КӨЗ ТАРТАР ҚАҚПА БОЙ КӨТЕРДІ
Ауданымыз күннен-күнге көркейіп келеді. Оған үлкен үлестерін қосып жатқан жандар аз емес. Әрине, оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ондай алғыс арқалап жүрген азаматтың бірі осы ауылдың тумасы бүгінде Іле ауданынан облыстық мәслихатының депутаты Тоқан Ботабеков десек жарасар. Ел іскер азамат ретінде таныған жанның туған жерге деген ыстық ықыласын оның елеулі еңбегімен ерекше бағалайды. Ұзақ уақыттан ТОО «БТК GROUP» компаниясын құрып, жетекшілік етіп келеді. Оның ел игілігі үшін жасап жүрген жұмыстарын айтпаса да жұрт жақсы біледі. Сондай көп көңілін қуантар жоба жұмысын Нарынқолдың кіреберіс аузына арка салып берумен бастап отыр.
Білікті 16 құрылыс маманы мен жеті техникасын жұмылдырған компания қолға алған ісін мерзімінен бұрын аяқтауға әзір.
Көз тартар көрікті арканың биіктігі 9,70, ені 12 метрді құрайды. Сырты тот баспайтын (нержавейка) металлымен қапталған. Ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен қос бағаны мен маңдайшасы әсемдеп, бедерленген. Маңдайшаның қос бетіне латын әліпбиімен жазылған ауыл аты да, жолаушыларға сәт сапар жолдаған ақ тілек те ерекше көрік беріп тұр.
Арка түнгі уақыттарда ауыл ішіндегі көше шамдарымен бірге жанып тұратын болады. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші жұмыскерлердің еңбегіне қуанышын айта келген ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Тоқан қария жүрек-жарды тілегін білдіруді де ұмытқан жоқ.
0 Пікір