріп, даурығу ол кісінің әдетінде болмайтын. Қандай даулы дүние болса да сабырмен қарайтын.Сондықтан мүйізі қарағайдай қаламгерлер корректордың сауаттылығына, биязы да жұғымды мінезіне тәнті болып, еріксіз санасатын.

     Корректор туралы айттым. Енді «Гауһартастың» әңгімесіне көшейін. Алтынкүл жеңгемнің тағы бір ерекше қасиеті – күміс көмей әншілігі болатын. Жиын-тойларда, мерекелік отырыстарда көңілдері көлдей көпшілік Алтынкүлден ән салып беруін өтінер еді. Жеңгем бәлсінбейтін. Ешқандай музыкалық аспапты қажет етпей-ақ, халық әні «Гауһартасты» шырқап бір беретін. Жібектей есілген жез қоңыраудың сыңғырындай  әсем даусы бірде қалықтап шырқау көкке самғаса, енді бірде еңіске қарай баяу құлдырап, тыңдарманның көкірегіне еніп кетердей баурап алар еді. «Гауһартасты» осы аттас кинодан да естідім, той-томалақта да ден қойып тыңдадым. Бірақ, өте шеберлікті, дауыс тазалығын қажет ететін ән мені дәл Алтынкүл жеңгемнің орындағанындай әсерде қалдырған емес.

     Ұмытпасам, 80-ші жылдардың ортасы болуы керек. Сол кезде орталық комитетте лауазымды қызмет істейтін әйгілі Әбіш Кекілбаев жұмыс сапарымен Нарынқол ауданына келді. Еркін Ібітановтың ақындығын айрықша бағалайтын абзал азамат мәнсаптылардан бұрын ақын ағамызға арнайы барып салам берді. Үйінде қонақ болып, дастарханынан дәм татуды бірінші кезекке қойды. Ауданның жайы туралы келген жұмысына содан кейін ғана кезек берді. Кетер-кеткенінше Еркін ағамыз бен Алтынкүл жеңгемізді қасынан тастаған жоқ. Кетерінде аудан басшылары аудандық газет қаламгерлерін қатыстыра жүріп, құрметті мейманды шығарып салу рәсімін жасады. Нарынқолдың тоғайының шыға берісіне дастархан жайып, Әбіш ағамызға қонақжайлылық танытты. Күміс көмей әнші екенін біреулерден естіген болуы керек, Әбекең осы жерде Алтынкүл жеңгеме «Гауһартасты» орындап беруін өтінді. Ән орындалып болғанда Әбекең толқи тұрып, жеңгеміздің өнеріне ыстық ықыласын арнады. Еркіндей ақын ағамызға асыл жар болып, қыран өнерді өзінің бұлбұл өнерімен баптап жүрген жеңгемізге ризашылығын білдірді. Бетінен сүйіп, арқасынан қақты. Аға-жеңгесінің алдағы өмірлеріне шынайы ниет-тілегін арнады.

    Міне, қаламыма арқау болған тақырыптың қысқаша мән-жайы осы еді. Бүгін келіп отырған 80 жасыңыз, 80-інші рет көріп отырған көктем мерекеңіз құтты болсын! Бұдан кейінгі өміріңізде маңызды, мағыналы болып, бала-шағаңыздың қызығын көре беріңіз, аяулы да асыл жеңгем, корректор-гауһартас!

    Ізгі-ниетпен: қайныңыз Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

Қазақ журналистикасының қайраткері.

 

                                                                                      

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password