КЕШ КЕЛГЕН БҰЙРЫҚ
Аңшының әңгімесі
Жолдастарынан ұзап кеткен екен өзегі талып, соңына қарады. Артынан ергендер де ат басын іркіді. Тоқтаған тұстары – Тянь-Шанның жонсауы. Таңнан бері жыра биіктер мен қорыс мекендер түк қалмай мінтелді. Ат аяғы жететін жердің барлығы барланды. Енді азырақ ат шалдырып, аяқ суытпақшы. Жас күнінде ойыншық құрлы көрмеген қосауызы зілдей батып иығын, қолына алса қарын талдырды. Жарақаты бар белі де кілтілдеп шыдатар емес. «Жігіттер, қапылмайық! 17 шақырым жүрдік. Күн болса бесіннен асты. Қарсы алда шекара…» – деді күмілжіп.
Сақа аңшының сөзін екі етпеген жігіттер тартпаны босатып атты отқа қойды да етіктерін шешіп, майсаға құлай кетті.
Қанжығасын қоянмен болса да қандап қайтатын аңшы бүгіндікке құралақан. Бәрінен де сақалын сыйлаған топтан ұялды. «Аңшыке, жыртылып-айырылған аң көрмедік. Аттан түсіңіз. Мызғып алайық. Өңімізде бұйырмаған, түсімізде бұйырар»– деді қарққарқ күліп. Аңшы аттан түскен жоқ. Әдетімен ерге бір жамбастап, еңселігіне қолын қойды. Сөйтті де айналаға көз жүгіртті.
Бәрі қас пен көздің арасында болды. Тектен, тек тұрған аңшы бір кезде атқа қамшы басты. Құйын-перен шаба жөнелді. Жолдастары орындарынан тұрғанша аңшы бұлақ басына жетті. Одан ары малта тастардан қарғып, тік беткейге өрлеп, жоқ болды. Жігіттер аңшы қылығын жори алмады. Ұт қимылмен аттарды ерттеп, ол бағыт алған жаққа жүрді. Бұлар бұлақ басына жеткенде даланы жаңғырта оқ атылды. Аттар үркіп, топырлаған топ абдырап қалды.
Жігіттер бұлақ жиегінен ат тұяғынан бөлек бір із байқады. Аңшы ізді қуалап жоғарылап кеткенін түсінді. Өстіп тұрғанда тік беткейден аңшының аты көрінді. Жануар әлде неден үріккен екен. Ертоқымы мойнына сырғып, салақтап кетіпті. Қорыққанынан бұларды жанай кеп, беталды лаға шауып кетті.
Мына көріністі көрген жігіттер тіксініп қалды. Аңшыны не аю, не қабан жарып өлтірді деп ойлады. Бір кезде «Қайдасыңдар? Тездетіңдер!..» – деген дауыс естілді. Жігіттер ізге түспекші болды. Бірақ түндегі жауған жаңбырдан жемтірленген жер жүріс бермеді. Ақыры ат аяқ баспай, кежегелері кер тартып, көлденеңдеп алды. «Ей, қайдасыңдар? Тезсеңдерші!» – деген дауыс қайта шықты.
Жігіттер аттарды еттеке тұсап, тік беткейге жаяу көтерілді. Олар аңшыны алты жүз метр қыраңнан әзер тапты. Аңшы тізерлеп теріс қарап отыр екен. Арқасынан қанға тұншыққан қорыл естілді. Қойдай қатқан олар баруға жүрексінді. Жыртқыш аңның үйіріне кез болдық деп ойлады. Қорылдаған, қорсылдаған дауыс зорая түсті. Аңшы сол күйі орнынан қозғалмады. Өлі, тірісі белгісіз, иегін кеудесіне тіреп, салбырап отырды. Осылай есеңгіреп тұрған топқа аңшы: «Мә, бауыздаңдар!»– деп тіл қатты. Аңшы қолындағы қанжарды тастап,бұғының сөне бастаған жанарына қарады. Епсекті жігіттің бірі ләм деместен жерден қанжарды көтеріп, кер бұғыны тамақтан тартып жіберді.
«Аңшыеке, бәрі дұрыс па, он екі мүшеңіз аман ба?» – дегендер үсті-басын қағып әлек. Аңшы жұдырығын тас жұмып ашпады. Уысында қанға боялған арқан бар еді.
Қанға боялған арқан аңшының Қытайда өткен жарым жастық шағын есіне түсірді. Ол ол кезде Тянь-Шанның «Оспансайында», «Қарабатпақтысында», «Алаайғыр сайқалында» аңшылық құратын. Сол бір күнді ұмытпас. Жас сояуша аңшыны ат үстінен қолына ораған шалмамен жұлып әкетіп, сүйрей жөнеледі. Сояушаның әуселесіне әлі жетпеген аңшы арқанға жармасып,біраз сырғанайды. Арпалыста тасқа аяғын тірегенде қолын арқан ысып, сусып кетеді.Сөйтіп, үріккен тағы Қытайдан Қазақстанға бірақ өтеді. Екі елді бөліп жатқан Жағаталды кешіп, «Нарынколка» сайын бөктерлей қалың қарағайға ене жоқ болады.
Содан бері, иә содан бері жиырма жыл өтіпті. Аңшы – қызық үшін, сояуша – өмір үшін айқасты. Сол сояуша жиырма жылдан кейін кемеліне келген кер бұғы болып кездесеріне кім сенген? Аңшы бір иығын жұлып кете жаздаған шалманы жиырма жылдан кейін бұғы мойнынан жазбай таныды. Үзілеүзіле бидадай болыпты. Шалма мүйізге маталып тастай түйнектеліп қалған. «О, құдірет-ай!»– деді аңшы таңданып. «Кеш келген бұйрықтың кесапаты не?» – деді бас шайқап.
Кер бұғы аяқ астында әукесін оқ тесіп, тыпырлап жатыр. Міне-міне жан тапсырмақ. Кер бұғының көзінде аңшының жастық шағы бірге сөніп баратқандай. Бәрінен сорақысы – бұ дүниенің күнәсін аңшыға артып, өзі ақ өлім құшпақшы. Аңшы он сегіз салалы мүйізден шалманы қиып жатып қалшылдап кетті.
Он құлаш арқан үзіле-үзіле он сүйем болған. Бұ қалай? Жиырма жылдан бері ешкімге бұйырмағанның сыры неде? Аңшы қайран қалды. Көзінен шыққан жас жерге емес кепкен ерніне тамып тұрды. Тым ащы, тым кермек екен.
Өмір! Өмір – басы жуан, соңы тұтам ғой. Кәдімгі кер бұғыда кеткен шалмадай тоз-тозы шығып, қысқара береді. Өлім мен Өмір философиясын аңшы ақтық демі қалғанда ғана осылай түсініп үлгерді.
Бұ дүнияда бостандықты аңсаған аңшы да, бұғы да еркіндікті сезіне алған жоқ. Енді пейіш патшалығында ажалдың оғы – аңшыға, шалманың соры – аңға еш жетпейді. Өйткені, екеуі де еркіндіктің елінде алаңсыз ғұмыр кешуде.
Серікжан МУРАСИЛОВ.
0 Пікір