7.5 C
Нарынкол
Суббота, 20 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

КӨРІКТІ МЕКЕН – КӨМІРШІМ

       Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең — байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.

       Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның туған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті «Туған жер» бағдарламасымен жұмыс жүргізу қолға алынып отыр. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен «Ауылым — әнім» әнін айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой.

       Біздің тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі-неше ғасыр өтсе де бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» деп көрсеткен..

Армысың, ата-қоныс, жасыл мекен,

Ұланыңмын, мен сенің қасыңда өтем.

Басқаның жер ұйығын неғылайын,

Жерұйығы өзімнің қасымда екен — деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлап кеткендей, әркімнің туған жері, туған елі өзіне оттай ыстық.

       Жетісудың төрінде жан сұлулығындай, өмірдің ғажайыптарындай жайнап жатқан керім дала, көрікті өңір дегенде ел ұранына айналған Райымбектей батыр бабамыз, Сегізсары бірлестігіне бірінші рет болыс болған зиялы ел басшысы болған Түгелбай әулие көз алдымызға келіп, туған жер, тұғырлы мекен, өскен орта, қасиетті Көмірші ауылының табиғаты туралы сөз қозғап, сыр шертер болсақ айтар сөз шексіз.

       Ақиық ақын Мұқағали өзінің ел арасындағы бір сөзінде: «Көміршінің қара тасы да менің өлеңімнен қалған емес» деген екен. «Атамекен» дастанында бұл жер туралы ақынның төгілдіре жазған шумақтары бар.

Жайлау барсаң «Қошқар» бар, «Талас» барғын,

Аялап кір астына көк аспанның.

Желкесінде желкілдеп желбегей бұлт,

Шыңынан асып кете алмай толастар күн.

Батысында «Қошқардың» көрші күнгей,

«Көмірші» көк бестінің ершігіндей.

«Кегенге» кеп «Құсмұрын» су ішіп тұр,

Қашаннан дәл өзіңнің меншігіңдей – деп жырға қосқан.

       Көмірші ауылы Кетпен тауының оңтүстігіндегі беткейде орналасқан шағын қыстақ. Сарыжаз елді мекенінен тіке шықсаңыз, тау бөктеріндегі Көміршіге барып тірелесіз. Оның шығыс жағында-Қошқар. Ал батысқа қарай қапталдай жол тартқанда, Ақтастыға барып соғасыз. Жанға жайлы, тұрмысқа қолайлы өңір. Әсіресе, төрт түлік мал үшін таптырмайтын аймақ. Айналасы көделі, жусанды, шалғынды болып келеді. Теңіз деңгейінен 1923 метр биіктікте орналасқан.

       Көмірші кең қысаң, үлкен аңғар. Ортасынан осы аттас өзен ағады.Шамасы Жоңғар соғысы кезінде болу керек, сай аузында қалмақтардың қару-жарақ соғатын үлкен ұста дүкендері болыпты. Ол уақытта( тіпті мұндағыға дейін) темірді қыздыру үшін көрік пайдаланған.

