КЕПІЛДІ ҚОР ЖАСАЛАДЫ

        Сарыжаз ауылдық округінде 5 мыңға тарта халық тұрады. Қазіргі таңда мал азығын дайындаудың сындарлы кезеңі басталды. Тау қойнауларындағы табиғи шөп алқаптарына шалғы түсті. Дәл қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін осы бір науқанға алаңдаулы десек, артық айтпаймыз.

       Медет Азанбаев ауыл әкімі болып еңбек ететін өңірде жақсылық мол. Округ құрамындағы Көмірші ауылына дейінгі облыстық маңызы бар жол жасалыпты. Сарыжаз ауылындағы 5 көше асфальтталуда. Ақбейіт шағын ауылына блокты-модульды медициналық пункт орнатылуда. Биыл ауылдық округ бойынша 20789 тонна мал азығын дайындау жоспарланыпты. Соңғы апталарға дейін 11500 тонна мал азығы дайындалып, мал қораларының маңына жеткізілді.

       Сындарлы науқанды Санат Ыбыжанов басқаратын «Ақжол» шаруа қожалығы, Нұрболат Шұбановтың жетекшілігіндегі «Сам» шаруа қожалығы, Қойшыбай Нұрқасов басқаратын «Нұрбол» шаруа қожалығы, Айдын Қайыпбердиев басқаратын «Қайыпберді» шаруа қожалықтары ұйымшылдықпен жүргізіп, қазірдің өзінде мал азығын дайындау жөніндегі жоспарларын асыра орындаған жайлары бар.

        Біз осы күні Сарыжаз ауылдық округінің әкімі Медет Азанбаевпен бірге «Бағдат» шаруа қожалығының 5 гектар шабындық алқабында болдық. Тайланған шөп қауырт тасымалдануда. Бағдат Кіндібеков басқаратын қожалықтың жағдайы жақсы. Ернат Адаев секілді механизатор азамат «МТЗ-80» маркалы тракторымен тайланған шөпті басуға көмектесіп жатыр. Қайда қарасаң да қауырт еңбек. Тайланған шөптің қарасы мол. Диқан қауымның биылғы берекелі мал азығына, табиғаттың қолайлы ауа-райына да көңілдері тоқ.

Қанат САТЫБАЛДЫ,

Сарыжаз ауылдық округі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password