КИЕЛІ МЕКЕН
Алжандардың кіндік жері қашаннан,
Ескі жұрт бұл Қарасаз деп аталған.
Осы жерде жалғыз терек тұр өсіп,
Көзіндей боп, қалған Сыдық атамнан.
ШЕРИЗАТ МЕКЕБАЕВ
Біраз өмір көріп, зейнетке шыққан соң, артыңа қайырылып, өткен өміріңдегі балалық бал дәуреніңе, сондағы үлкендердің асыл бейнелеріне бір сәт көңіл көзімен қарап, тәрбиелік мәні зор өнегелі істерін көз алдыңа елестетудің өзі бір ғанибет емес пе?…
Аспан таулар арасындағы жанжағын биік таулар қоршаған, жағалауы бозқарағанды-шілікті тоғайлармен көмкеріліп, иректеле өрнек салған «Қарасуларына» үйрегі ұшып, қазы қонған, жасыл желекті даласында бозторғайы құйқылжыта сайраған үлкен тау аралық жазық «Қарасаз» деп аталады. Осы жазықта Ескі Қарасаз деп аталатын ескі жұрт бар. Бұл мекенде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңына дейін адамдар тірлік кешкен. Сол тірліктің бір белгісі, алыстан «менмұндалап» көрініп, желмен бірге тербеле жайқалып өсіп тұрған жалғыз бәйтерек дер едім. Бұл ауылда қазақтың маңдайына біткен ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаев та қысқа ғұмырының үштен екі бөлігін өткізген. Біздің де бір мүшел балалық шағымыз осы ауылда өтті. Сондықтан бұл ескі жұрт маған да ыстық. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы бір тәмсел бар емес пе. Мал да, адам да тамырын тереңге жіберген, дарақ-теректен ұзақ өмір сүре алмасы анық. Өткен ғасырдың ортасында отырғызылған осы бір бәйтеректің иесі кім еді?
Бұл бәйтеректі көрген сайын менің көз алдыма ұзын бойлы, батыр тұлғалы, өмірдің ауыр бейнеттерінен бетін терең әжімдер торлаған Сыдық атаның бейнесі келеді. Тұржанов Сыдық 1894 жылы осы өңірде дүниеге келген. Ата тектен тарқатып айтар болсақ: Ұлы жүз-Албан тайпасының – Алжан (Мәмбет атасынан) тарайтын Сырымбет би-Қангелді батыр-Дөңке (Соқыр)батыр-Мыншық-Үркімбай-Жаншора(Женшора)-Тұржан. Тұржаннан-Нағашбек, Үмбетбай, кенжесі Сыдық. Сыдықтан-Ырыскелді, қыздары Тұрахан, Гүлсара, Гүлнар. Осы ретте айтар болсақ, Мұқағали ақын да Сыдық атаға біртабан жақын туыс болып келеді. Сырымбет би-ҚойбасМәнжі-Дәлі-Қамысбай- Мақатай–Сүлеймен. Сүлейменнен-Мұқағали, Тоқтарбай, Көрпеш. Мұқағалидан-Жұлдыз, Айбар. Қыздары – Ләззат, Майгүл, Алмагүл, Шолпан. Біз де Сырымбет бидің Есенгелді баласынан тарайтын ұрпақпыз. Тұржанов Сыдық Кеңес өкіметінің колхоздастыру кезінде «Молотов», «Каганович» сияқты шаруашылықтар ұйымдастыруға қатысқан. Соғыс басталғанда ағасы Үмбетбай екеуі, әскерге аттанып, 1942 жылы Алтай өлкесінде дайындықтан өтіп ефрейтор шенінде, Нарыткуль ауданынан соғысқа аттанып, Калинин, Смоленск, Витебск майдандарында шайқасқан. 