12.1 C
Нарынкол
Пятница, 19 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

КӨПТЕН КҮТКЕН ИГІЛІККЕ НЕГІЗ БАР

       Батыр бабамыз Райымбектің атындағы ауданның қайта қалпына келіп, түлей бастағанына алдағы сәуір айында 5 жыл толады. Кішкентай құлынның сүндеттелер шағындай шағын ғана уақыттың өңірге бергені мол. Тигізген шапағаты жетерлік. Кемел келешегіне қаланған негіздер қуантарлық. Бір ғана мысал, бес жыл бұрынғы Нарынқол ауылын қазіргі жылы мекенмен салыстыруға келмейді. Өңір түледі, өркендеп келеді. Бұл игілік ауылдарға да тән. Былтырғы жылдың күз айынан бастап ауданның тізгін-шылбыры Нарынқол ауылының түлегі, Хантәңірі баурайынан түлеген айтулы перзенті Дүйсенбаев Берік Фатықұлының сенімді қолында. Өңір басшысымен жұмысын қолына алып, еңбек етіп келе жатқанына жарты жылға таяған шақта бір емен-жарқын әңімелесіп алуды жөн көрдік.

       Берік Фатықұлы, міне, туған елжеріңізге аудан әкімі болып тағайындалып, еңбектеніп келе жатқаныңызға жарты жылға таяу уақыт болып қалыпты. Уақыт шіркін де тоқтау бар ма?! Туған өлкеңізге деген көзқарасыңыз қандай?

        Әрине, адам баласы үшін туған жерінен артық, туған ауылынан ыстық ештеңе жоқ. Туған елі-жеріңнен артық жердің жәннаты жоқ десем, жаңылмаймын. Қайда жүрсем де көкке шаншылған Хантәңірі, осынау Нарынқолым,  анау Ақбұлақ, арынды Байынқол өзені, жағасындағы ну орман-тоғай көз алдымда, көкейімде, жүрегімде тұрады. Ешқашан ұмытып кеткен кезім болған емес. Маған жарық дүниені сыйлаған анам мен әкем осы Нарынқолда тұрып жатыр. Шалғайда жүрсем де аттың басын бұрып тұратын кезім аз болған жоқ. Әйтеуір, бір құдыретті күш осынау асқақ таулары, кереметтей табиғат әлемі көрік берген туған жеріме қарай тартады да тұрады. Өзіңіз айтқандай, Алланың қалауымен туған ауданыма әкім болып тағайындалып жұмыс жасап жатқаныма біраз уақыт болып қалыпты. Шын мәнінде мен үшін күтпеген үлкен қуаныш болды. Мойнымда үлкен салмақтың барын білем, үлкен жауапкершіліктің барын да сезініп жүрмін. Мен үшін ел сенімін ақтаудан асқан мәртебе жоқ. Елім-жерім үшін бар күш-жігерімді жұмсап жұмыс істесем деген ойым бар. Өйткені, туған жер оттан да ыстық. Осынау киелі, қастерлі топыраққа кіндік қанымыз тамды. Алты айда атқарылған жұмыстар баршылық. Менің алдымда қызмет еткен әріптестерімнің де үлкен еңбектері бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Қазір республикалық бағыныстағы мекемелердің, ауданға қарасты барлық мекеме-ұйымдардың толыққанды жұмыс істеуге бар мүмкіндігі бар. Көптеген әкімшілік ғимараттар тұрғызылды немесе бұрынғы ескі ғимарттар күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи қалыпқа келіп, адам танымастай өзгерді. Жүзден асып кеткен тұрғын үйлер өзінше бір ауылды құрады. Бұрынғы әріптестерім бастаған істі одан әрі жалғастыра беретін боламын.

       Осынау бәрімізге де ыстық Нарынқол ауылының құшағында өткен балалық шағыңыздан ұмытылмастай есте қалып, жүректе жатталып қалған дүниелер бар ма?

       — Жарық дүниеге Баққожа Мұқайдай қаламгерді, Әділ Ахметовтей академикті берген қасиетті Нарынқол ауылында дүниеге келгеніме қуанамын. Жылы мекендегі Тельман Жанұзақов атындағы орта мектепте оқып, білім алдым. Рас, сүйікті анам менің өнер жағына барғанымды қалады. Өйткені, алдымдағы ағам спортпен айналысып жүрген еді. Домбыра үйірмесіне қатыстырды. Бірақ, менің жан-дүнием спортты, оның ішінде еркін күресті қалаған еді. Домбыра үйірмесіне бара жатып жолда күрес залы бар болатын соған еріксіз бұрылып кететінмін. Әйтеуір бір күш соған тартатын да тұратын. Барып, домбыраны қойып қойып, терезеден жаттығып жатқан балаларға қызыға қарап тұратынмын. Бұл күнде қайталанатын. Үйге домбыра үйірмесіне барып келдім деп қоятын едім. Сосын ата-анам да түсініп, таңдаған жолыма қарсы тұрмады. Осылайша мен спортқа бардым. Еркін күреспен айналыстым. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бекболат Бірбаев ағамыздың қол астында шәкірті болдым.