       Ал бұл жерді Көмірші дейтін себебі баяғыда бір кедей кісі Көмірші тауына барып күнде көмір жағып, оны ұсталарға өткізіп сол арқылы күнелткен дейді, ел аңызы. Көмірші су аңғарынан өткеннен кейін алдыңнан салқын самал есіп, жан дүниең жадырап сала береді Аржағы жасыл алқап, кең дүние. Ілгерілеген сайын ұлы таулар биіктеп тағы да кеудесін кере түседі. Шығысқа, солтүстікке, батысқа қарай әртарапқа тау жолдары тарап жатыр. Көміршінің тік басы Қазаншұңқыр. Тура асқан тұсы-Ұйғыр ауданының Қырғызсай-Сүмбе ауылы, күн батысында Кеген ауданың Тұйық, Қарасай. Көмірші ауылының солтүстігіндегі Тянь-Шань сілемдеріне жататын негізгі тау бөліктерінің бірі – Кетпен таулары. Ал Кетпен болса өзінше бөлек, үлкен тау жүйесі. Демек, Қытай мемлекеті мен Қазақстан Республикасына ортақ тең ортаға орналасқан дербес тау. Тау жоталары қар сызығынан төмен жатқандықтан мұздықтар кездеспейді. Жері қара және күлгін топырақты. Кетпен тауы теңіз деңгейінен 1700-1800м. биіктіктегі белдеуге орналасқан. Мұнда Тянь-Шань шыршасынан тұратын қылқан жапырақты таулы орманға жатады және түрлі-түсті альпілік шалғындары өседі Кетпен тауының батысы Қазақстанда болса, шығысы Қытай жерінде. Кетпенді тау жүйесі географиялық карталарда «Кетпен жотасы» деген атаумен белгілі. Былай қарасаң жота деуге қиғың келмейді. Қашанда таудың аты тау ғой. Тау болғанда қандай? Мыңдаған бал бұлақтары, әр сайында сарқыраған арынды өзен сулары бар, қатпары мол, қойнауы терең түрлі ағашқа толы тоғайы мен қалың қарағайы бар. Шығыс пен батысты жалғастырған Қытайға да Қазақстанға да ортақ осынау ұлы тауды қалайша жал-жота дейсің! Мұндағы жергілікті жұрт бәрібір Кетпен жотасы дейді. Кетпен тауы деп атайды..

       Көміршінің табиғаты тамаша, тарам-тарам болған сайлардың әрқайсысы өздерінше бір тарих. Атап айтар болсақ Урал сайы, Ақсай, Мұқаш сайы, Алдаберген сайы, Шәлімбет сайы, Әмір сайлары және Шетенді, Аюлы, Көктас, Қарасай, Талдысай жайлауларының әсем көріністері көз тартады.

       Көмірші аңғарында өсетін қайың, тал, шырша, тобылғы, ырғай, сиыр қарақаты, қой қарақаты, бұталарына бай. Табиғат – бүкіл тіршілік атаулының ұясы және аяулы бесігі, құтты қонысы мен өніп-өсер мекені. Атап айтатын болсақ, Көмірші аңғарындағы, адам аяғы жетпейтін құз-жартастарда ұя салатын бүркіт, қырғи, тазқара. Одан төмен шыршалы орманды беткейлерде құр, тоқылдақ. Тау етегіндегі бұталы жоталарда сан түрлі торғайларды, жазықта шіл, бозторғайларды кездестіреміз. Өзен жағалауында жабайы үйрек, шағын көлде аққу, сары-ала қаз, тырна тағы да басқа да сан алуан ондаған құстарды кездестіреміз. Бұдан да басқа сауысқан, кекілік, ұлар, қырғауыл, суық торғайлар. Көктем кезінде ұшып келетін құстар қараторғай, қарлығаш, көкек, тағы сол сияқты құстарды атап айтуға болады. Ауыл таулы аймақ болғандықтан бұл жерде аңдар көптеп кездеседі: қасқыр, түлкі, тиін, елік, суыр, борсық, қоян, сілеусін бұдан да басқа тауда жабайы қабан шошқа аңдарын кездестіруге болады.

       Табиғат адам бойына қуат, көңіліне шабыт, шапағат ұялататын сұлулық пен өсімдік әлемі. Көмірші ауылының сыртында емге пайдаланатын дәрілік өсімдіктерді көптеп кездестіреміз. Мысалы: көкемарал, қалақай, адыраспан, жалбыз, ермен, мыңжапырақ, шайқурай, итмұрын, уқорғасын, бақбақ, рауғаш, бүлдірген, түймедақ тағы сол сияқты шипалы өсімдіктерді кездестіреміз.

