КӨҢІЛІМІЗДЕН  ШЫҚТЫ

    Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызға арнап «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауын арнады. Жолдаумен бастан-аяқ танысып шықтым. Бұл жолғы Жолдау – Тәуелсіз Отанымыздың басты байлығы – адамдардың жағдайын, толғандырар мәселелерін қозғаумен құнды десем, артық айтпаймын. Мемлекет басшысының азық-түлік бағасының орынсыз қымбаттауы, жайылымдық жерлердің қажеттілігі туралы айтқандарының барлығы орынды. «Биылғы қаңтар айынан бастап педогогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар өз жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз», — деді маңызды құжатында мемлекет басшысы. Мұның бәрі ұстаздар қауымын үлкен қуанышқа бөлеп отыр.  Жолдауда дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажеттілігі де айтылды. Оларға алдағы уақытта жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар берілмек, бір реттік сыйақы төленеді. Бұл да жақсы дүние. Мемлекет басшысы балаларды ерте бастан мамандыққа бейімдеудің айрықша маңызы барын алға тартты. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Жолдауда тағы бір қуандыратын мәселе көтерілді. Атап айтқанда, ел Президенті «Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек. Мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі армияда берілуге тиіс», — деп көпшілікті толғандырып жүрген мәселені оңды шешудің жолын көрсетті.  Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев  маңызды құжатында «Сондықтан, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым»,- деп атап көрсетті. Бұл да қалың көпшілікті қуанышқа бөледі. Мемлекет басшысы ұстаздар, дәрігерлерден бөлек, мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және тағы басқа сала мамандарының жалақысын 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіріп отыруды тапсырды.

     Рас, көзі ашық, көкірегі ояу барлық азаматтар, қалың қауым Президенттің жыл сайынғы кезекті Жолдауын асыға күтіп, одан не жақсылық болар екен деп елеңдеп отырады. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы көңілімізден шықты. Біз, әрдайым туған Тәуелсіз Отанымыздың тұғырының биік, ғұмырының ұзақ болғанын қалаймыз. Тәуелсіз мемлекетімізге тірек болар қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеуге үлесімізді қоссақ, дарынды шәкірттеріміздің талабын ұштап, болашақ бір-бір мамандық иесі болуына жолын ашып жатсақ, бұдан артық еңбек қуанышы, өмір бақыты жоқ.

                              Бахытгүл Раева,

Қарасаз өнер мектебінің директоры,

аудандықмәслихаттың депутаты.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password