        Нәтижелер болды ма?

         Әрине, болды.  Мен Нарынқол аудандық балалар мен жас өспірімдер спорт мектебінің болашағынан үлкен үміт күткізген шәкірттерінің бірі болғанымыды орнымен айтып жүремін. Еркін күрестен облыстың чемпионы болдым. Қазақстан Республикасының чемпионы атандым. Бірсыпыра халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Сол кездегі балалық шағымызды ойласам, бізде көп артық уақыт, бос жүріс-тұрыс болмапты. Түске дейін үйдің ауласындағы, қора маңындағы жұмыстарды атқарамыз. Түстен кейін сабаққа барамыз. Кешкісін спорт залында қауышып, жаттығу жасаймыз. Бірақ, сол белгіленген уақытпен жүріп-тұрудың, еңбек етудің, ата-анаға мейлінше көмектесудің пайдасы болмаса, зияны тиген жоқ. Институтта жүрген кезде де, еңбекке араласқан сәттерде де, мектеп директоры, ауыл әкімі, Қонаев қаласы әкімдігінің аппарат басшысы, қала әкімінің орынбасары болған кезде де сол тәртіппен жүріп тұру дағдыға айналып кетті.

       — Берік Фатықұлы, рас Сізде көп бос уақыт бола бермейді. Дегенмен, бола қалса айналысатын сүйікті ісіңіз қандай?

       Сүйікті ісіміз бар. Кішкене бос уақыт болса, сол кішкентай кезімізден қанымызға сіңіп кеткен спортпен айналысуға, денсаулығымызды жақсартуға тырысамыз. Баяғы заман емес. Қазір жағдай жақсарып келеді. Ауданымыздың орталығында заманауи спорттық-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Онда спорттың барлық түрімен айналысуға мол мүмкіндік бар. Сүмбе, Қызылшекара секілді ауылдарымыздан еңселі спорт кешендері тұрғызылды. Пайдалануға берілетін күні алыс емес. Мұндай игілік барлық іргелі ауылдарда болады. Сол бос уақытым бола қалса, кешкілік мезгілде спорттық-сауықтыру кешеніне барып, сүйікті дүниелеріммен айналысып қайтамын. Денсаулығымызды нығайтамыз. Бұл әр адамға керек деп ойлаймын. Жалпы, спортты серік етіп келе жатқаныма қуанамын.

       — Аудан әкімі болып тағайындалғаннан кейін жұмысты неден бастадыңыз?

       — Енді әкім болып тағайындалғанан кейін тәртіп мәселесін алдыңғы орынға қойдым. Өйткені, «Тәртіпке бағынған құл болмайды»,-деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіп, орынды талап болмаған жерде жұмыс жүрмейді. Тәртіп болған жерде бәрі болады. Әріптестеріме, бөлім, мекеме, сала басшыларына талап қоям, тапсырма берем, жұмыстың нәтижелі болғанын қалаймын. Рас, нәтиже шығатын немесе шықпайтын тұстары да болады. Неге бұлай болды деп нәтиже шығару үшін жұмыс істейміз. Аяғына жеткіземіз. Қалай дегенмен де алға қойған мақсатымызға жетуге тырысамыз. Күш саламыз. Туған ауданым болғанан кейін ұшқыр уақыт, өскелең заман талабына сай өсіп-өркендеуіне негіз қалағым келеді. Сол үшін де әріптестерімнен жұмысты, онда да нәтижелі жұмысты талап етем.

       — Өткен жылдың жақсы нәтижелерін қысқаша ғана түйіндеп айтып берсеңіз?

