КӨМІРШІНІҢ ЖОЛЫ ЖАСАЛУДА

    Ауданымыздың Сарыжаз ауылдық округіне қарайтын Көмірші атты шағын ауыл бар. Төрт түлік малымен жандарын бағып, түтінін түткен мекен. Округ орталығы Сарыжаз ауылынан Көмірші ауылына дейінгі жол толыққанды жасалып бітпей, ұзақ жылдардан ел мен жұрттың орынды өкпе, ренішін туғызып жүрген. Көпті толғантып жүрген түйінді жай биыл шешімін тапты. Атап айтқанда, Сарыжаз ауылы мен Көмірші ауылдарының арасындағы облыстық маңызы бар 20 шақырым жол жасалып, асфальтталып, ауыл тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді.
Біз Көмірші ауылынан басталған жолдың Сарыжаз ауылындағы орталық көшеге түйіскен тұсында жүргізіліп жатқан асфальттау жұмыстарына куә болдық. Негізгі жұмыстар сәтімен сапалы аяқталыпты.
— Жұмысты мамыр айында бастаған болатынбыз. Жолды асфальттау жұмыстары аяқталғанымен әлі де болса бітіретін шаруаларымыз аз емес. Алдағы қазан айына дейін толығымен бітіріп шығатын боламыз,-дейді «Әбілбек АИ» компаниясының учаске басшысы Абзал Әмірқұлов.
Жолды жөндеу, ретке келтіру жұмыстарымен 14 адам айналысуда. Игілікті шаруаға оннан аса жол жасайтын қажетті ауыр техникалар, жүк көліктері жұмылдырылған.
— Ауылымызға дейінгі жолды жасатуға негіз қалаған аудан басшыларына, жолды жасап жатқан азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Күпті көңіліміз орнына түсті,-дейді Көмірші ауылының тұрғыны Бақытжан Нұрмұханбетов. Бәрекелді! Шын мәнінде, шаруашылықтар тұсында бір жасалған жол жаңа ғасырда бір жаңарып, асфальтталып, ретке келді. Бұған елмен бірге бәріміз де қуанып қалдық.
Қ.САТЫБАЛДЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password