       Ауылымыздың оңтүстігіндегі Кеген өзеніне тоқталсам «Сулы жер – нулы жер» демекші бұл өлкеде Текестен кейінгі үлкен өзен әрине Кеген өзені. Сырт көзге Кеген өзені Қарасаздан басталатын сияқты, бірақ олай емес. Анығын айтсақ Кегеннің негізгі бұлақ көздері Шәлкөденің барлық сулары жиналған Қарасаздан бастау алады. Әрине жерден бұлақтар ашылып әлденеше Қарасулар пайда болады. Жер бетіне қайта көтерілген осы Қарасулар жинала келе үлкен бір жаңа өзеннің басын құрап отыр. Бұл-Кеген өзені.

       Оған тағы жол-жөнекей Қошқардың. Белбейістің, Көміршінің сазындағы сарқынды сулармен толығып, толыса түседі. Кеген бұл өңірге белгілі үлкен өзен. Өткелі болмаса атты кісі өте алмайды. Арнасы жіңішкелеу болғанымен түбі терең. Кеген өзені алайда айбарын ішке жасырып, жылбырап жылжып ағады. Өйткені жазықта жатқандықтан тау суындай тұнық емес, лайлау келеді. Кей жері иін-иінге бұрылып терең иірім жасап аққанын көресің. Айналасы қаптаған қара шілік, бозғараған. Суында ондатыр көп. Өзен бойын жағалап жүретін үлкен қара жол торабы ғана сақталып қалған. Кеген өзені Көміршіден асқаннан кейін Сарытаудың етегімен, Шөладырды жиектеп Кеген қыстағына, одан соң Қулық тауының Тиектас дейтін жерінде Қарқара өзеніне келіп қосылады. Осы екі судың қоспасынан құралып Шарын аталады. Ал Шарын өзені Ілеге құятыны белгілі. Көмірші аңғарында шипалы су көзі Кетпен тауының шығыс бөлігінде . Бұл өңірде шипалы су көзі барын біреу білсе де, біреу біле бермейді. Оның шипалылығы медицинада зерттелмесе де жергілікті халықтар, басқа да елді мекендерден келген тұрғындар біліп пайдалануда. Болашақта бұл су көзін және батпағын арнайы лабароториядан өткізіп, құрамында қандай заттардың бар екендігін зерттеу болашақ ұрпақтың еншісінде. Табиғат — адам бойына қуат, көңіліне шабыт, шапағат ұялататын сұлулық әлемі.

       Шипалы су көзі «Арасан» бұлағына арналған өлең де көп..

Табиғатқа қояр бүгін сұрақ көп,

Көміршіде сай-салада бұлақ көп.

Соның бірі Арасаным бұлағым,

Сол бұлақта шипасы бар қуат көп.

Қасиетті Арасаным бұлағым,

Көктем, жазда жиі барып тұрамын.

Қарағайлар сән береді сәніне,

Айналасы жайқалған көк құрағы.

Зерттейін деп суын алып сынадым,

Таңғалдырды тотияын бар құрамы.

Ел – жұрт барып батпағымен емделсе

Төбесінде қалықтайды қыраны.

Табиғаттың тылсым үні тамаша,

Су ағады тасты жарып қарасаң.

Кереметін көре қалса жас-кәрі

Шаттанады, қуанады балаша.

Суын ішсең бойға қуат тарайды-ау

Батпағымен жазылады жаралар.

Көктем, жазда көп туристер келеді.

Шетелдерден, ауылдардан, қаладан.

Мөлдір суын алақанға тосамын,

Туған жерге үлесімді қосамын.

Көмірші ауылы туралы сол жерде туып өскен, ақын Тауфих Жексенбиев, Мұса Өтегенұлы, Бексұлтан Көлбаев, Марат Кузембаев та өз жырларын арнаған. Осы ауылда туып, өмірінің көбін бала тәрбиесіне арнаған қарт ұстаз Марат Кузембаев «Көміршім» деген өлеңінде былай жырлайды:

Көмірші, Кетпен тауы, белестерім,

Алыста жүрсем көзге елестедің.

Сағынып асығамын өзің жаққа,

Сен менің туған жерім емес пе едің?