       — Былтырғы жылдан бастап «Қонаев и Компания» атты серіктестік Үш Қақпақ өңіріндегі Сулы шатқалдан қуаттылығы 2,2 МВт болатын су электр станциясының құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Qarasaz Food» ЖШС-і Қарасаз ауылының кіреберісіндегі көшеден сүт өңдейтін әрі қабылдайтын зауыт салып, іске қосты. Соңғы жылдар аумағында ауданымызда іріқара 71648 басқа, қой-ешкі 323194 басқа, жылқы 43509 басқа жетті. Асыл тұқымды бұқаларды жергілікті 4 мың бас іріқара малдарымен асылдандыру жұмыстары жүргізіліп, үлесі 37,8 пайызды құрады. Бұл жаман көрсеткіш емес. Өткен жылы аудандық мұрағат, Нарынқол ауылдық әкімдігінің жаңа кеңсе ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Биыл Жамбыл, Сүмбе ауылдарынан тұрғызылған заманауи мәдениет үйлері ел игілігіне айналатын болады. Өңірдегі Қарасаз, Шәлкөде, Жаңа Текес ауылдарындағы ауыз су жүйелері қалыпқа келтірілді. Былтырғы жылдан бастап күн сайын 250 адам қабылдайтын 4 қабатты емхананың құрылыс жұмыстары басталып, жүргізіліп келеді. Бұл да ауданның денсаулық сақтау саласын дамытудағы игілікті дүние болып отыр. Оның сыртында аудандық аурухананың 3 қабатты ғимараты күрделі жөндеуден өткізілетін болады.

         — Берік Фатықұлы, биылғы жылға жоспарлап отырған немесе қолға алып жатқан шаруаларыңыз қандай?

         — Біздің басты мақсатымыз – аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, тұрмыс-тіршілігін жақсарту. Сол үшін қазір өңірдегі әр саланы ауылшаруашылығы, білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласы, оның сыртында экономикамыз бар дегендей соның бәрін дамыту үшін жүйелі, нақты іс-шаралар қабылданып, жоспарлар жасалуда. Соның бірі – туризм саласы. Бізде мынандай бар, мынандай бар, табиғатымыз, емдік қасиеті бар орындарымыз бар деп мақтанып айтамыз. Қарап тұрсаңыз, басқа жақта дәл осы туризм жақсы дамып келе жатыр. Ал, бізде шын мәнінде бұл салада мақтанып айтатындай ілгерілеушілік жоқ. Ауданның кіре берісінен бастап туристерге, қонақтарға көрсететін, демалдыратын өңірлеріміз жеткілікті. Солардың барлығының карталарын жасатып жатырмыз. Оның сыртында туризмді дамытудың тұжырымдамасын жасатып, облыстағы, республикадағы осыған қарасты басқармалармен бірлесе жұмыстар жүргізуді жөн көріп отырмыз. Аудан халқының ырысы мен берекесін құрайтын басты өнімдердің бірі – картоп өсіру болып табылады. Біз осы картоптың берерін, сапасын арттыруымыз қажет. Бұрыннан бар картоп тұқымының берері азайған. Мүмкіндігінше сортты, супер элиталық тұқыммен жұмыс жасаумыз керек. Былтыр 5500 гектар жерге картоп отырғызылып, әр гектарынан 218-220 центнерден өнім алынды. Біз өнімді одан ары көтеру үшін Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу институтарының мамандарымен бірлесе жұмыстар жүргізсек деп отырмыз. Осы мақсатта аудандағы картоп өсіру бағытындағы сервистік дайындау орталықтарының жетекшілерінің, шаруа қожалықтарының төрағаларының бастарын қосып, үлкен семинар өткіздік. Алматы қаласындағы Ұлттық Аграрлық университетте болып, ғалымдармен, басшылығымен келісімшарт жасап келдім. Университеттің ғалымдары ауданымызға келіп дәл осы картоптың берерін арттыру мақсатында семинар-кеңес өткізсек деп отыр. Оның сыртында биыл ауданымыздан омарташылар кооперативін ашып отырмыз. Өйткені, жылда Өскемен, Семей секілді қалалардан, республикамыздың түкпір-түкпірінен омарташылар келіп, көктемнен қоңыр күзге дейін бал жинап кетеді. Қазірдің өзінде 28 адам кооперативке мүше болды. Оларға мемлекеттен 180 миилион теңге жеңілдетілген несие алып беріп жатырмыз. Осылайша, өзіміздің тамаша табиғатымыздың аясында өзіміздің Райымбек ауданының бал өнімін шығаруды жөн көрдік. Өйткені, омарташылардың көбі сырттан келеді, өнім басқа жақтың атынан кетеді. Алла қаласа, бұл да жолға қойылып келеді. Қайта құрылып жатқан, мемлекеттік шекара шетіне орналасқан, облыс орталығынан шалғай аудан болғандықтан облысымыздың әкімі жақсы көзқараспен қарап, қолға алған шаруаларымыздың бәріне қолдаушылық көрсетіп келеді. Бұл үшін аудан тұрғындарының атынан үлкен алғысымды айтқым келеді. Біздің қолымызда көп нәрсе жоқ. Соған қарамастан ауданымызда жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауданымыздың халқына керегі жол, ауыз су, жарық мәселелері. Дәл осы жол ауыл мен ауылды, ел мен елді қауыштыратын, табыстыратын күре тамыр саналады. Жолға келетін болсақ, ауданымызда республикалық маңызы бар 66 шақырым жол бар. Нарынқол мен Кегеннің арасындағы осы жолды жөндеу, асфальттау жұмыстары биылғы жылы басталғалы жатыр. Бұл мақсатта бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Осы көктемнен бастап бірінші кезең бойынша Нарынқол ауылынан Текес ауылына дейінгі 15 шақырымы басталады. Одан кейін екінші кезең бойынша Текестен Қайнар ауылына дейінгі жолдар жасалады. Үшінші кезеңмен Қайнар ауылынан Кеген ауданына кіреберіс жердегі Марусияның асуына дейін асфальтталатын болады. Әрине, бұл сонау Тәуелсіздігімізді алған 1991 жылдан айтылып, сөз болып, өңір тұрғындарының орынды өкпе, ренішін туғызып келген мәселе болатын. 66 шақырым жол екі жылдың көлемінде толықтай жөндеуден өтеді. Ауданымызда бұдан бөлек 240 шақырым облыстық маңызы бар жол бар. Алла қаласа, сол 240 шақырым жол биылғы жылдың ауқымында 100 пайыз жасалады. Қарасаз, Тұзкөл өңірінде «Байпақ» асуы деген жер бар. Ешқашан онда асфальт жол болмаған. Сол жолды да асфальттауды қолға алдық. Аталған жол Сарыбастаудың күре жолына дейін стандартқа сай жақсы жасалып келеді. Тұзкөл өңірінде де туристік нысандар болады. Сол үшін жолды жақсартуды көздедік. Аудандық маңызы бар 280 шақырым жол бар. Соның 57 пайызы орташа жөндеуден өткізілген, бүгінгі таңда қанағаттанарлық жағдайда. Соның биыл 24 шақырымын жасасақ, 63 пайызға жетеміз. Алла қаласа, бірер жыл ішінде аудан ішіндегі жолдар да қалыпқа келеді. Мұның сыртында халыққа керегі – көгілдір отын. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді 60-70 пайыз дейін көгілдір отынмен қамтамасыз ету тұрғысындағы тапсырмасы бар. Бұл мәселе облыс әкімінің назарында, бақылауында тұр. Шелек – Кеген – Райымбек деп аталатын көгілдір отын құбырының жұмысы да биылғы көктемнен басталатын болады. Шын мәнінде, бұл облыс орталығынан ең шалғай, таулы өңірге қоныстанған аудан тұрғындары үшін асыл арманның біріне айналған дүние-ғой. Сол шындыққа ұласуда. Бұл екі-үш жылға арналған жобалы жұмыс. Көгілдір отын құбыры алдымен Кеген ауылына жеткізіледі, одан соң Нарынқол ауылына келеді. Сосын ауылдардағы тұрғын үйлерге көгілдір отын тартылатын болады. Бұл ауданның дамуына, туризмге де оңды әсерін тигізеді. Біз теңіз деңгейінен 2 мың метрге дейін биіктікте орналасқан жері құнарлы, табиғаты көрсем, шыршасы көркін ашып, аршасы бұрқыраған әдемі өлкемізде қысы-жазы туризмді дамытсақ, өңір өркендей түсетін болады.

