КӨП ТІЛЕУІ КӨЗАЙЫМҒА АЙНАЛДЫ

       Қуаныш қуанышқа жалғасып, сәтімен басталған тағы бір сауапты іс сәтімен аяқталды. Сөйтіп, жақсылықты жандарына жалау еткен ауыл тұрғындарының көзайымына айналып, мерейін тасытты. Атап айтқанда аудан орталығындағы Алла үйінің жанынан ірге көтерген қатымхана құрылысы аяқталып, көпшілікке есігін айқара ашты.

       Осыдан үш жыл бұрын дәл осы жаз айында ауылдың үлкен-кішісі, ауылдан жырақ жүрсе де туған жерлеріне бір бүйірлері қашанда бұрып тұратын азаматтар Әбдіғали Жетенұлы мешітінде бас қосқаны бар. Құлшылық жасау үшін ғана емес, көптің көкейінде жүрген өзекті бір мәселенің оңтайлы шешілу жолын қарастыру үшін. Ауылда әруақтарды бір уақыт еске алып, ас- су беретін арнайы орын жоқтығы біраз қиындық тудырып келгені анық. Сабақты ине сәтімен болып, бастамашыл топ алдарына қойған мақсаттарына сол күннен-ақ кірісіп кеткен еді. Көптің тілеуі қолдау тапты. 2017 жылдың шілде айында басталған қатымхана құрылысына Нарынқол ауылының азаматтары, ауыл халқы бір-жағадан бас, бір жеңінен қол шығара атсалысты. Сондай-ақ,әр жылғы мектеп түлектері де игілікті істен шет қалмағанын қалай айтса да жарасады.

        Жуырда аталған қатымханада ауыл тұрғындары, осынау жұмысқа білек сыбана атаслысқан азаматтар бас қосып, қасиетті орынның ашылуын қуаныш етісті. Алғаш сөз тізгінін ұстаған аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов сөз алып, ізгі тілегін білдірді. Осынау жұмыстың ұдайы басы-қасынан табылған, сөз көмегін де, бөз көмегін де аямаған бір топ азаматқа аудан әкімінің «Алғыс хатын» зор құрметпен табыстады. Сондай-ақ, көңілді көкке көтеріп, жан-жүректі тербететін сауабы көлкөсір болатын шарада аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Бірбаев пен аудандық аналар кеңесінің төрайымы Б.Омарова сөз алып, ел игілігіне пайдалануға берілген аталмыш нысанның басы-қасында болған алыс-жақында жүрген атымтай-жомарт жандар мен ауыл азаматтарына зор алғыстарын жаудырды.

        Бір мезгілде 320 адамды қабылдай алатын қатымхананың құрылысына 36 млн теңге қаражат жұмсалды. Мол сауапқа кенелтетін нысанның ашылуында бұл жалғаннан мәңгі өмірге аттанған бауырларымыз бен ата-бабаларымызға құран бағышталып, үлкен ас берілді. Ырыстан ынтымақ озады демекші, бұдан кейін де жарасып, ырысымыз ортаймасын.

 Елдос АХМЕТЖАН,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password