Көңілді көкке өрлетті, жан- жүректі тербетті аудандық Мәдениет үйінде өткен Аналар мерекесінен
Жылдағы дәстүр бойынша көгілдір көктеммен жарыса жеткен аналардың мерекесі таулы өлке тұрғындарын биыл да бір желпінтіп тастады. Жанарларға нұр толды, құшақтарға гүл толды. Алтын күннің арайы ақ дидарда тұрақтады. Ақтарылған ақ тілектер қуанышты қуаттады. Көңілді көкке өрлетті, Жан-жүректі тербетті.
Аналар мерекесін қастерлеп аудандық Мәдениет үйіне ауданның әр түкпірінен жиналған қауымның бұл күнгі қуанышында шек болған жоқ. Былтырдан бері жұртшылықты әбігерге салған аты жаман ауру да бетауызды перделегенімен, ақ ниет, ыстық ықыласты тұмылдырықтай алмаған. Жарқын жүз, шадыман шаттық, кіршіксіз пейіл, ақжарма тілектер соны аңғартады.
Аналар құрметіне арналған салтанатты жиын әдеттегісінше көпшіліктің мемлекеттік Әнұранға тік тұрып құрмет көрсетуімен басталды. Алғаш сөз тізгінін ұстаған аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов ай нұрлы аналарға, көктемдей көркем аруларға жүрекжарды ыстық ықыласын былайша жеткізді:
-Құрметті ақ жаулықты аналар! Күннің көзі нұрын ерекше төгіп, табиғат түрленген әдемі шуақты шақта табалдырығымызды аттайтын аналардың мейірімді, мерейлі мерекесі елімізде жыл сайын ерекше аталып өтіледі. Бұл – біздің аналар, арулар қауымына деген ыстық ықыласымыз. Ана – нәзіктік пен мейірімділікті, батырлық пен парасаттылықты бойына жиған ең қастерлі адам. Әйелдер – ошағымыздың ұйытқысы, Отанымыздың сақтаушысы, қасиетті бесіктің иесі. Қай заманда да қилы тарихымызда қазақ қыздары қиындыққа төзіп, қайсарлық танытты. Сол ер мінезді қайсар қыздар – Сіздер деп білеміз. Сіздерге мықты денсаулық, отбасының шаттығын, мол бақыт, толайым табыс тілеймін!
Мереке иелеріне деген ілтипатқа толы лебізін осылайша түйіндеген Нұржан Кеңесұлы бұдан кейін ел Тәуелсіздігінің баянды болуына, әдетғұрып, салт-дәстүрді, тәлім-тәрбиені асқақтатуға, қоғамның гүлденуіне, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жақсаруына, ауданымыздың экономикалық тұрғыдағы дамуына лайықты үлестерін қосып жүрген бір топ аналарды аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады.
Келесі құттықтау сөз кезегін алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев Тәуелсіз еліміздегі әйел-аналардың алатын орны, қадір-қасиеті, отбасындағы рөлі туралы айта отырып, оларға құрметтің қандай түрін көрсетсе де көптік етпейтінін ыстық ықыласымен жеткізді. Дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Мінберден орын алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова мерейлі мереке иелерін ақжарма тілегімен алқады. Аудан көлемінде аналар кеңестерінің атқарып отырған жұмыстарын тілге тиек жасады. Алда тұрған асқаралы міндеттерден құлағдар етті. Алғыс сезімін арнады.
Осы мереке үстінде көпшілік ауыздарынан тастамай айта жүретін тағы бір қуанышты жайттың куәсі болды. Ауданымыздың түлегі, қазіргі таңда Алматы қаласында тұрып жатқан белгілі кәсіпкер Тілек Бауидинұлы Юсуповтың есімі өңір тұрғындарына етене таныс. Кәсібін дөңгелетіп, бүгінгі заман талабына лайықты жауап беруден танбай жүрген аптал азамат өз мекендестеріне дегенде пейілінің кеңдігі мен атымтай жомарттығының шексіздігін сөзімен емес, ісімен дәлелдеп келе жатқанын жалпақ жұрт жақсы біледі. Жылағанды жұбатып, қиналғанға қамқор қолын ұсынуды абзал борыш санайтын меценат жігіттің жаңа еңсесін тіктеп келе жатқан аудан үшін, оның қарапайым халқы үшін жасап жүрген жақсылықтарын санап тауысу мүмкін емес десек, қателеспейміз. Әр ауылдағы қандайда бір жасалынып жатқан шарапатты шаралардың көпшілігінде Тілектің қолтаңбасы бар екенін де мақтанышпен айтады көзі көргендер. Туған жері мен елі дегенде жүрегі елжірейтін, жақсылық жасап, қуаныш сыйлауды дәстүрге айналдырған Тілек биыл да аналар мерекесі күні машақаты көп жұмысын тастай тұрып, асыл жандарды қуантуға асығыпты. Мереке үстінде аналарға деген ақ тілегін ағынан жарыла жеткізді. Әр ауылдан келген аналар кеңесінің басшыларына Алматыдан арқалап әкелген сый- сияпатын үлестірді. Арқаларына шапан жапты.Ізгілікке толы лебізін білдірді.
Өздеріне осындай орны бөлек сый-құрмет көрсеткен Тілекке ақ жаулықты аналар да «сыйға-сый, сыраға бал» дегендей риясыз ризашылық, шексіз алғыстарын арнады. Ақ тілекке толы баталарын берді. Асыл аналарға арналған салтанатты жиын Мәдениет үйі көркемөнерпаздарының күмбірлете төккен күйлері, әуелете салған әсем сазды әуендерімен әспеттелді. Бұл күні көктемдей құлпырып, айналасын жұпар иіске шомылдырған аналардың мерейлі мерекесі көңілдерді көкке өрлетті. Шет-шегі жоқ қуаныш жүректерді тербетті.
Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,
арнаулы тілшіміз.
0 Пікір