КӨҢІЛДЕР КӨККЕ САМҒАДЫ

    Биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жыл басынан бастап аталып келеді. Еш жерде ескерусіз қалған жоқ. Мереке қарсаңында Б. Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына арналған мерекелік шара болып өтті.

    Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Жыл сайын республика азаматтарының арасында мәдениет қайраткерлері, әлеуметтік саладағы ерекше қызметімен көзге түскен мамандар, әскери шенділер мен офицерлер, құқық қорғау саласының қызметкерлері және ел өміріндегі белсенді өзге де сала өкілдері елеулі еңбек еткендері үшін мемлекеттік марапаттармен марапатталады.

    Осынау айтулы шараның басында кеш қонақтарына аудандық кітапхананың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырған кітап көрмесі таныстырылды. Іс-шара аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының сомдауындағы «Тәуелсіздікке тағзым» атты қойылыммен басталды. Сөз тізгінін алған аудан басшысы Құдайбергенов Нұржан Кеңесұлы еліміздің ең ұлық мерекесімен аудан халқын құттықтап, елдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Райымбек ауданының «Құрметті Азаматы» атағын және «Қазақстан Тәуелсіздігіне — 30 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Сондай-ақ, облыс, аудан әкімдігі тарапынан Құрмет грамоталарымен Алғыс хаттармен марапаттады. Осы күні Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» атағын алған Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі Елеусіз Ахметкерімұлы жадынан шыққан Тәуелсіздік жайлы өлеңін оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Жерлесіміз академик Мақсат Қалимолдаев та ауданның Құрметті азаматы атанып, сахна төрінде еліне ақ тілегін арнады. Өз кезегінде сөз тізгінін алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бірбаев Бекболат Ыбрайымұлы мен Тәуелсіздіктің құрдасы Алмат Тұрсынұлы аудан халқына және қонақтарға ақжарма тілектерін білдірді.

    Тарих тұрғысынан алғанда, 30 жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Мереке құтты болсын!

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password