Кіндік  шеше

      Қасиетті Тәңіртау етегінің ел-жұрты Назгүл Айтақынқызы Ботбаеваны осылай атайды. Оның себеп-салдары да жоқ емес. Өйткені, Назгүл осы бір жөні де, жолы да бөлек мамандықты меңгеріп, адам атты ұлы ұғым иелерінің өмір есігін ашуға дәрігерлік мамандығы арқылы негіз қалап келе жатқаны анық. Жалпақ жұрттың өз мамандығын жетік меңгерген Назгүлге құрметпен қарап, жоғарыдағыдай атпен атауы да сондықтан.

    Назгүл Ботбаева өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығы денсаулық сақтау саласының оқуын бітіргеніне 30 жылдың жүзі болыпты. Қолына дипломын алысымен алғашқы еңбек жолын Алматыдағы №1 клиникалық ауруханада бастаған жас маман алғашқы күннен-ақ, өзін іскерлік қырынан таныта біліпті. Сөйтіп, тәжірибелі дәрігерлердің лайықты бағасына ие болыпты. Дәм жазып 1997 жылы Нарынқол аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөліміне акушер-гинеколог болып қызметке қабылданады. Міне, содан бері аталған емдеу орнында  мамандығы бойынша қызмет істеп келеді. Өзінің айтуынша жылына өмір есігін ашқан әр баланың кіндігі Назгүлдің тікелей араласуымен, өз қолымен атқарылады екен. Былайша айтқанда, бір жылда 400-500 нәресте дүниеге келсе, солардың бәрінің ле кіндік шешесі өзі екен. Соның бәрі де қасиетті мамандық иесінің жинақтаған тәжірибесі арқылы жүзеге асумен келеді.

   Назгүл жоғарғы оқу орнынан алған білімімен ғана шектеліп қалмапты. Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Медико-әлеуметтік институтында» мамандығын жетілдіріп, гинекологияға қосымша «сүлікпен емдейтін» кәсіпті де меңгерген екен. Қазір денсаулыққа ауадай қажетті осы кәсібінің де емделушілер пайдасын көріп жүрген жайы бар. Сол сияқты өздігінен босана алмайтын аналарды кесер тілігімен ота жасап, босандыруға кеңінен жол ашуда. Осы бір тәжірибесі арқылы жылына 30-40 ота жасап, аналардың алғысын арқалауда.

   Акушер-гинеколог Назгүл Ботбаеваның адамдарға медициналық қызмет көрсетудегі ізденісті еңбегі атсыз-атаусыз қалған жоқ. Әр жылдың қорытындысы болмаса, кәсіби мереке кездерінде облыс, аудан тарапынан лайықты бағаланып келеді. Соның бір дәлелі-медицина саласы бойынша «Жыл адамы» атануы. Бүгінгі таңда халыққа қызмет көрсетуді абыройлы міндет санайтын Назгүл өнегелі шаңырақтың да аяулы анасы, ұйытқысы атануда. Өмірге әкелген 2 ұл, 2 қызы тәлімді де тәрбиелі азаматтар болып өсіп келеді. «Кіндік шеше» атанып, халықтың зор құрметіне бөленіп жүрген Назгүлге ана ретінде менің де отбасымның атынан айтар алғысым шексіз. Әрдайым денсаулығы зор болып, «ақ желеңді абзал жан» деген мәртебелі биіктен көріне беруіне тілектеспін.

  Жанаткүл ДӘУҚАБАҚОВА,

зейнеткер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password