1944 ші жылдың наурыз айында Витебск қаласын азат ету ұрысында ауыр жара- ланып, «Ерлігі үшін» медалімен мара- патталып, елге оралды. Ағасы Үмбетбай Беларусь жерінде майданда қаза тауып, сонда жерленген. Сыдық қария соғыстан кейін «Жаңа адым» шаруашылығын басқарды. Нарынқол өңірінен шыққан жазушылар – Бердібек Соқпақбаев, Әлнұр Мейірбековтермен жақсы араласқан. Ауыл ақсақалы, Райымбек батыр туралы алғашқы жазба қалдырған Мөкен Болысов атамызбен айырылмас дос болыпты. Атамыздың Талғар қаласында тұратын ұлы Сыдықов Ырыскелді өз естелігінде әкесін былай деп еске алады: «Ең үлкен ағасы Нағашбек қайтыс болғанда үш жасар Нұрмұқанбет пен бесікте қалған Гүлсімді өз тәрбиесіне алып өсірген. Әкем Сыдық ұзын бойлы, балуан денелі, орташа білімді сауатты көзқарасымен өз ортасында беделді болған кісі. 1950 жылы әкемізге жала жауып 14 жылға сотталады. (Жұмыс бабында жүргенде аудан прокуроры Малғараев деген кісімен келіспей тік мінезімен қол жұмсап жібергеніне байланысты сотталып кеткен). Ағасынан қалған баласы Нұрмұқанбет әкеміз нақақтан нақақ сотталғанын біліп, Сыдық әкеміздің екі жорға атын сатып құтқарамын деп Москва қаласына кеткен екен. Ауылдан ұзап шықпаған Нұрмұқанбет әкеміз орысша таза білмесе де Москва қаласына барып әкесі туралы келгенін айтып бас прокурор алдына арызданып кірген екен. Нұрмұқанбет әкеміздің жап-жас болып сонау Қазақстаннан әкесі үшін келгенін көріп, әрі таңырқап мән-жайды сұрап, бір жағынан жаны ашыды ма екен «Қарағым әкеңнің ісін алдыртып қараймын кінәсі жоқ болса еліне қайтады, қазір сен жатар жерің жоқ менің шопырым сені қонақ үйге апарады сол жерде бол, әкеңнің ісін қараған соң хабарын айтам»-депті.
Содан Москва қаласында бір ай болып, үйіне келген соң, артынша жылға толмай әкеміз Тұржанов Сыдық ауылға аман-есен ақталып келген. Жас та болса сол кездегі солақай саясатқа қасқая қарсы тұрып, әкесін абақтыдан алып шыққан Нұрмұқанбет ағамыз өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қайтыс болды. Сол кісінің басына әкеміз ұйғыр ауданынан қызыл кірпіш алдырып, үлкен күмбез тұрғызды. Іші-сырты аппақ, киіз үйдей кесене ішіне ұстаз болған ағамыздың өмірінен түрлі деректер салынған. Мұны сол кездегі 25 жастағы жас суретші, қазір 86 жастағы ақсақал Малдыбеков Мұқаметқали ұстазымыз салған еді.
Гүлнар қарындасым Нұрмұқанбет ағасына арнау өлеңінде:
Сездің ба екен ғұмырдың келтелігін,
Көп байқадың адамдар пенделігін.
Ақын болған жүрегің шыдамады,
Отыз жеті жасыңда ерте кеттің.
Бойыңдағы секілді биік мінез,
Әкем саған орнатты биік күмбез.
Дәл төрінде тік тұрған сурет бейнең,
Көз алдымнан кетпейді күлімсіреп,-деп жазыпты.
