КӨМБЕ ҚАРЫН
…Қарт аңшы әңгімесін айта жүріп қанжығаға байланған бүгінгі олжасын жерге түсірді. Аттарын әудем жерге жетектей апарып, аяқтарына шідерлі тұсауын салды.
– Біраз от шалып алсын жануарлар. Бүгін осында түнейміз. Мына жерді ошақ орнындай етіп тізеден асыра қаз. Сосын сексеуілден отын дайында. Тік ошақты қыздырамыз, – деді аңшы.
– Көке, ошақ болғанымен бізде қазан жоқ, аңның етін қалай пісіреміз?
– Асықпа, – деді аңшы. – Әзірге жерді қаза бер. Қалғанын істің барысына қарай көре берерсің.
Қарт аңшы бәрін білгісі, үйренгісі келіп құлшынып тұратын осы бір балаң жігітті жақсы көретін. Қасынан тастамай ертіп жүретіні содан. Талай жылдық аңшылық кәсібін де осы балаға мұра етіп қалдырғысы келген. Көнеден келе жатқан қазақтың етті көміп пісіру әдісін де ел ұмытпаса екен дейді.
Аңшы терісі сыпырылған аңның етін түгелдей жіліктеп, асықпай мүшеледі. Етті терінің үстіне ауната тұздап, мойын етті бөлектеп бір қойды. Енді балаға шегенді құдықтан су алдырып қарынның ішін сыртына айналдырып жақсылап жуды. Дайын болған қарынға мүшеленген етті жайғастырып сала бастады. Аңның етін қарынға түгелдей сыйғызып жіберді. Өкпе, бауыр, мойын етті қарынға қоспады.
Енді бала қазған ошаққа жақындап барып: «Әлі де отты жаға түс»,– деп тапсырды. – Ошақтың ыстық болғаны жақсы.
Сәлден соң жалыны басылған ошақтан бықсыған шалаларын теріп алып тастады. Қып-қызыл болып жайнап жатқан сексеуілдің шоғының бетін құрғақ топырақпен жұқалап жапты. Бұл – шоқтың қарынға тікелей тимеуі үшін қажет. Енді, аузы бүріліп бекітілген қарынды тік ошаққа түсіріп жайғастырды. Нар қамыстан қиып әкеліп қарынға түтікше жасады. Оны ошақтан екі адымдай қашықтықта басын шығарып, от тиер тұстарын көміп қойды. Түтіктен еттің буы шығып тұрады.
Қарын салынған ошақтың бетін де топырақпен жапты. Содан бала жинаған отынды үстіне мол етіп үйіп, алау жақты.
– Бұл от кемінде төрт-бес сағат жануы керек. Ал, біз асықпай қас қарая келеміз. Оған дейін ет те піседі, – деді аңшы.
– Көке, бұрын соңды мен көрмеген бұл тағамды қалай атайды?
– «Көмбе қарын». Бүгінгі дайындаған кешкі асымыз солай аталады. Бұл бір еліміз көшпенді замандардан келе жатқан етті көміп пісіру әдісі. Ел көшкенде бір күншілік артта қалған көштің соңғы легіне етті осылай дайындап қалдыратын болған. Артта қалған көш дайын етпен әлденіп аялдамай жүре береді. Ұлы дала жұртының осылай ұмытылуға айналған көне кәсібінің тағы бірі — қақпаншылық. Оны да айтайын. Жадыңа жаттап, санаңа құйып ал, балам.
– Қақпанның астыңғы дөңгелек темірін «төсегі» деп атайды. Оған бекітілген екі жарты шеңберді «қандауыз» дейміз. Ал, жанындағы иілгіш темір «серпер». Негізгі күш осы серперде болады. Тиек ағытылғанда жылдам серпіліп әрі қандыауызды аштырмай ұстап тұратын да – осы. Қақпанның тиегі ағаштан, түңлік жаппасы құрым киізден жасалады. Аю, бұғы секілді ірі аңдарға құрылатын қақпанның қандыауызы ара тісті, әрі қос серперлі болады. Қақпанның арқар қақпан, киік қақпан, қасқыр қақпан, түлкі, қоян қақпан деген түрлері де бар.
Бүгінде қақпаншылар да азайып кетті ғой. Баяғыда небір қандауыз қара қақпандарды көруші едік. Серперінің қаттылығы сондай, екі кісі әзер деп басатын қақпандар болатын. Ондай қақпандар шапқанда жерден бір метрге дейін көтеріле қабады. Қандай жылдам аң болсын құтқармайтын нағыз қандауыз қара қақпандар ғой. Қақпанды қазақ қадірлеп жеті қазынаның біріне жатқызған. Өмір сүру үшін таптырмас аңшылық құрал ретінде пайдаланған. Сол қақпандар бүгінде тіпті ұмытылуға айналды. Осы бір көнеден келе жатқан ұлттық өнер, киелі кәсіп қақпаншылық ел жадынан өшпесе екен. Ұзақ ғасырлар бойы жалғасын тауып, ата-бабамыздан бізге жеткен асыл мұра енді болашақ ұрпақ, сендерге аманат!
Аңшылар айналып келгенде ымырт үйіріліп қалған еді. Екеуі шоғы басылып ыстық күлі ғана қалған тік ошақты ашуға кірісті. Аңшылық өмірдің бәрі қызық көрінетін балаң жігіттің көмбе қарынды көргенше тағаты таусылып барады. Қарт аңшы асықпай ошақтың бетін кең етіп ашты. Қарынның бетін былғамай мұқият тазалап, кішкене бәкісімен тіліп жібергенде өз буына піскен аңның жас етінің иісі бұрқ ете қалды. Былбыраған жас еттің иісіне еріксіз жұтынған қос аңшы бір-біріне риза кейіппен қарасып қойды…….
Айдар Темірбекұлы ТОЙКЕНОВ,
«Ұлыма хат» кітабынан.
0 Пікір