        Берік Фатықұлы, бүгінгі ортақ әңгімемізді немен түйіндер едіңіз?

       Сізбен наурыз айындағы көгілдір көктемнің лебін ала келген айтулы мерекелер қарсаңында жолығып отырмыз. Адамзаттың жаратушысы, тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі саналатын аналар мейрамы жердің тоңын жібітіп, сай-саланы сан бұлаққа толтырып, жанымызға шуағын ала келгендей. Асыл аналарымыз аман болсын! Алдымызда төл жаңа жылымыз жақындап келеді. Қоян жылының баршамызға берері, ұсынары, сыйлары көп болсын демекпін! Ел-жұртымыз аман, заманымыз тыныш болсын! Тәуелсіз мемлекетіміз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан көрініп, өсіп-өркендей берсін!

 Сұхбатты жүргізген Қанат БІРЖАНСАЛ,

облыстық «Алатау арайы» газетінің

Райымбек ауданындағы меншікті тілшісі,

Райымбек ауданы.

Соңғы жаңалықтар

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ БІРГЕ ҚОРҒАЙЫҚ!

Табиғатты қорғау - адамзаттың басты міндеттерінің бірі. Табиғатты қорғау дегеніміз - табиғаттың әр бөлшегіне жанашырлықпен қарау, оның ресурстарын тиімді...

Осыған ұқсас мақалалар