Содан кейінгі жылдары ауыл шаруашылықтардың ірілендіруіне байланысты Сыдық әкем Нарынқол ауылына көшіп келіп управляющий қызметін атқарған. Қай жерде тұрсақта әкеміз үйді өзі салып алатын, ағаш шебері ұста адам еді. 1958 жылдың күзінде ескі Қарасаз ауылына көшіп келдік. 1960 жылдары Алматыдан партшкола директоры Хакімжанов деген кісі аппақ Волга көлігімен келіп, көп әнгімелескені есімде. Әкеме сол жылдары партбилетін қайтармақшы болған, бірақ әкем бармады. Шешеміз Қунаққызы Биша шаруақор, аласа бойлы, аққұба өңді адам еді. 17 құрсақ көтерген екен, соның 13-і тұрмапты. Осы теректі күткен де шешем еді. Әкем Тұржанов Сыдық 1980 жылы 30 қыркүйекте қайтыс болды, одан кейін шешеміз бақилық болды. Қазіргі өсіп тұрған теректі және 4-5 жас терек шыбығын кезінде Байынқол өзенінің бойынан қазып алып келіп отырғызған. Жанындағы басқа теректерді ауыл қазіргі қонысқа көшкен кезде елдер кесіп алыпты. Әке-шешеміздің көзіндей болған жайқалып өскен жалғыз теректі кие тұтамыз және біреу келіп кеспесін деп жан жағын темір қоршаумен қоршап, кейінгі ұрпақтардың біле жүруі үшін тақта жаздыртып қойдық», — деп ағамыз әңгімесін аяқтады.
Біздің бала кезімізде осындай төрт терек Сыдық атамыздың ауласында өсіп тұратын, сол төңіректегі Сағынбаев Жұмәділ, Баясов Қаматай, Қашқынбаев Орынбай ағалар өте жақын көршілері еді. Қазіргі Қарасаз ауылына көшіп қоныстанған соң жоғарғы көшеде Сыдық атамыз бен әкелеріміз Ахметкерім, Жәмәли, Қапар, Белдібай, Бөдеш, Әлдіғазы аталар жақын көрші болып дүниеден қайтқанша бір-бірімен сыйласып өтті. Сол көшеге Тұржанов Сыдық атаның есімі берілсе дұрыс болар еді!
Терекке қойылған тақтаға өмірден өтіп кеткен Қарасаздық Әбілен Нұрғазиев ағамыздың:
Өткен күнге куәгер болып дерек,
Ескі жұртта қалыпты жалғыз терек.
Сағындың ба сарғайып бағбаныңды?
Бойыңа нәр беретін күнде ертерек.
Теректің Сыдық қария иесі еді,
Шаруадан жалықпаған тиеселі.
Көнтерім-ай көл көсір шарапатты,
Тыным таппас бейнеттің киесі еді.
Ескі жұртта ескерткіш теректі еккен,
Бұл күнде әкелердің бәрі кеткен.
Өздеріңнен ырымдап тәберікке,
Жеті жапырақ аламын сол теректен.
Жазда жасыл жапырақ, қыста аппақ қар,
Балталама теректің киесі бар.
Тағдырлары тамырлас әкелермен,
Балталасаң теректің киесі ұрар,-деген өлең жолдарын және Гүлнардың:
Жайқалған мынау бәйтерек,
Өзіңе ұқсап тұрғандай.
Өткенің менен өміріңді,
Кейінгі ұрпақ ұққандай,-деп басталатын өлеңдері ойылып жазылыпты.
Атамыздың 1945 жылы туған үлкен қызы Тұрахан Сыдыққызы белгілі кино және театр актрисасы. Ұлттық «Құлагер-2009» кино сыйлығының иегері. Режиссер Болат Атабаев сахналаған «Шыңғысхан» спектакльіндегі Кетбұғы жырау рөлінде ойнап, «Театр көктемі» фестивалінің жүлдесін алған. Тұрахан әпкеміз 22 ки- нофильмге түскен екен. Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмінде Ене рөлін өте сәтті сомдаған. 72 жасында өмірден озды.
