Кешен жұмысымен танысты

       Аудан орталығы Нарынқолдан бой көтеріп отырған спорт кешенінің пайдалануға берілу сәті таянған сайын мұндағы жұмыс күннен күнге қарқын ала түсуде. Өңір басшысы Амандық Баталовтың тікелей өзі бақылау-басшылыққа алып отырған нысан енді санаулы күндерден кейін есігін айқара ашып, қалың жұртшылықты қуанышқа бөлейтіні анық. Сөйтіп, сәнді де сәулетті ғимараттардың қатары тағы да толығып, аудан орталығының көркін бұрынғыдан да арттыратын болады.

        Ағымдағы аптаның ортасында облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли жұмыс сапарымен аудан орталығына келді. Жайдан-жай емес. Аудан орталығынан бой көтеріп, пайдалануға беруге дайын тұрған спорт кешенінде дәл бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстың жай-жапсарымен танысу үшін. Шешімін күтіп тұрған бірді-екілі мәселелерді көзбен көріп, тиісті бағытбағдар беру үшін.

       Кешеннің ішкі-сыртқы атқарылған жұмыстарымен Рустам Әлиұлын аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов таныстырды. Айтар ерекшелік, спорт кешені бұл өңірдегі осындай нысандардың ешқайсысына ұқсамайтындығы. Заманауи үлгіде салынып отырған кешеннің іші- сырты өзінің ерекшелігімен де, сән-салтанатымен де мұнда ат басын бұрған кім-кімнің де көз майын тауысып, таңдайын қақтыратыны анық. Кешен ішіндегі күрес, бокс, волейбол, баскетбол, стол теннисіне арналған залдары, жаттығу залдары, тоғыз құмалақ, шахмат, дойбы сияқты ойын спортына арналған бөлмелер, жуынып-шайынатын орындар, қызметтік бөлмелер, сырт жағындағы аумағы атшаптырым футбол алаңы мен волейбол, баскетбол, тенниске арналған алаңдар атына-заты сай қалпымен көңілден шығары сөзсіз. Кешен жұмысымен жан-жақты танысқан облыс әкімінің орынбасары жүйелі жұмыстарға қанағаттанды. Кейбір мәселелерге өз тарапынан тиісті пікірлерін білдірді. Рустам Әлиұлымен іссапарын тоғыстыра келген облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев та жаңа кешендегі кейбір жұмыстарға көпшіліктің назарын аударды. Қажетті бағыт-бағдарлар ұсынды. Сондай-ақ, биыл 90 жылдық торқалы тойы аталып өтілетін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші бой көтеретін алаңдағы дайындық жұмыстарының алғашқы барысымен танысып, істеріне сәттілік тіледі.

Елдос АХМЕТЖАН,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password