Көмірші туған жер тұғырым,

Сенде өскен ұлыңның бірімін.

Аяла, әлдилеп тербетші,

Сағынып жеткенде құлының.

Иінсаз, Қараешкімен Арасаным,

Өтті ғой сенде балғын, бала шағым.

Ақтастың басында бұлт мұнарланып,

Кегенім, Қара суым, Аралым бар,

Жарқырап жататұғын таң алдында.

Көз тартар бозқараған, тал мен қайың,

Ерекше таудан соққан самалың да.

       Адам баласы-шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер — әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Ендігі тоқталатыным Кетпен тауының оңтүстігінде орналасқан Қызылтөбе. Бұл төбе кәдімгі Египет пирамидасына ұқсайды. Өзі оқшау тұрған бір төбе.

Қызыл төбе көрікті,

Биік таудан бөлек тұр.

Талай адам көріпті

Қасиеті ерек бір.

Үш бұрышы үш қырлы.

Пирамида секілді.

Төбедегі үшкірі

Жас баланың кейіпі.

Өмір сүрген құмды үйіп,

Үлкен кеннің орны ма?

Үйлері бар тым биік,

Үлкен қала болды ма?

Сыр жасырып жан-жағы

Тұрар солай үндемей,

Оранып ап жан-жағын,

Үлде менен бүлдеге.

Құпиялы бір биік,

Таң қаламыз қарасақ

Белгісіндей тұр биік.

Табиғатың тамаша.

      Қазақстан жерінің көлемі ұлан байтақ болғандықтан оның табиғат жағдайлары да әр түрлі. Республикамыздың табиғат байлықтары қорын зерттеп оларды ұтымды пайдалану керек. Қазақстанның табиғатын зетттеп қана қоймай географиялық идеялардың даму мәселелеріне айналадағы ортаға тигізетін әсері жөнінде және бүгінгі күнде шешімі табылмай отырған экологиялық проблемалар жеткілікті. Ел мен жер егіз ұғым. Қазақстан Республикасының ата заңының 6-бабында былай деп көрсетілген: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Экология туралы әсіресе Қазақстанның қазіргі жағдайы туралы сөз қозғағанда бүгінгі жұмыр жерді мекендеген адамзат баласының ортақ қайғысына айналып отырған Арал трагедиясынан аттап өтуге болмайды. Маңайында ормандары құрып, жайылымдары тозып, оларды мекендейтін аң-құстары азайып бара жатқан Балқаш көлінің де жағдайы алаңдатарлық. Құранның Бақара сүресінің 2-аятында «Алла сендерге жерді төсек, аспанды пана етіп жаратты. Көктен жаңбыр жаудырып, ризық болу үшін миуалы өнім шығарды.Соны біле тұра Алланың теңдесі жоқтығына шақ келтірмеңдер» делінген. Жетісу өңірінде жерге деген жағдайдың өзгеше екендігі белгілі. Жер ұйығы Жетісуды мекендегендерге «Бай қасына көшіп бар,байымасаң маған кел. Құл басына көшіп бар, қуылмасаң маған кел» деген даналық сөзі ойымызға оралады.

       Қорыта айтқанда, «Әркімнің туған жері– Мысыр шаһары» демекші, туған жердің тауы мен тасы, өзені мен көлі, жотасы мен қырқасы, ондағы байлықтар біз үшін өте құнды. Сондықтан туған жерді сүйіп өту — біздің қасиетті борышымыз. Табиғаты аса көркем осы менің туған өлкем – Көмірші.

Нурсалқан АБДИЛЬДАЕВ,

педагог — ұйымдастырушы географ,

Көмірші ауылы.

Соңғы жаңалықтар

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ БІРГЕ ҚОРҒАЙЫҚ!

Табиғатты қорғау - адамзаттың басты міндеттерінің бірі. Табиғатты қорғау дегеніміз - табиғаттың әр бөлшегіне жанашырлықпен қарау, оның ресурстарын тиімді...

Осыған ұқсас мақалалар