Екінші қызы Гүлсара 1947 жылы туылған. Гүлсара ауылшаруашылығы маманы еді. Аудандағы шаруашылықтарда есепші болып қызмет атқарды. 1980 жылы 33 жасында бақилық болды. Үшінші қызы Гүлнар әпкеміз 1950 жылы дүниеге келген. Осы ескі Қарасаздағы жеті жылдық мектепте Мұқағали ұстазынан дәріс алған және қызы Майгүлмен бір партада отырған досы еді. Алматы шет тілдері институтын француз тілі мұғалімі мамандығы бойынша бітірген, «ҚазақССР халық ағарту ісінің үздігі» ұлағатты ұстаз. Ақынжанды әрі ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары жан болатын. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Талғар ауданының Нұра ауылында «Нұрай» әжелер ансамбльінің жетекшісі болды. 2019 жылы 69 жасында мезгілсіз дүние салды. Үш әпкеміздің де ұрпақтары өсіп өніп отын жағып отыр. Осы орайда Шеризат ақынның өлеңіне кезек берейік:
Атам да жоқ, апам да жоқ, ұзаған,
Қыздар да жоқ күлген, кейде жылаған.
Қарасазда ескі жұртта иесіз,
Жалғыз ағаш бәйтерегі тұр аман,- деп толғайды ақын.
«Орында бар оңалар» дейді дана халқымыз. Биылғы індеттің дендеп тұрған шағында ұрпақтары ескі Қара- сазға барып, Сыдық атаның бәйтерегін темір шарбақпен қоршап, ескерткіш тақта орнатып, басына құран бағыштап қайтты. Гүлнар әпкеміздің өлеңдері мен шағын әңгімелерін жинақтап «Өмір өткелдері атты» естелік кітап шығару, ата бәйтерегін қоршау жұмыстарына жас та болса бас болып жүрген қарындасымыз Тұржанова Жанна Сыдыққызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жанна Қазақ Ұлттық университетінде қызмет істейді. Атасы мен апасының көзіндей болған бәйтеректі аялы алақанымен сипап, келешек ұрпақтардың есінде сақталуына ұйытқы болған Жаннаға ата-баба аруағы қолдап қоршап, желеп жебеп жүрсін, Алла разы болсын демекпін.
Әлқиса, осы бір бәйтеректің жанынан ағып жатқан арық суын жағалап, күнбатысқа қарай 300 метр жүрсеңіз Мұқағали ақынның ескі там үйінің орнына тірелесіз, бірақ онда еш белгі жоқ. Мұқағалидың да бойына ақын- дық дарын дарытып, шабытын шалқытқан, осы ескі Қарасазының тұмса табиғаты бол- са керек. Ақынның ауыр да болса базарлы балалығы мен жалынды жастық шағы осы ауылда өткен.
Қарасаз кіндік қаным саған тамған,
Жолдасым бірге келген сенде қалған.
Шыбықтан ат қып мініп, балық аулап,
Өзен мен ормандарда асыр салғам,-дейді ақын. Ескі Қарасаздың табиғаты ерекше сұлу еді, әлі де сол сұлулығы сақталған. Бірақ онда бұрын тұрған үйлер жоқ. «Ескі жұртта» атты өлеңінде ақын:
Қай маңда, көке – ау, қай маңда,
Көрсетші біздің көшені?
Айтсаңшы, көке-ау, қай маңда,
Орны менің үйімнің?
Қанып ем талай айранға,
Қолынан әжем Тиынның,
Орны қайда үйімнің?-деп таусыла толғанып, ескі жұрттағы өзі кие тұтқан там үйінің орнын іздеген екен. Біз білетін әлем классиктерінің көбі осындай қарапайым ортадан шыққан. Сол жерлерге белгілер қойылған. Қазір XXI ғасыр жаһандану дәуірі десек те атағы қазақ елінен асып, әлем елдерінің әдебиетіне еніп, алысқа кеткен ғасыр ақынының кіндік қаны тамған жеріне бір белгі қоя алмау, елдігімізге сын емес пе? Бұл туралы біз бұрын да айтып, жазып жүрміз. Ақынның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында осы бір киелі мекенге ақын өлеңдерін мәрмәр тақтаға ойып тұрып жазып, керемет бір ескерткіш тақта орнататын уақыт әлдеқашан жеткен сияқты.
Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
0 Пікір